КІТАПТЫҢ ӨЗ ОРНЫ, ГАЗЕТТІҢ ӨЗ ОРНЫ БАР
Газетке жазылу науқаны басталысыменақ редакцияға өздері келіп жазылушылардың қарасы толастар емес. Сондай-ақ жазылымға белсенділік танытып жатқан мекеме ұжымдарының көптігі де қуантады. Соның қатарында – Күлшара Бөгенбайқызы басшылық ететін ауданның кітапханалар жүйесі әрбір жартыжылдықта алдыңғы лепте көрініп келеді. Қасиетті өңірдің рухани байлығын арттырып, оған айтарлықтай үлес қосып жүрген ұлағатты ұжымның қызметкерлері келер жылға да дәйекті дайындықпен келіп отыр.
– Қазіргі кезде еліміз бойынша газетке жазылу науқаны жүргізілуде. Біздің ұжым да жылда жауапты науқанға толыққанды атсалысады. Мекемеге де жазыламыз, жеке қызметкерлер арасында да ынта жоғары. Аудандық орталықтандырылған кітапхананың 3 мыңнан аса тұрақты оқырманы бар. Соның дені шынын айтқанда, үлкен кісілер болса, олар ең бірінші кітаптан бұрын газет сұрайды. Оның ішінде аудандық басылымды іздейді. Сонымен қатар облыстық, республикалық мерзімді басылымдарда жарияланған жаңалықтарды оқу үшін де келеді.
Рухани құндылық дегенімізбен, кітаптың өз орны, газеттің өз орны бар. Кітап – оқырманның әдеби көркемдік құндылығын байытса, газет арқылы аудан өмірінде болып жатқан жақсы жаңалықтардан хабардар болады. Айтып өткенімдей, оқырмандарымыздың көбісі зейнеткерлер, мұғалімдер мен мектеп оқушылары. Аға буын өкілдері ертемен кітапханаға келіп: «Жаңадан келген газеттер бар ма?» деп, жаңалықтармен оқып танысып жатады. Солардың арасында сұранысқа иесі – аудандық «Қармақшы таңы», облыстық «Сыр бойы», республикалық «Егемен Қазақстан» газеттері болса, журналдардан «Жалын», «Парасат».
Қорыта айтқанда, «Қармақшы таңы» ауданның жаңалық жаршысы. Оны әрбір үйде асыға күтіп отырады деп ойлаймын. Өзіміз газет келген бойда «Қармақшы таңының» бетін парақтай жөнелеміз. Басылымның болашағы зор деп есептеймін. Жаңалықтың жаршысы болумен бірге, құнды да мәліметтер береді. Ескілікті, біз біле бермейтін деректерді жариялайды, – дейді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры К.Қаниева.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
















