» » КІТАПХАНА ІСІНІҢ ШЕБЕРІ

КІТАПХАНА ІСІНІҢ ШЕБЕРІ

Рухани әлемнің сақшылары дегенімізде еске бірден түсетіні – кітапхана мен сонда қызмет ететін кітапханашылар екені шүбәсіз. Адамның ой-санасы мен рухани деңгейіне нәр беретін сала қызметкерлерінің атқарып отырған еңбегі ұшан-теңіз десек те, ешкім дау айта алмасы сөзсіз. Қарапайым кейіпте жүріпақ талайдың көкірек отын маздатып, білім шырағын жаққан осыбір мамандық иелеріне деген халықтың құрметі әуелден ерекше. Сондай жанның бірі, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгілерінің иегері, аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі, мәдениет қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Ләйла Сыздықова.
Ләйла Әбдіқалиқызы 1965 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепте білім алған. 1983-1987 жылдары Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша оқып бітірген. Ауданымыздың мәдениеті мен руханиятын ілгерілетіп, оқырмандарды кітап оқуға тартуда, оны насихаттауда тәжірибелі маманның еңбегі зор.
Қырық жылдан аса кітапхана саласында қызмет етіп келе жатқан жанмен жүздесудің сәті түскен.
– Мектепте «Үш ноян», «Анна Каренина», тағы басқа көптеген қалың-қалың кітаптарды көп оқыдым. Әсіресе аударма, тарихи кітаптарды жақсы көрдім. Әдеби кітаптардың сыртын пән кітабының қабымен қаптап алып оқып жүрсем, бірде анам біліп қойып, «сенің химияң қалыңдап кеткен бе?» деп айтқаны есімде. Сыныптастармен жарысып оқитынмын. Мектепте кітапханашы болдым. Кітапханадан кітап әкеліп, сыныптарға тарататынмын. 7-шіде оқып жүргенде Разия Ерлепесова апайым сынып жетекшіміз болды. Ол кісі кітап оқуға оқушыларды көп итермелейтін. Райкүл Қаратаева апайымыздың ең бірінші бітірушісі болдық. Ол кісі келгеннен «Абай жолын» оқи бастадық. 1982 жылы институтқа түстім, кітапхана мамандығына. Мынадай қызық болды. «Бұйырған кетпейді» деуші ме еді?! Оқуға емтихан тапсырғаныммен балым жетпей, түсе алмадым. Содан сол жерде Жазушылар үйіне қазақ тілінде әріп теретін адам керек болды. І Алматыға 3 ай қатынап жүріп, машинист-хатшылықты оқыдым да Жазушылар одағына жұмысқа тұрып алғам. Алланың берген несібесі шығар, оқуға түсіп тұрған кейбір студенттер кетіп қалған ба, солардың орнына артынан мені шақырып алды. Сөйтіп, оқуға түсіп кеттім. Қуанышымда шек болмады. Бастапқы курстарда Волгоградқа қарбыз жинауға алып кететін. Сол жақта Волга өзенін көрдім. Бала күннен биді жақсы көрдім. Мектепте билейтінмін. Ол жақта да билеп, орыстардың газетіне шықтым. ІІІ топтың комсоргі болдым бітіргенше, – дейді Ләйла Әбдіқалиқызы студенттік кездеріне орала.
Құрметті кітапханашымен сөйлесе отырып, оның кітап пен кітапхана саласына деген шынайы сүйіспеншілігін аңғару қиын емес. Бар жан-тәнімен атқарып келе жатқанына көзсіз куә боласыз. Ол 22 жыл кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінде меңгеруші болып істеген. Одан соң аудандық кітапханаға меңгерушілік қызметке шақырылған. «Басшылықтан сондай ұсыныс болды» дейді ол сөзін әрмен қарай сабақтай түсіп.
– Құжаттарын, кітап қорын жаңаша жасау керек болды. Жұмыс барысында тек өзіміздің кітапхананың ғана емес, ауылдық кітапханалардың да кем-құтық жерлері болса, соған көмек беретінбіз. Көз майымды тауысып, барлық ауылдың каталогін істеп бердім. Таңғы сағат 5-ке дейін отырған кездерім болатын. Сенбі, жексенбіде каталогтерін үйге алып келетін. Мен солардың бәрін реттеп, беріп жіберетінмін. Барып істеп берген де, келіп істеткен де ауылдар болды. Сондай жұмыстар жүрді кезінде. Барлық кітапханаға қолым тиді. Кештерді жаңаша форматта өткізуге атсалыстым. Көзге көрінбесем де еңбегімді ел біледі. Міне осылай жұмыс істегеніме де қырық жылдан асыпты. 22 жасымда келдім жұмысқа, көптеген адаммен қызметтес, әріптес, сыйлас болдым. Қантай, Қалжан, Дәметкен деген кісілермен бірге жұмыс істедім. Ол кезде 31 кітапхана болған, қазір содан 18 кітапхана қалды. Орталық кітапханаға 2017 жылы меңгерушілікке келдім.
Апалардан сабақ алдым. Оларға да рақметімді айтамын. Менің өміріме келген адамдар сынақ та, сабақ та болып келді. Олардың бәріне басымды иемін. Қыздар кейде мен үлкен болғасын еркелейді. Еркелігін көтере білем. Жұмысты көп немесе қиын дегеніміз жоқ. Көрме жасау да оңай емес. Көрме көрнекті әрі тақырыпты ашу керек. Өзінің датасы, уақытымен қойылуы керек. Соны әлі күнге дейін жасаймын. Қыздарға көп нәрсені үйреттім деп ойлаймын. Сценарий жазамын. Ұжым болып біріге жұмыс істейміз. 1994-1995 жылдары кітапхана саласы үшін күрделі жылдар болатын. Кітапханашылардан құрылған бишілер ансамбліне би үйретемін. Сахналық киімді өз қаражатымызға сатып алатынбыз. 3 айлық баламды тастап кетіп те, елді мекендерге іс-шарада билеуге барған кездерім болды. Түнделетіп қайтамыз. Қазір баяғыдай емес, үлкен ғимарат салынды. Зәулім кітапхананың салынғанына, сонда жұмыс істегеніме қуаныштымын. Сөз орайында облыс, аудан әкімдеріне осындай рухани саланың қызметкерлеріне жағдай жасағаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Ұжымдастарыма ризашылығымды жеткізсем деймін. Әңгімеге жақын болмадым. Тек отбасым, жұмысым дедім. Алдымнан шыққан қиыншылықты жеңуге тура келді. Отбасыма, балаларыма да рақмет айтамын. Аудандағы кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Бөгенбайқызына ерекше алғысымды білдіремін. Қай кезде де «институтты бірге бітірдік, менің досым» деп әріптестеріме үлгі етіп жүреді. Мен де жұмыстан қалмауға тырыстым, достығымды білдіріп, еркелеуге жол бермедім. Қайта өткізген кештеріміздің одан сайын жақсы өтуіне, заманауи, әртүрлі сценарийлер жазып түрлендіріп отыруға көмегімді аямадым. Жанымдағы қыздарыма үйретіп қана қоймай, отбасындағы тәрбиеге де көңіл бөлдім. Талап ететін жерде талап еттім. Қыздарым жақсы, толығып, толысып өсіп келе жатыр. Өмірде ұстанған қағидам – қоғамға жарқырап, жайнап керекті адам болу, – дейді ол ішкі сырын ақтара сөйлеп.
Ол қызмет барысында өзін кітапханатану және библиография мәселелерін жақсы меңгерген әрі білікті маман ретінде танытып келеді.
– Ләйла Әбдіқалиқызы инновациялық бағытта жұмыс істеп, үнемі кәсіби ізденісте болып, оқырмандардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруда «Мен де оқыдым, сен де оқы», «Оқитын кез келді» жобасы және ауданымыздан шыққан ақын-жазушыларды өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында «Жауһар жыр» жобалары аясында жұмыстар атқаруда. Жаңа әдебиеттерді насихаттауда түрлі көпшілік жұмыстарды жүргізуде. Мәдени іс-шараларды, түрлі байқауларды, оқырмандар конференцияларын, оқырман бенефисін, «Кitap Fest» фестивалін ұйымдастыруда өз шеберлігін көрсетіп келеді. Жас кітапханашылардың тәлімгер ұстазы, – дейді аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниева білікті маман жайында.
Ләйла апайымыз ұзақ жылғы еңбегінде бірқатар марапаттарға ие болған. Өткен жылы облыс әкімінің Алғыс хатымен, 2021 жылы Қазақстан кітапханашылар одағының «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар 2022 жылы «Рухани қазына – 2022» фестиваліне «Үздік аудандық маңызы бар кітапхана қызметкері» номинациясы бойынша қатысып, Вице-министрдің Алғыс хаты табысталған. Былтыр Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі кеудесінде жарқырады.
Кейіпкеріміз сонау студенттік жылдарды артқа тастап, қолына диплом алған кезінде тұрмыс құрған. 3 баланы өмірге әкелген. Тұңғышы Анар Астанада халықаралық «IBIS Hotel» қонақ үйінде бөлім басшысы болып еңбек етсе, Жанар Алматыда кәсіпкер. Ал ұлы Медет Қызылорда қаласында Төтенше жағдайлар департаментінде қызмет атқарады. Балалары мен немерелерінің ардақты анасы қолы қалт етсе, баубақша өсірумен айналысып, оны жайқалтып қойғанды жақсы көреді.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
27 қыркүйек 2025 ж. 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (10440)

27 қыркүйек 2025 ж.

№72 (10440)

23 қыркүйек 2025 ж.

№71 (10439)

20 қыркүйек 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 503
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 304

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930