» » ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ – ҰСТАЗДЫҢ ҚОЛЫНДА

ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ – ҰСТАЗДЫҢ ҚОЛЫНДА

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен дәстүрлі республикалық Тамыз конференциясы өтті. Ауқымды жиында білім беру саласындағы басты мәселелер мен алдағы міндеттер талқыланды. Президент өз сөзінде ұстаздарға деген құрмет пен білім саласына көрсетіліп жатқан қолдаулар жайында кеңінен айтты.
Президент ең алдымен барлық мұғалімді дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуымен құттықтап, ұстаздардың ел дамуына қосып жатқан өлшеусіз үлесіне тоқталды.
– Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер жас ұрпақтың бойына білім мен тәрбиенің дәнін егіп, озық ойлы, зияткер ұлт қалыптастырып келесіздер. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы соңғы жылдары білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. 2019 жылдан бері бұл салаға бөлінетін бюджет үш есе артқан. Соның нәтижесінде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 жаңа мектеп ашылыпты.
– «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тағы 217 мектеп салу жоспарланған. Қазірдің өзінде 128 мектеп бой көтерді. Сонымен қатар Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 60-тан астам мектеп салынды, тағы 30-ы салынып жатыр, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтардың әлеуметтік жағдайына да ерекше тоқталды. Соңғы төрт жылда мұғалімдердің жалақысы екі есеге өскен. Бүгінде 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленіп отыр.
– «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы бекітілді. Қазір бұл атаққа 74 мұғалім ие болды. Бұл – барша ұстаздарға көрсетілген құрметтің белгісі, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, мұғалімдерді міндетіне жатпайтын артық жұмыстардан босату, мектеп басшылығына үздік кадрларды тарту мәселелері де жолға қойылғанын айтты. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы аясында 332 маман мектеп директоры болып тағайындалған. Президент сөзінде педагогикалық мамандықтарға жастардың қызығушылығы артып келе жатқанын да айтты. Биыл 2 мыңнан астам «Алтын белгі» иегері ұстаздық жолды таңдаған. Бұл – барлық үздік түлектің 23 пайызға жуығы.
– Биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінді. Педагогика мамандығында оқитын студенттердің шәкіртақысы 84 мың теңгеге дейін көтерілді. Осындай нақты қолдаулардың нәтижесінде жастардың ұстаз болуға деген ынтасы күшейіп келеді, – деді ол.
Президент өз сөзінде оқушыларымыздың халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне де тоқталды. Биыл қазақстандық оқушылар беделді халықаралық олимпиадалардан 27 алтын медаль, жалпы саны 1000-ға жуық жүлде жеңіп алған.
– Мен осындай озат оқушылармен Ақордада кездесіп, марапаттадым. Олар елімізді әлемге танытып жүр. Бұл – ұстаздардың ерен еңбегінің нақты нәтижесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы білім саласын дамыту – мемлекеттің басты басымдығы екенін тағы бір мәрте атап өтті. Ендігі мақсат – қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, білім сапасын үздіксіз жетілдіру.
– Жаһандану дәуірінде озық білім мен жаңа технологияны игерген ел ғана алға шығады. Сондықтан мұғалімдердің жаңа толқынын даярлау – айрықша маңызды жұмыс. Арқаны кеңге салуға болмайды. Алда атқарар іс әлі көп, – деді Президент.
«ҚТ» ақпарат
16 тамыз 2025 ж. 48 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

№60 (10428)

12 тамыз 2025 ж.

№59 (10427)

09 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 225
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031