ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ЖАНАШЫРЫ
Редакциямызға оқырмандардан жиі хат келіп жатады. Хаттар сан түрлі тақырыпты қозғайды. Бәріне құрметпен қараймыз. Олардың мәтін-сойы – елге қамқорлық, адалдық таныту. Біз үшін оқырман ойы мен тілегі қай қырынан да қымбат. Жуырда тағы да сондай хаттың бірі қолымызға түсті.
Мен, Жосалы кентінің тұрғыны Алексей Дүйсенбаевпен қоғамдық негізде жұмыс істеп жүргенде таныстым. Ол нағыз еңбек адамы болатын. Істе талапшыл, жанжағындағы адамдармен ерекше мейірімде араласатын. Ол көркейту-көгалдандыру жұмыстарын бар ықыласымен атқарды. Оның қолы тиген жер көгеріп сала беретін. Өздеріңіз білесіздер, біздің жеріміздің географиялық қолайсыздығы бар. Сортаң топыраққа көк өндіру қиынның қиыны. Тура бір машақат. Сол себепті мұндай жұмыс кез келгенге тапсырыла салмайды. Сонау жылдары ол кенттегі «Жастар» саябағын күтіміне алып, гүл егіп, ағаштар отырғызды. Балаша мәпелеп, бой көтеруіне күн-түн демей еңбек етті. Тіпті жаздыгүні сонда шатыр тігіп, түнейтін. Бақтың арамшөбін жұлып, есекарбасына тиеп шығарып тастайтын. Бұл еңбекқорлық әрі бағбандық қасиеті – еңбек және соғыс ардагері, әкесі Әбутайдан дарыған десек, қате емес. «Әке балаға сыншы» демекші, оған үнемі «бұл еңбегің келешекте наның болады, артыңда мал емес, мыңжылдық саясы бар тал қалады» деп жиі айтып отыратын.
Көктемде таң қылау берер-берместен атшаптырым жерде созылып жатқан баққа гүл егіп, кешке суаратын. Отырғызған шыбық, талдарымен сырласып, сөйлесетін. Есекарбасымен көң тасып, жердің құнарын көтеруде қайта қопсытудан еш жалықпайтын. Аяқ су келмей қалған күндерде әр талдың түбіне пләкпен су тасып құятын. Саябақтың келбетіне қатты мән беретін. Жаз, күз айларында гүлдерді жайқалтып, саябаққа жан бітіретін. Осылайша әр сәтін баққа арнап, тіршілік етуден тынбайтын. Жалпы ол табиғатты жақсы көрді. Ит, мысықты да жақсы көретін. Ауласында көгершін ұстайтын. Бір басында бірнеше өнері болды. Би билеп, ән айтқанды да ұнатушы еді. Әнді нақышына келтіре жүрекпен орындайтын.
Алексей Әбутайұлының ауданның көркейту-көгалдандыру жұмыстарына еткен еңбегі ескерусіз қалмады. Аудан, кент әкімдерінің Алғыс хаттарына ие болды.
Көпшілікте «Есімім орысша болғанмен, жүрегім қазақ» деп әзілдеп қоятыны бар-тын. Бұл да болса оның ақкөкірек, елгезектігін білдірсе керек. Саналы өмірінде зайыбы Катямен 4 қыз, 1 ұл өсіріп, немере сүйді. «Бір кем дүние-ай» дейміз бе, әттең осындай қоршаған ортаға жанашыр болған жанның өмірден ерте көшкені өкініш. Иә, бүгінде өзі ортамызда болмаса да, жан жылуымен отырғызған жасыл желегі жапырақ жайып, тамыры тереңге кеткен.
Бақыт БАСАПАҚЫЗЫ,
кент тұрғыны
		
















