Екпенің пайдасы

Бүгінгі таңда адам денсаулығын қорғауда және қауіпті аурулардың алдын алуда вакцинацияның маңызы ерекше. Ғалымдар да, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да екпенің тиімділігін дәлелдеп отыр. Вакцина – ағзаға әлсіретілген немесе арнайы дайындалған микроб бөлшектерін енгізу арқылы иммунитет қалыптастыратын медициналық шара. Вакцина салдырған адамның ағзасы белгілі бір ауруға қарсы қорғаныс қабілетіне ие болып, дертке шалдыққан жағдайда оны жеңіл өткереді немесе мүлде ауырмайды.
Әлемде кезінде миллиондаған адамның өмірін жалмаған шешек ауруы бүгінде екпенің арқасында толық жойылды. Сондай-ақ полиомиелит, көкжөтел, қызылша және туберкулез сияқты дерттердің таралуы да айтарлықтай азайды. Қазақстанда бала дүниеге келген алғашқы күннен бастап жоспарлы түрде екпелер егіледі. Бұл – әрбір сәби мен азаматтың денсаулығын қорғауға бағытталған мемлекеттік деңгейдегі маңызды шара болып табылады.
Елімізде қолданылатын вакциналар халықаралық талаптарға сай дайындалады және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бақылауынан өтеді. Олардың сапасы мен қауіпсіздігі толық тексерілген. Вакцинация ең алдымен аурудың алдын алады, қауіпті індеттің таралуына жол бермейді, қоғамда қауіпсіз орта қалыптастырады. Сонымен қатар емделуге қарағанда алдын алу әлдеқайда тиімді әрі арзан, ал балаларға жасалатын екпелер олардың болашағын қорғап, ұрпақ денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары әлеуметтік желілерде вакцинаға қарсы түрлі жалған пікірлер таралуда. Кейбір азаматтар осы қауесетке сеніп, екпе алудан бас тартып жүр. Алайда ғылыми деректер екпенің пайдасы орасан зор екенін дәлелдеді. Оның зиянды әсері жоққа тән, ал қоғамға тигізетін пайдасы зор.
Сондықтан әрбір тұрғын өз денсаулығына және жақындарының амандығына жауапкершілікпен қарағаны жөн. Жоспарлы екпелерді уақытында алып, балаларымыздың да егулерін назардан тыс қалдырмайық. Қармақшы ауданы бойынша барлық емханалар мен дәрігерлік пункттерде вакцинация жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Екпе – ертеңгі күннің кепілі. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолды іздеген әлдеқайда дұрыс.
Алия Нұрмағанбетқызы
Қармақшы аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы