ЕГЕМЕНДІККЕ НЕГІЗ БОЛҒАН ДЕКЛАРАЦИЯ
Бүгінгі күні егеменді Қазақ Республикасының негізін қалап берген «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешемімен қабылданғанына 35 жыл толып отыр.
Осы тарихи және саяси маңызы бар құжатта Қазақстан халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар «Егеменді мемлекет» екендігі жарияланды. Ата-бабамыз өмір бойы арман еткен «Егемендік туралы» декларацияны қабылдау – баға жетпес қуаныш, қазақ даласындағы ғана емес бүкіл шет мемлекеттерде жүрген бауырларымыздың бас киімін аспанға ата шаттанған ұлы мейрам болды.
Бұл қуаныштың әсері мен шаттығы өмір бойы жүрегімізде қалып, шалқи беретіні анық. Бұл жерде өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында біз қандай едік деген сұрақ туындайды. Бұл сол кездегі ұлы держава Кеңес Одағында еш уайым-қайғысыз, басшылық жасайтын коммунистік партия бар, не қамымыз бар деп өмір сүріп жатқан болатынбыз.
Мәскеудің жоспарымен жүріп, тапсырмасын қалтқысыз орындайтынбыз. Яғни орыстардың тікелей қол астында тіршілік жасадық.
Бізде басқаша болу жайлы ой да болған жоқ. Егемендік деген сөзді білгенімізбен, оны қолданып та көрген жоқпыз. Егеменді ел болу түсімізге де кірмеді. Кеңес Одағы орнаған кезде егемендік пен еркіндіктің аңсаған, соған жету жолындағы күресте өз өмірлерін қиған Алаш арыстарының өмір тарихы түгілі, аттарын да білмейтік едік. Оған әрине Кеңес Одағының идеологиясы, халқымыздың тарихын бұрмалап, жоқ етуі жеткізген-ді. Міне осы кезеңде күллі қазақ баласы, қазақ даласы бірге қуанып, бір тілекке, бір мақсат, бір мүддеге жұмылған шақ туды.
Осындай тарихи маңызды құжат қалай қабылданды дейтін болсақ. Ақпарат көздеріне сүйенсек декларация қабылданар алдында үлкен дайындық жасалып, республика жұртшылығына жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
КСРО Конституциясына сәйкес, әрбір республика егеменді мемлекет. Біз осы уақытқа дейін республика егемендігі деген сөзге мән бермеген сияқтымыз деп көрсеткен. Әрине, Қазақстан сияқты (қазақтары 30 пайыз) көпэтностық елге мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдау бірден жүзеге аса қоятын шаруа емес екенін түсінген. Өйткені оны халық санының ішіндегі өзге ұлт өкілдері ғана емес орысқолды болып кеткен біздің қаракөздеріміздің өзі қалай қабылдайды? Сондай-ақ бұған Мәскеу не дейді деп солтүстік көршіге жалтақтау басым болғаны аян. Сөйтіп жүргенде Ресейдің өзі 1990 жылы 12 маусымда мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдап, заң жүзінде КСРО құрамында қалса да, іс жүзінде одан бөлініп шыққан. Бұл оқиға біздің ел басындағы ұлтжанды, зиялы азаматтарға белсенді жұмыс жасауына жол ашып берген. Сөйтіп егемендік жайындағы декларация туралы белгілі мемлекет қайраткерлері, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары Серікболсын Әбділдин мен Қазақ КСР-і Президенттік кеңесінің мүшесі Сұлтан Сартаев «Социалистік Қазақстан» газетінде жан-жақты түсіндірулер жасап, пікір білдірген. С.Әбділдин газетке берген сұхбатында декларация жобасы дайындалып біткенін, осыған дейін КСРО республикаларының көбі егемендік алып қойғанын, бірақ мәселе бірінші немесе кейінгі болу емес, халықтың материалдық және рухани өміріне байланысты проблемалардың шешілуін парасатты да тез ұйымдастыруда екенін жеткізеді. Сонымен қатар ол декларация қабылданғаннан кейін КСРО Конституциясындағы одақ заңдарының республика заңдарынан үстемдігі туралы 77 бап іс жүзінде күшін жоятынын, өзіндік заңдарын қабылдау одақтық республиканың егеменді құқығы екендігін айтады. «Қазақ КСР-нің территориясында жаңадан ұлттық-территориялық және мемлекеттік құрылым құруға жол берілмейтіндігі заң жобасына енгізілмек», дейді профессор С.Сартаев өз мақаласында. Сондай-ақ декларацияны дайындаған жұмыс тобының жетекшісі, қазақтың белгілі заңгері, Қазақ КСР-і Ғылым академиясының академигі Салық Зиманов «Ерекше маңызды құжат» деген мақаласында Жоғарғы Кеңесте соңғы нұсқадағы декларация жобасының өзін талқылауға 6 сағат уақыт кеткенін айта келіп, республиканың экономикалық дербестігіне арнайы тоқталған. «Егер экономика саласындағы толық билікке жетпейтін болсақ, республиканың мемлекеттік егемендігі аңыз күйінде қала берер еді. Мұның өзі 9-статьяда тұжырымдалды. «Жер мен оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал – республика территориясындағы бүкіл ұлттық байлық республика егемендігінің негізін құрай отырып, оның меншігінде болады», дейді академик.
1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Республика күні 25 қазанда аталып өте бастады, ал 1995 жылы 18 қазанда ол «Ұлттық мереке» болып жарияланды.
Егеменді ел болуымыз қазақ халқына не берді дейтін болсақ, ең біріншіден бүкіл дүниежүзіне қазақ дейтін халық бар екенін, Қазақстан деген егемен Республика бар екенін паш етті. Дүниежүзі бойынша Қазақстан саяси жағынан жан-жақты жетіліп, экономикасы мен әлеуметтік жағдайы жедел дамып келе жатқан ел болып, өз орнын ойып тұрып алуда. Басқа елдерге тәуелді емес, өз билігі өзінде демократиялық жолмен даму сатысында еліміз өсіп, өркендеп келеді. Ал, экономикалық, әлеуметтік дамуы қай деңгейде дейтін болсақ, әрине бұрыннан жан-жақты дамыған елдер қатарына жете алмаудамыз. Бірақ соған жету жолында прогресивті жұмыстар жүргізілуде. «Жалғыз шапқан ат жүйрік» деген сөз бар. Оның нақтылығы тұлпарлар қосылған аламанда белгілі болады. Яғни салыстырмалы түрде. Біздің егемендік алғаннан бергі дамуымыз солтүстігіміздегі кең байтақ жері мен байлығы бар, бұрыннан қалыптасқан өндірісі мен ауылшаруашылығы бар Ресейден басымбыз. Олардың халқының тұрмыс-тіршілігін ақпараттардан көріп, есітіп те жүрміз. Ал оңтүстігіміздегі өз ағайынымыз Өзбекстан бізге қарағанда ерекше дамып кетті деп жатамыз. Біршама жағдайларда бізден жақсы жақтары бар болар, бірақ салыстырып көрсек біздің елдің жеткен жетістігі айқын көрінеді. Атап айтқанда, 2024 жылы негізгі көрсеткіш ел бюджетінің кірістері 44 млрд доллардан асқан. Бұл Өзбекстанмен (26,4 млрд) салыстырғанда бір жарым еседен артық және Қырғызстанмен (4,4 млрд) салыстырғанда 10 есе көп. Ал Өзбекстан халқының бізден 1,75 есе көп екенін ескерсек жан басына шаққанда бюджеттен өте аз қаржы тұтынатынын көреміз. Жалпы біздің елдің бюджеті әлеуметтік бағытқа бағдарланған. Яғни халықты әлеуметтік қолдауға айрықша мән беріліп келеді. Атап айтқанда, шығыстардың 60 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалған. Республикалық бюджеттік зейнетақы мен жәрдемақының индекстеуге арналған шығыстары жыл сайын бір триллион теңгеге ұлғаюда. Ал оңтүстіктегі көршілерімізде бұл көрсеткіш жылдан-жылға азаюда. Өзбек халқының қанағатшылдығы мен еңбекқорлығы және еңбекқор болуы олардың үлкен жетістігі болып қалуда.
Біздің елде биылғы жылдың басынан бері халықаралық резервтер, яғни алтын-валюта қоры мен бағалы қағаздар көлемі 20 пайызға өсіп, 52,2 млрд долларға жеткен. Сонымен қатар ұлттық қорда 64 млрд доллар бар. Бұл шамамен 63 трлн теңге, яғни елдің үшжылдық бюджетіне тең қаражат. Бұл жетістік біздің өңірімізден де көрініс табуда.
Атап айтатын болсақ, біздің ауданымыздың бюджеті 21,5 млрд теңгеден асып отыр. Бұрынғы Кеңестік кезеңде ІІІ Интернационал мен Қармақшы ауылдарының 1-2 көшелерінде ғана асфальт болса, қазір барлық ауылдардың көшелеріне асфальт төселіп, жарық шамдары жануда. Барлық ауылдарда жаңа типтік жобамен спорт кешендері мен мектептер, денсаулық пен мәдениет ошақтары бой көтеруде. Дүниежүзі бойынша ғарышқа ұшу авангарды Ленинск қаласының теміржол қақпасы болған Төретамда типтік жобадағы бір мектеп пен вокзалға баратын көшеде ғана асфальт болды. Оны да өздері қатынайтын болған соң жасаған болу керек. Ал қазір барлық көшелерге асфальт төселіп, ауыз су, газ, электр жүйелері тартылып, типтік жобадағы 2 мектеп, 2 балабақша, клуб пен емхана, спорт кешені салынып халыққа қызмет көрсетуде. Жеке тұлғалар салған ғимараттар өз алдында. Жосалы кентінің өсуі одан да ерекше. Әрине бәрі бірдей биіктерге жетті, жан-жақты толысты деп айта алмаймыз. Әлі де әттеген-ай дейтін жағдайлар бар. Әсіресе еңбектен алшақтап, масылдық пен немқұрайлылық орын алуда.
Қазіргі егемендіктің 35 жылдық жолында басты байлығымыз халқымыздың тату-тәтті бірлікте, бейбітшілік жағдайда, мажырасын өмір сүруіміз болып отыр.
Біздің ата-бабамыздың «Қазақ халқы мың өліп, мың тірілген» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Кешегі қазақ хандығы құрылып, елге хан бас болып, билер халықтың бірлікте өмір сүруін, батырларымыз (жалпы қазақтың бәрі батыр болған) білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін, жерін қорғап, ұрпақтарына мұра етіп қалдырды. Бірақ Аңырақай сияқты бірнеше шайқастарда, ақтабан-шұбырынды сияқты еріксіз үдере көшуде, кешегі Кеңес Одағы кезіндегі қолдан жасалған ашаршылық пен қуғын-сүргінде, Кеңестік Одақтың Отан соғысында қаншама халқымыздың жанқиғанын, азапқа түскенін еске алудың өзі қасірет. Сондықтан еліміздің қазіргі өсіп-өркендеуі одан әрі дамып, бейбіт өміріміз мәңгілік болсын демекпін.
Республика күні – егемен еліміз үшін ең қастерлі мереке деп есептеймін. Ұлық күннің ұлағаты – бізге мерей, ұрпаққа аманат. «Тәуелсіздік» деп аталатын бақытымыз ұзағынан болып, болашаққа жалғаса беруін тілеймін!
Әбдірахман ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы















