ОТБАСЫ – БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫ
Қазақстанда қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке – отбасы құндылығын насихаттап, берекелі тіршіліктің негізі саналатын жанұяның рөлін айқындай түсетін ерекше күн.
Отбасы – адам баласының алғашқы тірегі, тәлімтәрбиенің ошағы. Баланың мінез-құлқы, болашаққа деген көзқарасы, ұлттық сана-сезімі отбасында қалыптасады. Ұрпақтар сабақтастығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді қасиеттер де алдымен үй ішінде бойға сіңеді.
Отбасы күніне орай аудан көлемінде түрлі танымдық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындар назарына ұсынылды. Мектептер мен балабақшаларда ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары өтті. Осындай орны бөлек іс-шараның бірі аудандық «Руханият орталығында» ұйымдастырылды. Аудандық кітапхана мен отбасын қолдау орталығы өткізген іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов, зиялы қауым өкілдері, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің лауреаттары және «Бақытты әйел – отбасы тірегі» іс-шарасының белсенді қатысушылары қатысты.
Салтанатты іс-шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов жоғарыда аталған байқаулардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Отбасы – адамзат баласының ең алғаш табан тірейтін киелі шаңырағы, бүкіл қоғамның негізі. Әр адамның өмірлік бағыты мен мінез-құлқы, рухани болмысы, адами қасиеті – бәрі осы отбасынан бастау алады. Қазақ халқы «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Себебі тәрбиенің бастауы, құндылықтың қайнар көзі осы отбасыдан басталады. Әрбір отбасында береке мен молшылық, жылы мейірім орнасын! Шаңырақтарыңыз шаттық пен шуаққа, ырыс пен ынтымаққа толы болсын, – деген аудан әкімінің орынбасары үлгілі отбасылар мен ел игілігі жолында еңбегімен көзге түскен кәсіпкер аналарды марапаттады.
Сонымен қатар «Отбасын қолдау орталығы» ұйымдастырған іс-шарада белсенділік танытқан көпбалалы аналар да марапат төрінен көрініп, сый-сияпатқа ие болды.
– Сақтан қалған салтымыз бар, ғұннан қалған ғұрпымыз бар, түркіден қалған жұртымыз бар. Қазақтың қазақ болғаннан өзінің мәдениеті, жазуы, салт-дәстүрі болған. Оны тарихшылар түрлі жәдігерлермен дәлелдеп келе жатыр. Халқымыздың «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген даналығы бар. Әйел-анаға жүктелер міндет көп. Өкінішке орай, еліміз ажырасу саны бойынша екінші орында тұрмыз. Бұл – қоғамның тұрақсыздығы. Әрбір ажырасқан отбасының соңында бала қалады. Бұл – баланың бақытын ұрлау болып табылады. Қазір атадан қалған ұлттық салт-сана жойылып бара жатыр. Бұл бір ғана отбасының қасіреті емес, қоғамның қасіреті. Келешек ұрпақ тәлімді болсын десек, оны тәрбиелеуді бүгіннен бастау керек. Тілімізді, ділімізді, дінімізді сақтауды бала санасына ертерек сіңірсек, болашақ та жарқын болмақ, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков.
Сондай-ақ аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық әйелдер кеңесінің төрағасы Гүлжауһар Раева сөз алып, жарасымды жанұя жөнінде орамды сөз, өнегелі әңгіме өрбітті. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірудің өте маңызды екеніне басымдық берді.
Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздарының орындауындағы көркем ән-күй кеш көркін аша түсті.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ