«КӨГІЛДІР ОТЫН» – ӘР ҮЙГЕ ЖЫЛУ, ЕЛГЕ ҚУАНЫШ
Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапармен ауданға келіп, ауданның әлеуметтік маңызы зор нысандарының бірі – Дүр Оңғар ауылындағы табиғи газға қосу рәсіміне қатысты. Салтанатты іс-шараға ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Ергешбаев, ауыл ақсақалдары мен жергілікті тұрғындар қатысып, көптен күткен қуанышты сәтке куә болды.
Аймақ басшысы ауыл халқын ұзақ жыл күткен игіліктің жүзеге асуымен құттықтап, газдандыру ісінің өңір дамуы үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді газдандыру бойынша тапсырмасын еске салып, өңірдегі жұмыстардың қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– «Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын арттыруға тиіс. Бұл 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға және 300 мыңнан астам адамды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деген Президент тапсырмасының орындалуы өңірімізде нақты нәтижесін беруде, – деді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, 2021 жылдың соңында облыстың газдандыру деңгейі 67 пайызды құраған. Соңғы үш жыл ішінде 63 млрд 600 млн теңгеге 77 жоба іске асырылып, газ желісін кеңейту жұмыстары бұрын-соңды болмаған ауқымда жүргізілген.
Соңғы аптада Сырдария ауданының Шаған ауылына табиғи газ беріліп, Жаңақорған ауданында автоматты газ тарату станциясы іске қосылған еді. Енді міне, бұл игілікті іс Дүр Оңғар ауылында жалғасын тауып отыр.
– Бүгін сіздермен бірге ауылдың жаңа тынысын ашатын қуанышты оқиғаға куә болып отырмыз. Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған үлкен қадам. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында биыл облысымыздағы газдандыру деңгейін 83 пайызға жеткіземіз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Облыс әкімі ауыл тұрғындарын құттықтап, газдың әрбір үйдің жылуы мен елдің қуатын арттыра түсетінін атап өтті.
Салтанатты рәсім барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан алдыңғы буын өкілдері мен мердігер мекемелердің үздік қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
ҚР Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемұлы да сөз сөйлеп, ауылдың жаңа кезеңге қадам басқанын атап өтті.
Бүгінде ауданның газдандыру деңгейі 78 пайызға жеткен. Екі мыңнан астам тұрғыны бар Дүр Оңғар ауылын желіге қосу арқылы бұл көрсеткіш 83 пайызға дейін өседі.
Жалпы жобаға облыстық бюджеттен 7 млрд 200 млн теңге бөлінген. Ауылға тартылған 62,5 шақырымдық жоғары қысымды газ құбыры Жосалы кентіндегі автоматтандырылған газ тарату станциясынан Сырдария өзені арқылы жүргізілген.
Бұл – тек бір ауылдың емес, тұтас өңірдің әлеуметтік мүмкіндігін кеңейтетін қадам. Себебі газ магистралінің қуаты алдағы уақытта 10 мыңнан астам халқы бар 9 елді мекенді кезеңкезеңімен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Шара барысында облыс әкімі: «Елдің дамуы ауылдан басталады. Ауылдың гүлденуі – сіздердің ауызбірліктеріңіз бен еңбекқорлықтарыңызға байланысты» деп, тұрғындарға зор денсаулық, татулық пен береке тіледі.
Иә, дүроңғарлықтар үшін табиғи газдың келуі – үлкен әлеуметтік өзгеріс. Бұл отынның экологиялық тазалығы, үнемділігі мен қолайлылығы ауылдағы әр отбасының өмір сапасын жақсартатыны сөзсіз. Қыстың қатты аязында көмір тасу қиындығы жойылып, тұрғындар үшін тұрақты әрі қауіпсіз жылу көзі қалыптасады. Сонымен бірге газбен қамту шағын кәсіпкерліктің жандануына, тұрмыстық қызмет көрсету сапасының артуына жол ашады.
Ауыл халқы үшін бұл күн тарихи мәнге ие болып, көп жылдан бергі арманның орындалған сәті ретінде есте қалады.
Жаңа қоныс – жаңа қуат
Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы кентінде әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға жаңадан салынған үйлердің кілттері табысталды. Салтанатты шараға аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы, ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, Қызылорда облысында жүргізіліп жатқан ауқымды жобалар мен құрылыс саласындағы оң өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықты тұрғын үймен қамту өңір дамуындағы басты басымдықтардың біріне айналған.
– Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы баспанамен қамтуды мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты деп атап өтті. Соңғы жылдары өңірімізде құрылыс қарқыны айтарлықтай артты. 2022 жылдан бастап 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. 2022–2024 жылдар аралығында тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталды. Ал екі жылдың көлемінде облыстың барлық ауданында бір жарым мыңға жуық жаңа пәтер салынды, – деді облыс әкімі.
Биылдың өзінде 3600 пәтерлік тұрғын үй құрылысына 58 млрд 785 млн теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде 322 пәтерлік 161 жеке тұрғын үй аудан орталықтарында бой көтеруде. Қармақшы ауданында 2023-2024 жылдары 2 млрд 848 млн теңгеге 207 пәтерлік 103 тұрғын үй сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға берілген. Бұл жолы тағы 50 пәтерден тұратын 25 жаңа үйдің кілті табысталды.
– Бұл күн – мемлекет қамқорлығын сезінген баршаңыз үшін қуанышты күн. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Әр шаңырақта татулық пен береке орнасын, – деп тілегін жеткізді аймақ басшысы.
Қармақшы ауданында тек тұрғын үй ғана емес, әлеуметтік инфрақұрылым да жүйелі дамып келеді. 2023 жылы Тұрмағамбет, Ақжар, Дүр Оңғар ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар халыққа есігін ашты. Өткен жылы Қуаңдария мен Қармақшы ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекеттер салынып, қызмет көрсетуде.
Өңірде жарияланған «Руханият жылы» аясында ауданда жаңа «Руханият» орталығы бой көтерді. Сонымен бірге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал және Ақай ауылдарында заманауи спорт кешендері салынып, ел игілігіне берілді.
Салтанатты рәсім барысында ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуына үлес қосқан бір топ ардагерлер мен мердігер мекемелердің қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев тұрғындарды құттықтап, жаңа үйлердің қоныс иелеріне игілік әкелуіне тілектестік білдірді.
Шарадан кейін аймақ басшысы аудан тұрғындарымен арнайы кездесіп, өңірдің даму бағыттары мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен әңгімелесті. Жиналған жұртшылық өз ұсыныстарын жеткізіп, шешімін күткен мәселелер бойынша әкімнен жауап алды.
Аймақ басшысы тұрғындармен ашық диалог жүргізді
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қармақшы ауданындағы «Руханият» орталығында ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында.
Кейінгі жылдары дәстүрге айналған жеке қабылдауларда азаматтарды мазалаған сұрақтар бойынша қажетті іс-шаралар қабылданады, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Өткізу орны мен уақыты күн ілгері хабарланғандықтан, тұрғындар өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын мұндай кездесулерге алдын ала жазылады.
Қармақшылықтар облыс әкіміне, Сенат пен Мәжіліс депутаттарына және құқық қорғау органдарының бірінші басшыларына сауалдарын, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Келушілердің басым бөлігі әлеуметтік және құрылыс саласына қатысты мәселелерді қозғады.
Мысалы, аудан тұрғыны Тұрмағамбет ауылына жаңадан мектеп салу мәселесін көтерді. Ал, Төретам кентінен келген зейнеткер теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір салып беруді сұрады.
Тұрғындарға көтерілген мәселелердің шешімі заң аясында қарастырылатыны, жауапты құзырлы орган басшыларына тапсырмалар беріліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алынатыны түсіндірілді.
«Заң және тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда жеке қабылдаулардың, халықпен кездесулердің маңызы зор.
Қабылдауда жалпы саны 50-ге жуық азаматтың өтініші қаралды. Ал, облыс әкіміне 15-тен астам тұрғын өз сұрақтарын қойды.
Дайындаған Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
















