» » ТАЛАНТЫ 2 ЖАСЫНАН ТАНЫЛҒАН

ТАЛАНТЫ 2 ЖАСЫНАН ТАНЫЛҒАН

Редакциямызға тағы бір қуанышты жаңалық келіп жетті. Алдашбай ахун ауылының 5 жасар тұрғыны, №111 орта мектептің даярлық сынып оқушысы Мәди Меңгер Қызылордада «Атадан – мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасындағы республикалық «Ұлы дала ұрпағы» атты өнер байқауында «Көркемсөз оқу» жанры бойынша Сыр елінің намысын қорғап, жүлделі ІІ орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ жас дарын осы жетістігінің арқасында Алматы қаласы мен Чехия, Швеция мемлекеттеріне жолдама да жеңіп алды.
Небәрі 2 жасында балабақшадан-ақ ерекше қабілетімен таныла бастаған балақайдың соңғы екі жылдағы қол жеткен табысының өзі көз қызығарлықтай. Қазақ ырымшыл халықпыз қой, тек еріксіз көз тимесін дейміз.
Кішкентай жерлесіміздің әрбір жеңісі еңбек пен таланттың қосындысынан тұрады. Талант дегеніміздің өзі су түбінде ғасырлап жатса да, тот баспайтын асыл бұйым десек, келесі ойтаным талантты қайрақ пен сананың ортасында өмір сүретін құбылысқа теңейді. Аталарымыз айтқандай, дарындылық туа бітті қасиет әрі айрықша қабілет иесі деп те тұжырым жасай аламыз. Міне, Мәди Мұратұлының ерекше қабілеті – есте сақтауы мен сөз өнеріне, көркем әдебиетке деген ынтасының күштілігі. Өнерпаздың жетекшісі – анасы Гаухар Рақымова ол да өнер адамы. Ауылдық клуб үйінде көркемдік жетекші болып қызмет атқарады. Ал әкесі Мұрат Базаров Қарағанды қаласында оператор болып еңбек етеді.
– Мәди 2 жасынан бөбекжайда өтетін іс-шараларға қатысып, жүлделі орындар алатын. Негізінен Абайдың қысқа шумақты өлеңдерін оқитын. Бас жүлде алған кездері де аз болмады. Аудан, облыс, республика көлеміндегі өнер сайыстарына сол 3 жасынан қатыстыра бастадық. 4 жасында халықаралық байқауларда топ жарды, – дейді бүлдіршіннің анасы.
Расымен де, дарынды баланың жасына қарамастан өнер әлемінде бірқатар жолды басып өткені таңғалдырады. Атап айтқанда, «Ре Соль» шығармашылық орталығының ұйымдастырған «Бабалар аманаты» атты республикалық байқауында бас жүлде жеңіп алып, Өзбекстан астанасы – Ташкентке жолдама ұтса, ол жақтан да Гран примен елге оралған. Өткен жылы да осы «Ұлы дала ұрпағы» тақырыбындағы республикалық байқауда асығы алшысынан түсіп, онда да II орынмен шетелге саяхаттауға жолдама жеңіп алыпты. Сонымен қатар Шымкентте өткізілген «Мега шоу» халықаралық шығармашылық байқауында «Көркемсөз оқу» жанры бойынша оқ бойы озық шығып, бас жүлдені бағындырған. Алматыда өткен «Жас жұлдыз» халықаралық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауында да талантымен дараланған жерлесіміз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, елге бас жүлде тарту еткен. Оған қоса, киноға түсуге мүмкіндік алған. Ол «Абай оқулары» байқауынан үш мәрте 1 орынға ие болса, «BT STAR/ЖҰЛДЫЗ БОЛ» республикалық өнер конкурсында I орынмен марапатталды. Осы және басқа да бәйгелерден жоғары нәтиже көрсеткені үшін жас көркемсөз оқушы Баку, Дубай секілді қалаларға жолдама алған екен. Десе де, қаржылық мәселеге байланысты шетелге бара алмапты.
– Отбасында үш бала тәрбиелеп отырмыз. Мәди тұңғышымыз. Баланың ой-өрісін, шығармашылығын шыңдау үшін конкурстарға жиі қатыстырып тұрамыз. Әрі аудиторияға төселеді. Жарысқа көбінесе әкесі апарады. Жолдасымыз екеуміз қолымыздан келгенше балалардың жақсы тәрбие алуына, болашақтарының жарқын болуына атсалысып жүрміз.
«Әрбір бала бір жұлдыз, жарқырауына көмектес» демекші, тұңғышымыздың дарынын ашуды ертерек қолға алдық. Жалпы Мәдидің есте сақтау қабілеті, көркем шығармаларға қызығушылығы өте жақсы, алғыр да зерек болып өсуде. Мәтін жаттау жадыны шынықтырады. Баламыздың өнерге деген алғашқы қадамы балабақшада шағын шығармалар жаттаумен басталған болатын. Әсіресе Абай атамыздың қысқа шумақ өлеңдерін жаттататынбыз. Қазір репертуары Баянғали Әлімжановтың «Мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілеріне арналған 400 өлең» атты өлеңдер жинағындағы шығармалармен толыға түсуде. Басқа да ақын-жазушылардың өлеңжырлары бар. Кеше байқауда сол кісінің «Дала мен ана» өлеңін сахнаға алып шықты. «Менің ана тілім» өлеңі де Б.Әлімжановтың шығармасынан алынған. Өзім өнер саласында қызмет еткен соң сахна мәдениетіне, дикциясына, мәтіннің сауатты оқылуына, көркемдігіне мән беремін. Образға ену де көркемсөз оқушыны әсерлі етеді. Тыңдарман талғамынан шығып, рухани баурап алады. Бұл жағынан Мәди еңбекқор.
Өткен жылы шетелдерге жолдама алғанымызбен, ол жаққа баруға жол түспеді. Енді биыл демеушілер табылып жатса, барсақ па деген ниетіміз бар, – дейді бүлдіршінін өнерге баптап жүрген анасы әрі жетекшісі Гаухар Рақымова.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
07 желтоқсан 2025 ж. 112 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10462)

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 (10461)

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 (10460)

02 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 041
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 709

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031