МЕЙІРІМ СЕПКЕН МАМАНДЫҚ
Қоғам алға жылжыған сайын, ондағы жауапкершілік арта түспесе, кемімесі анық. Соның бір ұштығын көтеріп жүргендер әлеуметтік қызметкерлер десек, қате емес. Өмірдің қатал сынына төтеп беріп, дертпен күресіп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың жан жарасы мен тән жарасын бірге көтерісетін осы бір мамандық иелеріне бас имеу мүмкін емес. Олардың қатарында қарамағындағы 5 ерекше баланы қамқорына алып, жүрек жылуын шашып жүрген Гүлназ Жарылқасынованың есімін құрметпен атауға болады.
Г.Тұрсымбайқызы Жетісу өлкесінде, оның ішінде Алакөл ауданына қарасты Үшарал қаласында дүниеге келген. Бесағаш ауылындағы орта мектептің түлегі. Өмір заңымен 1995 жылы Жосалы кентінің азаматы Ерділда Жарылқасыновқа тұрмысқа шығып, Сыр елінің келіні атанады.
Ол екі бірдей жоғары оқу орнында білім алған. Қызылордадағы «Болашақ» колледжінің «Әлеуметтік жұмыс» бөлімін оқып бітірсе, «Ақмешіт» университетінен «Әлеуметтік және құқықтық қызмет» және Шымкенттегі Аймақтық инновациялық университеті «Психология» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Жас маман 2005 жылы алдымен қарттармен жұмыс бөлімшесінде қызмет етсе, 2007 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүмкіндігі шектеулі балаларға үйден қызмет көрсету бөлімшесінде әлеуметтік қызметкер болып қалтқысыз еңбек етіп келеді.
Қазіргі таңда ол ерекше 5 балаға үйден күтім жасайды.
Жуырда Гүлназбен жүздесіп, атқарып жүрген жұмысы жайлы сұраған едік.
– Азанда 9-да жұмысқа барған соң бір сағаттан кейін, яғни 10-да қызмет алушыларымыздың үйіне қарай беттейміз. Оларға 8 бағыт бойынша қызмет көзі көрсетіледі. Атап айтар болсам, әлеуметтік психология, тұрмыстық, мәдени, экономикалық, еңбек, құқықтық, медициналық және педагогикалық қызмет түрлеріне басымдық береміз. Айдың әр күні алдын ала жоспарланып, күнтізбелік дәптерімізге түртіліп отырылады. Соған сәйкес қызмет алушыларға белгіленген арнайы уақыт бар. Таңертеңгі жұмысымыз әуелі қызмет алушы отбасы мүшелерімен, баламен хал-жағдай сұрасудан басталып, әрі қарай баланың төсектен тұру, жуыну, киіну, бөлме ішінде ойыншықтарын жинау, өз-өзіне күтім жасау сынды істермен жалғасын табады. Кейде бала ауырып қалып жатады. Ондайда дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетіп, емханаға қаралғанда қасында бірге боламыз. Дәрі-дәрмегін жеткізіп беруге қол ұшын созамыз. Жомарт жандар тарапынан көрсетілетін қайырымдылық көмектерін жеткізіп беруге септігімізді тигіземіз. Құқықтық қызметте – заңды мәні бар құжаттарды рәсімдеуге жәрдем береміз. Баланың қажеттілігіне қарай халыққа қызмет көрсету орталығына, поштаға, мемлекеттік мекемелерге бару мәселесі туындағанда қасында ілесіп жүріп, қолдау білдіреміз. Педагогикалық іс-әрекетімізде түстерді, пішіндерді ажыратып, сурет боятуға, қағаз-қаламмен жұмыс істеуіне көмектесеміз. Жапырақтардан аппликация жасатамыз. Мәдени қызметте – ауданымыздың қасиетті жерлерін аралатып, саяхатқа шығатын кездеріміз болады. Спорттық кешендерді аралатып, доп ойнатамын. Мәдени іс-шараларға қатысуға ықпал етіп отырамын. Сонымен қатар туған күн мерекесін атап өтеміз. Серуендету, баланың көңіл күйін көтеру де қызметіміздің бір бөлігіне жатады. Жалпы мақсат – баланы қатарынан қалдырмай, қоғаммен етене араласуына жағдай жасау. Менің балаларымның арасында Дастан Әбдікеровтің сурет салуға қабілеті жоғары болса, оның бауыры Рүстем Әбдікеров тазалыққа, тәртіпке бейім. Қарақат Жолмырза, Нұржан Жандос, Қуаныш Кәрісбеков секілді осындай да қызмет алушы балаларым бар. Олардың ата-аналарының ерік-жігері мықты, нағыз батыр деп айтар едім. Перзенттерін шетелге дейін емдетуге апарып, қатарынан қалдырмай аяғынан тұрғызу үшін бар күштерін салуда. Бұл олардың үлкен арманы. Біз де сол арманның орындалғанын, жүзеге асқанын қалайтын екінші анасымыз. Болашақтан үмітіміз зор, – дейді сала қызметкері.
Бұл орайда ата-аналардың да өз айтары, ризашылығы бар.
– Гүлназдың ұлдарыма деген ықыласы бөлек. Қатарынан қалдырмай, қайда бару керек болса, сонда апарып адалынан қызметін жасауда. Ол менің мүмкіндігі шектеулі балаларыма 2014 жылдан бері қарап, әлеуметтік қызмет көрсетіп келе жатыр. Қай уақытта да қабақ шытпай, жұмысын кәсіби деңгейде орындайды. Осы жылдар аралығында туысымыздай және отбасымыздың бір мүшесі болып кетті. Гүлназ қызыма, сондай-ақ бөлімнің сектор меңгерушісі Шаһаркүл Әликеева сіңіліме риясыз алғысымды білдіремін. Осы сәтті пайдаланып барша әлеуметтік сала қызметкерлерін жылына бір келетін төл мерекелерімен құттықтаймын. Отбасыларына бақбереке, дендеріне саулық, қызметтеріне абырой биігін тілеймін. Әркез ата-аналардан алғандары алғыс болып, жүздерінен күлкі кетпесін. Алла күш-қуат берсін, – дейді «Алтын алқа» иегері, ерекше балалардың анасы Парида Әбсаттарова разы көңілден.
Қазақ атамыз, әуел бастан-ақ мамандыққа мән берген ғой. Себебі, елді дамытып, нығайтатын да өз ісінің шебері. Бізбен әңгімесінде сала қызметкері мамандық таңдауда қателеспегенін айтып, әлеуметтік қызметтің өзіне ұнайтынын жасырмады. «2005 жылы бөлімше ашылғанда балалардың үйлерін аралап, құжаттарын дайындадым. Науқас балалар мен олардың ата-аналарының әрбір сәт сайын өмір үшін күресіп, жанкештілік ететінімен алғаш рет бетпе-бет келген едім. Сол кезде балаларды жарыққа шығарып, ата-аналарға демеу болуға өзіме серт бергенмін. Олармен бірге болу, бірлесе жұмыс істеу қатты ұнайды. Ұзақ жыл қызмет көрсеткенде сол отбасының адамындай болып кеткеніңізді байқамай да қалады екенсіз», – дейді мерейлі мамандық иесі.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
















