» » СҰЛУ СЫРДАН СЕМЕЙГЕ САПАРЛАҒАНДА...

СҰЛУ СЫРДАН СЕМЕЙГЕ САПАРЛАҒАНДА...

Бүгін де күндегідей далада жүріп келіп, үй жаттығуына кіріскенім сол еді, қуат көзінде тұрған телефоным шырылдады. Алып қарасам, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков ағамыз екен. Амандасып, амандық сұрап болған соң Асекең:
– Дастан, Абай атамыздың 180 жылдығы еліміздің барлық аймағында аталып өткенін білесің. Соған байланысты Семей қаласына облыстық ардагерлер делегациясы барады. Соған Қармақшыдан екі адам баруы керек. Барып қайтуға қалай қарайсың? – деді.
Мен бірден: – Барамын, дедім. Бұлай ойланбастан жауап беруіме бірнеше себеп бар еді. Біріншіден, әрине, Абай елін, жерін көру, Абайдың, Шәкәрімнің жатқан жеріне тәу ету. Бұдан бас тартуға болмайды.
Екіншіден, әр аймақтан шығатын азаматтармен танысу, ой бөлісу еді. Адам баласы өмірден өткенінше, өзінің жан байлығын толықтыруы керек. Бұл адамға қажетті ең үлкен қасиет. Ал, бұның бір жолы, әр адамның жан дүниесіне үңіле білу. Керегін алу, ұнамағанын көңілге түю. Адам болмысын адамгершілік қасиетпен байытатын, сол жанның егесі адам болып табылады. Сондықтан жаныңа рухани күш беретін сапардан бас тарту білместік болар еді.
Сөйтсем, екінші баратын адам, ағамыз Алтай Үсенов болып шықты. Бұған да қуанып қалдым. Алтекең екеуміз көптен бері ағалы-інідей өте жақынбыз. Мен көбіне әдеби немесе тарихи тақырып негізінде, кейбір өзімді толғандырған мәселе төңірегінде ой бөлісу үшін де Алтекеңді іздеп баратынмын. Келелі әңгіме құрамыз. Көбіне ойымыз бір жерден шығып жатады. Алтекең өте терең білімді азамат. Ет асымдай уақыт отырып әңгіме шерткенде жаным жадырап, көп ойдан арылып, бір жеңілденіп қалатыным бар. Енді бірге сапарлас болатын болдық. Бұл енді көктен сұрағанды жерден тапқандай жағдай еді.
Сапарға баратын уақытқа оншақты күн бар. Уақыт деген жүйрік қой. Ол да зыр етіп өте шықты. Аудан орталығынан таксиге отырып Қызылорда қаласына жолға шықтық. Барсақ, вокзал басында сапарға шығатын азаматтар жиналып қалыпты. Олармен амандасып, бір-бірімізге сәтті сапар тілеп, емен-жарқын сөйлесіп жатырмыз. Сол жерде вагон ішінде орналасатын орындарымыз айтылды. Содан пойыз келген соң, орындарымызға жайғаса бастадық. Біз Алтекең екеуміз бір жерге орналастық. Қасымызға тағы төрт адам жайғасты. Төсекорнымызды реттеп, пойыз қозғалған соң, олармен де жете танысудың сәті түсті. Сөйтсем, үшеуі теміржол бойынан зейнетке шыққан азаматтар екен, төртіншісі қармақшылық азамат, қазір Қызылордада тұратын Қанибек ағамыз болды. Аттарын да біліп алдық. Сейсен мен Жүзбай ақсақал құрдас, Рахметулла ағамыз олардан төрт-бес жас кішілігі бар екен. Қызылордалықтар бір-бірін көптен білетін болып шықты. Бұрын да бірнеше жерге бірге сапарлас болыпты. Содан ба, әңгіме салған жерден үйлесім тауып, тез үйренісіп кеттік. Пойызбен жолға шыққанда жолды қысқартатын қою шайды іше отырып, келелі әңгіменің тиегін ағыту ғой. Жолға шыққан сапарлас адамдардың көргені мен көңілге түйгені көп болса, тіптен ғанибет. Жоқ, бұл жолы менің жолым болған екен. Қасымдағы азамат ағаларым қара жаяу емес сияқты. Сейсен ағамыз көп жыл теміржол саласында ревизор болған, жаман мен жақсыны көрген, айтар ойы, сөйлер сөзі бар адам болып шықты. Жүзбай ақсақал жасы жетпіс алтыға келсе де тыным көрмейтін адам екен. «Кәсіпкер келбеті» атты газет шығарады. Әзіл де айта алатын, салмақты ой да түйе алатын кісі. Рахметулла мен Қанибек ағаларымыз құрдас болып шықты. Екеуі ағамен де, інімен де сыйласа білетін, отырған орнын, жасайтын амалын білетін азаматтар.
Семейге жетуі үшін екі күн, екі түн уақыт керек еді. Сонша жерді басып өту де оңай емес. Жалаңаш дала да, сарғайған қырат бел де, тоғайлы алқап та, асқақтаған таулар мен созылған тау жоталары да, аққан жылға мен әр жерде етек-жеңі созылып жатқан көлдер де тарсылдаған, алға озған темір доңғалақтың қарқынына шыдас бермей, артта қалып жатыр.
Осынша жердің иесі қазақ халқы екені ойыңа түскенде, бір марқайып қаласың. Соны бізге тастап кеткен аталарымыздың еңбегін бағалай алып жүрміз бе деген ой да қылаң беріп қалады. Екі күн, екі түн баруға кетсе, қайтуға да сонша уақыт өтті. Аз уақыт емес қой. Осы төрт күн, төрт түн жүрген кезде көптеген есте қалатын жағдайлар орын алды. Бәрін жіпке тізгендей етіп баяндамасақ та кейбір ой салған жайларды айтқым келеді. Күтуге тура келді. Жарты сағаттай уақыт өтті. Су қайнамаған. Содан көпшілік емес пе, ренішті сөздер айтыла бастады. Соның бәрін тыңдап отырған Сейсен ақсақал шыдамады-ау деймін: – Мен қазір келем, деп орнынан тұрып кетті. Шамалыдан кейін, пойыз бастығы, жөндеуші шеберлер келіп, іске кірісті. Сәлден соң, бәрі ретке келіп, су қайнап, вагон іші көңілденіп шыға келді. Жолсерік келіп, Сейсен ағадан қайта-қайта кешірім сұрап жатыр. Сонда жас жігітке Сәкең: – Айналайын, мен біраз отырдым. Жұрт ренжи бастады. Мен осы теміржол саласының ардагерімін. Мен сендер үшін ұялдым. Теміржолдың қырық жылдың үстінде нанын жеген адаммын. Менің жаным шыдамады, намысым келді. Сен жолаушылар мінем дегенше, осыны реттеуің керек еді. Осынша жұрт ыстық ішпесе не болады? Алдағы уақытта бұндай іс қайталанбасын. Өз ісіңе жауапкершілікпен қара, – деді. Бұл өмір көрген ақсақалдың жас жігітке берген маңызды тәлімі мен есінен кетпес тәжірибе сабағындай болды.
Бәріміз де білім саласында қырық жыл қызмет еткен екенбіз. Кейде осы саланың жетістігіне қуанып отырсақ, бірде кейбір әттеген-айын байқап көңілге кірбің түсіретіні бар. Бұл нені көрсетеді? Адам баласы өзінің мақсатын алғы күннен іздегенмен де, өткен өмірінен де қол үзіп кете алмайтындығын көрсетсе керек.
Жүзбай ақсақал тыным көрмейтін, ісіне тиянақты адам екен. Ауық-ауық жұрттан бөлектеніп, қолына телефонын алып, бірдеңелерді жаза бастайды. Сөйтсек, осы сапардан көңілге түйгендерін жазып келе жатыр екен. «Үйге барған соң-ақ жазбайсың ба?» дегендерге де жауабы дайын. – Мен бүгінгі жасалатын жұмысты ешқашан ертеңге қалдырмаймын. Себебі, менің ертең де жасайтын жұмысым болады. Сонда мен қайсысын жасаймын. Кешегі шаруаны ма, әлде, бүгінгі істі ме? Сол себепті, мен ертеңге бүгінгі шаруаны ешқашан қалдырмаймын, – дейді. Бұл шынында, қарапайым нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ, осы сырдың астарында бүкіл табыстың сыры жасырынып жатқандай көрінеді. Сондықтан бұл тағылымды әрбір адам негізге алса, абыройы артып, қандай да бір істе жетістікке жететіні анық.
Вагон ішінде Ләйла қарындасымыз халық әндері мен қазақ композиторларының әндерін шырқағанда еріксіз тыңдайсың. Құлаққа сондай жағымды сыңғырлаған күміс үн жүрегіңді шымырлатып, өн бойыңа тарайды. Төлеген ініміз баянмен сүйемелдеп, әннің ажарын аша түседі. Жол қанша ұзақ болғанмен, осындай көңіл көтеретін іс-шаралардан кейін Семей қаласына шаршамай, жалықпай жетіп алдық.
Қыркүйек айының 19-ы күні түске таяу Семей қаласының вокзалынан түстік. Арнайы барған ардагерлер делегациясын Семей жұртының қазақы киім киген қыздары шашу шашып қарсы алса, қалың жұрт «Қош келдіңіздер» деп ыстық ілтипатын білдіріп жатыр. Арнайы дайындалған екі автобусқа отырып, қала орталығындағы бес қабатты «Семей» қонақ үйіне орналастық. Төртінші қабаты түгел біздің ардагерлерге берілді. Бір есіктен кіретін екі бөлмеге Алтекең екеуміз бірге, екінші бөлмеге Аралдан келген азаматтар орналасты. Таңғы асты ішіп алған соң, екі автобусқа бөлініп мініп, қаланың көрікті жерлерін араладық. Сүп-сүйкімді жас қыз қаланы таныстыра бастады. Аты – Нұргүл. Қалалық музей қызметкері екен. Ертіс өзенінің үстімен өтіп келеміз. Аспалы көпірді жапон құрылысшылары салған. Ұзындығы – бір шақырымның үстінде. Ертіс өзені қатты толып ақпағанмен толқындары жалын күжірейтіп, жағаға қарай бірін-бірі қуалап шығарып тастап жатыр. Кәрі Ертістің қуаты қайтпағандай, ағысы қатты және кейбір жерлері иірімделе ағып жатыр. Өзеннің үстінде көлік өтетін үш көпір және бір теміржол көпірі бар екен. Тағы бір байқағанымыз, көне ғимараттар көп екен. Кезінде білім мен ғылымның дамыған ордасы болған қала ғой. Біз мінген автобус кезінде Абайдың талай келген жері «Қойкенұлы Тыныбай» мешітіне келіп тоқтады. Өз заманында бұл мешітті Тыныбай деген бай өз қаржысына 1836 жылы салдырған екен. Мешіт сол кісінің атымен аталған. Ішке кіріп, кең залға орналасқан соң Сырдария ауданынан келген, 82 жастағы қожа руынан шыққан Қамар Рүстемов өткендерге құран бағыштады. Қол жайып, бет сипап мұсылмандық парызымызды атқардық. Мешіт ағаштан қиыстырып соғылған. Іші таза, сырты бүтін жыпжинақы қалпынан күтімі жақсы екені байқалады. Сыртқа шықсақ, адамдар карасы бір жерге жиналып қалыпты. Содан жақындап барсақ, кезінде Қажымұқан атамыз көтерген үлкен тас жатыр екен. Салмағы 300 келіден кем емес. Ырымшыл елдің баласы емеспіз бе, тасты сипап, Қажымұқан атамыздың аруағына тәу еткендей күй кештік. Естелік суретке түсіп жатқандар да бар.
Одан соң жұртқа белгілі, Семей ғана емес, бүкіл қазақтың мұңына айналған ядролық сынақтан зардап шеккен жандарға арналған ескерткіш кешенге бардық. Жарылыстан кейінгі саңырауқұлақ сынды көкке көтерілген у мен толқынның ғаламат күшін бейнелейтін көрініс жанды ауыртады. Бұл сынақтан да жансебіл болып шықтық дегендей, Семейдің аспаны тұнжырап төбеден басқандай күйді бастан кешірдік. Сол зұлмат жарылыстың астындағы қорғансыз ана мен бала бейнесі жанды түршіктіреді.
Бұдан соң «Абай» музейіне сапар шектік. Аулада Абай мен балалары Ақылбай мен Тұрағұлға қойылған еңселі ескерткіш келгендерді қарсы алып тұр. Жанына естелік суретке түсіп, музей ішіне ендік. Музей қызметкерлері жылы жүзбен қарсы алды. Осы жерден Абай пайдаланған көптеген түпнұсқа заттар мен көшірмелеріне куә болдық. Абайдың жазу дәуіті мен қауырсын қаламсабы, жазу үстелі мен атқа жеккен арбасы, киген тоны мен шиті мылтығы, үш ішекті домбыралары ескінің көзіндей, өткеннің өзіндей болып тұр.
«Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деген асқақ тұлғаның асыл қазынасына бір дендеп енгендей күй кештік. Үлкен әсер алдық. Бәрін сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар, дегенмен елден шыққандағы көңіл қалауының орайы келген сәт болғандығы шындық.
(Жалғасы келесі санда)
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ.
04 қазан 2025 ж. 47 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№75 (10443)

04 қазан 2025 ж.

№74 (10442)

30 қыркүйек 2025 ж.

№73 (10441)

27 қыркүйек 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 550
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 348

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031