КЕҢ ПЕЙІЛ МЕН ТАР ПЕЙІЛ
Киіз үй, Қазақы ауыл,
Бәрі алыста,
Сағым боп сонда қалған балалық та.
Ер мінез, еңгезердей Ержан жігіт,
ЖОО-да оқып, бейімделген қалалыққа.
Өңі де шырайланған шыр біткелі,
Бөлердей беделге ие құрметке елі.
Кешегі құмды кешкен күстабаның –
Бүгінде баспасөздің қызметкері!
Сөз сүзіп,
Сараптап һәм саралайтын,
Тірлігі тілшіліктің маған айқын.
Жылт еткен жаңалықты жариялап,
Аймақты ақ шаңға орап аралайтын.
Жатыс жоқ желке қасып жексенбіде,
Ұқсайды-ақ жортуылы көшпендіге.
Ауыл – деп, ауылдағы беу, бауыр, – деп,
Жел айдап «Пазикпенен» жеткен, міне.
Алыстан ат арытып ара-тұра,
Барғанда арта түскен «бағасы» да.
Сәскеде «Ассалау...!» деп сәлем берсін,
Жағасы жайлаудайын ағасына.
Көктемгі мезгіл. Науқан.
Жер кеппеген.
Үйде әйел, түз адамы – еркек деген.
«Ий, қайным, төрлет! Қазір келеді ағаң»
Етжеңді жеңгей осы, – елпектеген!
Ширақтық, сөзуарлық – екі «өнері»,
Пысық деп айтар ма еді бекер елі.
«Оқымай қалдым» – дейді ол,
Әйтпегенде
Мектепте «Завуч» болып кетер еді.
Ағытқан арзуын, сәл тұнжырап қап:
– Көрінбей кетіп едің тым жырақтап.
Қамданып жатқанымда түскі асқа
Дөп түстің,
Жүрермісің бізді мақтап.
Сақадай сайлап-майлап ат арбасын,
Үй болған әлдеқашан қатарласың.
Құшақтап өтесің бе қу тізеңді,
Ақ төрем, әкелмексің қашан қатын?
Қағытса – қайны ініге еркіндеген,
Бастысы, бетпақ емес бейпілдеген.
Мұндайға мән бермейді мырза жігіт,
Себебі, құлағының еті үйренген.
...Талтүсте жіпсіп жатар жер қарасы,
Егінжай – бұл қазақтың иен даласы!
Екі елі батпақ орап етігіне,
Жағасы жайлау әлгі келді ағасы.
Қалмайды қанға тартса – қары сынып,
Көңілден кезектесіп «ән ұшырып».
Қайыру бермей, ұзақ көсілмес пе,
Тиегі әңгіменің ағытылып.
Әкеден өнеге алған, ата көрген,
Аңқылдақ ағайынмен жасарар ма ең?!
Тәбеті тартып асқа,
Тойғаны, рас
– Төрт түйір картоп қосқан макаронмен.
Арзыса аздау айлық, аз ақшаға,
Дүкенде сыра, әлде шарап бар, ә!
Жүгірмек еді жеңгей,
Жолын бөгеп
Қарызға кіргізбеген қонақ бала.
Қонақжай,
Арамза ойдан азат пенде –
Қазағым,
Қасиет бар ғажап сенде!
Союға таппаса да көк ешкіні
Тоюға болады екен қабақпен де.
...Беу, аймақ!
Аспаны ашық, дала жарқын.
Төгіп тұр нұрын көктен қараған Күн.
Сағыздай созып даусын «Ас - са - лау... !» деп
Көшелес келесі үйге бара қалсын.
Ит – ит қой, ауладағы ырылдаған,
Шаттығын иесінің кім «ұрлаған?».
Селқостау созып қолын қара бұжыр,
Еріні болар-болмас жыбырлаған.
– Әй, қайсың барсың, шәй қой!?
– Жоға, кетем. (Болмаса қайтпек пейіл алабөтен?).
– Ымм, – деген ыңыранып.
– Қашан келдің?
– Кешкісін
– Ә. «Келдің бе жаңа» десем...
Тырыса түскен сынды маңдайы әлі,
– Не кәсіп?...
– Кәсібім де сол – баяғы
– Кеміріп жүрмін десей қағазымды.
(Шашылып диалогтың қалды аяғы).
Мінезі-ай, мысқылдауға құмар өзі,
Әзіл ме? Қиыстырса ұғар еді.
Диктафон қосылмастан қалды адыра.
Желге ұшып сұхбаты да бір әдемі.
Қорадан қолды еткендей ала тайын
Түнерткен нендей себеп ағатайын?
Төрінде терлеп-тепшіп ішпек қалай
Құлықсыз құйса жеңгей қара шәйін.
«Неге жат бір-біріне қазіргі адам?»
Сері отыр сол сұрақтан арылмаған.
Шұжық, сыр дастарқаннан табылса да,
Кең пейіл, шын ықылас табылмаған.
Шырайлы шаңыраққа қонбас па құт?!
Сыңайлы бұл әулетте болмас бақыт.
Тәтті торт тәбетін де тартпаған соң
Қайтуға асықты рас, тез қоштасып.
Көктемдей көңіліңе кірбің ұйып,
Туыспен түсініспеу – бұл бір күйік.
Барғаны бастапқы үйге еске түскен,
Еті жоқ макароны тілді үйіріп.
Қос жақын қайшыласып...
Қап, әттеңі!
– Сыйластық – тамақта емес, қабақта еді.
...Тарылған тынысты ашқан Дала аман бол,
Аман бол, сен де елімнің ғажап көгі!
Достық ТІЛЕУБЕРГЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
облыс әкімінің «Тұран – 24» сыйлығының иегері
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
облыс әкімінің «Тұран – 24» сыйлығының иегері