ЖАУҺАР ЖЫРДЫҢ ЖАНАШЫРЫ

«Кей адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Абай атамыз жырлағандай, өнегелі өмір жолымен артындағы ұрпағына өлмес мұра қалдырып, жыр мұраның шоқтығын биіктеткен ерен тұлға Сүйінбай ағай еді.
Ол 1919 жылы Қармақшы ауданы, Томарбөгет колхозында дүниеге келген. Тегі – Текей батыр аталығы, Кеген руынан. Дүниеге келгенде әкесі Қожатай бабамыз Жетісудың әйгілі ақыны Сүйінбай Аронұлының есімін беріп, болашағына зер салып, зор үміт күткен екен. Кішкентайынан білімге құштар болып, ауылда Күйеуасар төбесі етегіндегі «Ақ школ» атты мектептен дәріс алады. 1938 жылы Қызылорда қаласында бастауыш мектепке мұғалімдер даярлайтын 6 айлық курсты оқып бітіреді. Оқуын бітіріп, Томарбөгет бастауыш мектебінде мұғалімдік қызметін бастайды. Қиындығына қарамастан ауыл балаларын сауаттандыру үшін аянбай еңбек етеді. 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, КСРО мен Финляндия арасындағы соғысқа қатысады. Бірнеше ұрыстарда ерлік істерімен танылып, жауынгерлік міндетін адал атқарады. 1941 жылы Германия мен Кеңес Одағы арасындағы соғысқа қатысып, жараланып, госпитальге түседі. Емделіп шыққан соң денсаулығы жарамай елге оралады. 1941 жылы Қызылорда қаласына келіп, сол кездегі педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түседі. Сол жылдан бастап Сталин атындағы жетіжылдық мектепте 1955 жылға дейін оқытушылық қызмет атқарады. 1955 жылы Ворошилов атындағы №29 мектепте мұғалім болады.
Әрбір шәкіртіне мейірімін төгіп, жүрек сәулесінің шапағатымен нұрландырып жүретін асыл ұстазымыздан алған әрбір бестігіміз тұғырлы тұлғаның батасы іспетті. Өте білімді, талапшыл ұстаз жүрегімде көркем мінезімен, қамқор көңілімен естелік болып қалды. Ұстаздық ұлағатымен танылған тұлға қоғамдық үйірмелер ұйымдастырып, шәкірттерін біліммен сусындатып, өнермен шыңдайтын. 1970 жылдары мектепте домбырашылар оркестрін ұйымдастырып, оның шығармашылық орындауы ауданда «Бас бәйгені» жеңіп алғаны жыраулық қанына тараған елдің бір биігі еді. Ағай ұстаздық ұлағатымен қатар өскен ортасы Сыр сүлейлерінің шоғырланған аймағы, жүз шайыр шыққан киелі мекеннің түлегі болғандықтан болар бала күннен Ешнияз салдың, Базар жыраудың, Тасберген, Жиенбай жыраулардың жырын тыңдап, орындап өзін өнермен қуаттандырады. Сүйінбай ағай Сыр бойы жырау, жыршыларының мақамдарын түгелдей меңгерумен бірге Арқа, оңтүстік өлке термешілерінің де бірсыпырасының жыршылық мәнерін білетін, көңіл сарайын өнер қазынасына айналдырған құймақұлақ, шебер жыраулардың бірі еді.
Сыр сүлейлерінің сұңқары Кете Жүсіп «Адамдық пен надандық» атты өлеңінде:
«Дүниеге кімдер келіп, кім кетпеген,
Табиғат түбі терең қол жетпеген.
Өнерін өмірінің біле тұрып,
Маңдайын пенде бар ма терлетпеген.
Баз біреу көп ақылға ие болып,
Жұмысын ешбір жанға жөндетпеген.
Базбіреу мал базарын мақсат етіп,
Ауруын адамдықтың емдетпеген.
Ақылдың ауырлығы қорғасындай,
Көңілді бұзық іске өрлетпеген» деп ұрпаққа тәлім еткендей, ұстаз атамыз жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұрпақтың жан дүниесін байытып, жыршылық өнерді кең насихаттауды мақсат етті. 1985 жылы ауданда төрт жыраулар мектебі ашылды. Бұл мектептерде сабақ халық шығармашылығының дәстүрлі үлгілерін дамыту, жетілдіру және оны өңірден шыққан атақты жыраулардың мақамдарын танып біліп, өмірге пайдалану негізіндегі ғылыми-практикалық эксперимент есебінде жүргізіледі. Ақжар ауылында Сәрсенбай жырау мектебі, Тұрмағамбет ауылында Тасберген жырау мектебі, аудандық мәдениет үйінде Жиенбай жырау атынан екі мектеп ашылды. Бұл мектептерде сабақ халық шығармаларының дәстүрлі үлгілерін насихаттау бағытында жүргізілді. Сол сәтте Тасберген, Жиенбай жыраулық мектептерінің шамын жарқыратқан белгілі жыраулар Шәмшат Төлепова, Бидас Рүстембеков, Сүйінбай Ақбаевтар еді. Ауылдың домбыраға бейім жастарын, оқушыларын жинап жергілікті жыраулар Зайыр Рахатов, Берман Бейсенбаев, Жаппар Тұңғышбаев, Қуандық Бүрлібаев аталарымыз арнайы кестемен сабақ беруді ізгілендірді. Мұндағы мақсат – ата-бабамыздан қалған телегей-теңіз рухани азық боларлық асыл мұрамызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу еді. Жыраулық өнердің жанашыры Сүйінбай ағайдың өнерге деген құштарлығы елеусіз қалған жоқ. 1975 жылы Қызылорда қаласында өткен облыстық жыраулар байқауында озып шығып, арнайы домбырамен мадақталса, 1987 жылы Алматыда өткен он бес одақтас республиканың өнерпаздары қатысқан өнер байқауында «Лауреат» атанды. Сүйінбай ағай жырды тыңдаушы, орындаушы ғана емес, үлкен күйші болатын. Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей сынды күйшілердің шығармаларын насихаттаушы өнер сатысындағы шоқтығы биік тұлға болды. Бүгінде Амандық Бүрлібаев, Жадыра Қожатаева, Әділхан Қуаңбаев сынды шәкірттері өнер төрінде жыр-мұраны насихаттаушы ұстаз болып, өз шәкірттерін қанаттандыруда. Бабадан қалған асыл мұра саф алтындай жарқырап, өскелең ұрпақтың жүрегінен жол тауып салтанат құра беретіні ақиқат.
«Бақ болып басқа қонды да,
Бабадан қалған мол мұра.
Ұрпақтан-ұрпақ жалғаған,
Қолына алып домбыра.
Сыр елі көмбе ерек тым,
Көзінен өткен електің.
Қазына кеуде қарттардан,
Табасың бәрін керектің.
Бағында гүлзар жайнаған,
Көмейден бұлбұл сайраған.
Сұлу сазды сыр мақам,
Тербелген жырмен айналам.
Жоғалтпай асыл мұраны,
Сақтаған бабам қырағы.
Жауһар жырға жанашыр,
Сүйінбай ұстаз тұр әні!
Тасберген жырау мектебім,
Жырымен сусап, көктедім.
Сүйінбай ағай үйреткен,
Әр шәкірт әрбір көктемім.
Жыр тасыған кенері,
Ұрпаққа мирас өнері.
Баба салған ізбенен,
Шешілді жырдың көгені.
Сан жырау сақтап мұраны,
Ағытқан жырдың бұлағын.
Сүйінбай ұстаз тәлімі,
Бойтұмар болып тұрады».
Міне, бабаларымыздың жыр мұрасын биіктете, ұстаздық ұлағатын ізгі жолда ізгілендіре түскен, сын сағатта қолына қару алып, отты майданға түскен менің ұстазым Сүйінбай Ақбаев ағай. Ол – ұстаз, майдангер, ақын, күйші, жыршы деп қалай айтсақ та лайықты тұлға. 1979 жылы зейнетке шығып, өмірінің соңына дейін қасиетті өнерді ұрпақ бойына сіңіруге аянбай тер төкті. Ел-халық құрметіне бөленді. Абыз ақсақал – аңыз адамға айналды. Отбасында бес ұл, төрт қыз тәрбиелеп, Күлпан апамыз екеуі бақытты, үлгілі отбасы болды. 1999 жылы өмірімен қош айтысқан ұстазымыздың жыл өткен сайын тұлғасы жарқырай түспек. Жауһар жырдың жанашыры болған ардақты жанға мың тағзым дегім келеді.
Зарипа ТАСЫМОВА,
ардагер-ұстаз
ардагер-ұстаз