ШЕТЕЛДЕН ШИПА ІЗДЕГЕНДЕР НЕГЕ КӨБЕЙДІ?
Адам ауырса – үміт іздейді, үміттенсе – жол іздейді. Сол жолдың бір ұшы өз топырағынан табылмаса, көз алысқа, көкжиектен әрі асып кететіні бар. Біздің де көп жұрт соңғы жылдары шипаны шетелден іздеп, сауығудың салмағын жат елдің есігіне артатын болғаны рас. Бұл құбылыстың ар жағында не бар? Неге өз жерімізде табылмаған емді алыстан іздейміз? Саралап көрсек.
Айналаға құлақ түрсек, «пәленше Ташкентке барып емделіп келіпті», «түгенше Түркияның дәрігерлеріне қаралып қайтыпты» деген сөзді жиі еститін болғанбыз қазір. Бұған баяғыдай тосырқамаймыз, құлағымыз әлдеқашан үйреніп кеткен. Бесіктегі баладан бел қайыстырған қарияға дейін өз дертінің дауасын өз елінен емес, жат жұрттан іздеп сабылып жүргені – бүгінгі күннің ащы шындығы.
Рас, деніңіз сау болғанда арман да көп, ал ауырған адамның бір ғана арманы бар, ол – аяққа тұру. Иә, бас ауырып, балтыры сыздағандар еміне шипа іздеп, басты байлығының бағасын жете түсінгісі келеді.
Соңғы жылдары отандастардың өзге елдерге барып емделуі бұрынғыдан да жиіледі. Олардың арасында Түркиядан, Оңтүстік Кореядан, Израильден, Германиядан ем іздеушілер саны жыл сайын артуда. Бұл үрдістің артында тек «шетелдікі бәрібір жақсы» деген көзқарас емес, әлдеқайда күрделі себептер жатыр.
Еліміздегі «Аналитик» талдау және сараптау орталығының мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы 18 678 қазақстандық өз қаражатымен шетелде ем алған. Арада екі жыл өткенде бұл көрсеткіш үш есеге өскен. Мамандардың айтуынша, емделуге барған азаматтарымыз жылына шетелде 200 млн долларға жуық қаражат жұмсайды екен.
Шипа тек шетелде ме?
Ат артып, жол қамын жасап, қалтасындағы қаржысын сарқып болса да, қашықтағы емханаларға бет бұрған жұрттың жайы – жай ғана сән қуушылық емес, амалсыздықтың, сенім іздеудің, жанұшыра қадам жасаудың белгісі. Мұндай қадамға бірі – өзінің ұзақ жылдар бойы табылмаған диагнозын анықтау үшін, бірі – емі күрделі дерттен үміт іздеп, енді бірі – «шетелдің дәрігерлері мұқият қарайды» деген сенімнің жетегімен шекара асады. Қанша жерден дамыдық, медицина жайлы жақсы жаңалық көбейіп келеді десек те, көпшілік көңілінде «сырт жақта ем жақсы» деген түсінік әлі де басым.
Ауылдағы ағайыннан бастап қаладағы қарапайым еңбек адамына дейін «осы жолы шипасын тауып қалар» деген үмітпен барын салып, кейде тіпті қарызға батып, алыстағы елдерді аралап кетеді. Бір елден ойдағыдай нәтиже болмағанда, келесі елден емін іздейді. Сырқат меңдеген адамның сағына сызат түсіретін де – осы белгісіздік, алыс жолдың азабы, өз еліңнен ем таппау сезімі.
Бір кездері ертегі секілді көрінетін шетелдегі емханалар бүгінде талай қазақстандықтың тағдыр жолына айналды. Әр кеткен адамның артында үміт, күдік, қаржылық ауыртпалық пен жүрек түкпіріндегі «осы жолы жазылып келсем екен» деген тілек тұрады. Сол себепті де жат елдің қақпасын қағып, дәрігерін жағалаған жұрттың қарасы азаяр емес.
Кейде адам ауруды емес, сенімсіздікті жеңе алмайды.
Шетелдегі дәрігер сіздің тіліңізді білмесе де, сіз оған сенесіз. Себебі оның қолында – заманауи әдіс, тәжірибесі мол команда, сапалы диагностика бар.
Тәуекелдің төресі
Ең алдымен, шетелге сапар – үміттің ең соңғы тұсы. Аурудың аты ауру, ол адамға әлсіздік әкелгенімен, жүрегіне күресу отын да жағып кетеді. Сол оттың жетегінде кейбірі мұхит асып, кейбірі Еуропаның еміне қол созады. Өйткені алыстағы ақ халаттылардың білімі терең, құрал-жабдығы жаңа, тәжірибесі мол деген сенім қалыптасқан. Шындығында, өз тағдырыңды танымайтын докторға тапсыру да – тәуекелдің төресі.
Бірақ бұл құбылыстың екінші бір қыры – өз еліндегі емге деген сенімнің әлсіреуі. Кейде дәрігердің жылы сөзі жетпей жатады. Кейде емхананың есігіне сыймай кеткен кезек жаныңды қажытады. Ал сенімсіз көңілге ем де дарымайтыны белгілі. «Үйдегі дәрігер де – дәрігер, бірақ сырттағысы – білгір» деп ойлайтындардың көбеюі өзіміздің медицинаның жай-күйіне көңіл бөлудің қажеттігін айғақтайды.
Шетелге шипа іздеп шығудың тағы бір себебі – адамдардың өз өміріне жан дүниесімен жауапты қарай бастауы. Бүгінде жұрт ақпаратты өзі іздейді, салыстырады, зерттейді, ең үздік әдісті таңдауға тырысады. Бұл да адамның тұлғалық дамуының көрінісі. Алайда «ең мықтысы – алыста» деген ойдың бәрі дұрыс емес. Кейде іздеген шипа дәл қасыңызда жатып, біз соны байқамай қалатынымыз тағы бар.
Дегенмен, сауығудың жолы – бір ғана елдің немесе бір ғана емхананың еншісіндегі дүние емес. Шипа – қайда да шипа. Бірақ оны табудың ең бірінші шарты – өзіңе сену, сенім артар ортаңның мықтылығына күмәнданбау. Себебі адам баласы емді емес, алдымен үмітті іздейді. Ал үміт өз еліңнен табылса – өзгеге жолаудың да қажеті болмайды.
Отандық медицинада оң серпін бар
Отандық медицинаны дамыту жолында соңғы жылдары бірқатар ауқымды да стратегиялық бағдарламалар қабылданып, олардың аясында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қазіргі Қазақстан медицинасының қарқыны мен сапасы мүлде жаңа деңгейге көтерілгенін анық байқауға болады. Мемлекет тарапынан жасалған жүйелі қолдау, сала мамандарының кәсіби ізденісі және заманауи технологиялардың енгізілуі ортақ нәтижені айқын көрсетіп отыр.
Әсіресе Астана қаласында ашылған республикалық диагностикалық орталық, ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығы, нейрохирургия орталығы, балалар оңалту орталығы, онкология орталығы сынды еліміздің беткеұстар медициналық мекемелері – денсаулық сақтау саласының жаңа дәуірге аяқ басқанын білдіреді. Бұл нысандар тек заманауи медициналық құралжабдықтармен қамтамасыз етіліп қана қоймай, күрделі операция жасайтын, жаңа әдістемелерді енгізетін ғылыми және практикалық орталықтарға айналды.
Сонымен қатар отандық дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар да сала дамуына тың серпін берді. Шетелдің жетекші клиникаларында тәжірибе жинап, әлемнің ең озық технологиялары мен емдеу тәсілдерін меңгерген мамандар бүгінде сол білімдері мен тәжірибелерін ел ішінде қолданып, медицинаның жаңа бағыттарын қалыптастыруда. Қазіргі таңда отандық медицина халықаралық талаптарға сай келіп, күрделі ауруларды анықтау мен емдеудің жоғары деңгейіне көтерілді.
Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді тізбектей берсек, еліміздің ешбір дамыған мемлекеттен кем түспейтінін, керісінше бәсекеге қабілетті, заманауи, жаңашыл медициналық жүйе қалыптастырып келе жатқанын сеніммен айтуға болады. Бұл – мемлекет қолдауының, мықты мамандардың және жаңа технологиялардың үйлесім тапқан нәтижесі.
Елде медициналық туризм дамып келеді
Ішкі медициналық туризмнен бөлек, ем алу үшін Қазақстан астанасын арнайы бетке алатын шетелдіктер қатары да артып келеді. Жақында ғана елордадағы ауруханада канадалық пациентке ота жасалды.
Соңғы жылдары медициналық туризм бағыты жаһандық трендке айнала бастады. Бұл ретте Astana Health – Point of Central Asia бренді қалыптасып келеді. Астана халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастық орнатқан. 49 клиника Грузия, Әзербайжан, Беларусь, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Иран, Түркия, Қытай және Израиль сияқты елдердің 10 одағымен әріптестік қатынасы бар қазақстандық медициналық туризм қауымдастығына кірді.
Елордада заманауи медициналық технологияларды қолданатын және әлемдік стандарттар деңгейінде емдеуді ұсынатын жетекші клиникалар жұмыс істейді. Клиникаларда соңғы техникамен жабдықталған заманауи палаталар қарастырылған. Нейро және кардиохирургия, трансплантология, диагностика және оңалту, сондай-ақ онкологияны емдеу салаларында қызметтердің кең спектрін ұсынады.
Joint Commission International аккредитациясынан өту елімізде 2013 жылдан бері қолға алынған. Осылайша, медициналық мекемелерді халықаралық аренада танытуға жұмыс жүргізіле бастады.
Айта кетейік, JCI – бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау мекемелерінде жоғары халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарын растайтын коммерциялық емес ұйым. Бұл аккредитацияны алу денсаулық сақтаудағы «алтын стандарт» болып саналады және клиниканың халықаралық денсаулық сақтау талаптарына сәйкестігін көрсетеді. Осы аккредитациядан өткен 9 қазақстандық клиниканың 7-еуі Астанада орналасқан. Олардың қатарында Ұлттық кардиохирургия орталығы, UMIT халықаралық томотерапия онкологиялық орталығы сияқты клиникалар бар.
Аталған «алтын стандарт» пен батыс елдермен салыстырғанда медициналық қызмет көрсету бағасының едәуір арзан болуы шетелдік пациенттердің елордаға келуіне жол ашып отыр. Алдағы бес жылда медициналық туризм экономика драйверінің бірі болмақ. Сарапшылардың пікірінше, жоғары сапалы клиникаларда қолжетімді медициналық қызмет ұсынатын Астананың Орталық Азиядағы басты ойыншы болуға мүмкіндігі зор.
Астана әкімдігінің мәліметінше, 2024 жылы елордаға 4500 медициналық турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артуы мүмкін, яғни осы жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 8000-ға жетеді деп күтілуде.
Басты байлықты бағалайық
Адам өміріндегі ең қымбат нәрсе – денсаулық. Қиындыққа душар болған сәтте адам шипаны алыстан да, жақыннан да іздейді. Соңғы жылдары әлемдік медициналық тәжірибенің дамуы мен ақпараттық қолжетімділіктің артуы арқасында шетелге ем іздеп бару – таңсық құбылыс емес, керісінше, саналы таңдауға айналды.
Шетелге сапар тек ауруды емдеуге ғана емес, сапалы диагностика, заманауи емдеу әдістерін қолдануға бағытталған. Пациенттер өз еліндегі мүмкіндіктердің шектеулігіне, күтудің ұзақтығына немесе бағаның жоғары болуына қарамастан, сапа мен қауіпсіздікті басты нышан ретінде қабылдайды.
Қазақстандағы медициналық туризм тәжірибесі дәл осы үрдістің бір бөлшегі ретінде дамып келеді. Елордадағы клиникалардың халықаралық аккредитациядан өтуі, заманауи технологияларды енгізуі және білікті мамандардың қызметі – шетелдік пациенттер үшін сенімді әрі тартымды ортаны қалыптастырып отыр.
Түйін Шетелден шипа іздеу – тек физикалық денсаулыққа ғана емес, жан тыныштығына, үмітке және сенімге жасалған сапар. Бүгінгі таңда медициналық туризм – адамзаттың денсаулыққа деген ұмтылысының, ғылым мен технологияның біріккен көрінісі, ал дұрыс жоспарланған сапар әр пациент үшін шынайы шипа мен қауіпсіздіктің кепілі бола алады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ













