» » ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ

ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ

Адамзат тарихында сирек туатын алып тұлғалар болады. Олар – белгілі бір халықтың, бүкіл адамзаттың рухани дамуына әсер ететін, ғасырлар өтсе де есімдері жаңғырып отыратын қайраткерлер. Қазақ халқы үшін сондай ұлы тұлғаның бірі – Абай Құнанбайұлы.
Есімдері тарих күнделігінің беттеріне алтын әріптермен жазылып, мұралары ұрпақтан-ұрпаққа жететін мұндай жандар туралы ақынның өзі «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп жырлады емес пе? Жас ақын Нұржан Өмірбаевтың сөзіне жазылған, әнші Қуандық Рахым шырқайтын әндегі «Өлмейтіндер, өмірге екі келмейтіндер» деген жолдар да тыңдаған адамын түрлі ойға батырып, сол тұғырға лайық тұлғалар бейнесін көз алдыңа әкеледі.
Биыл қазақтың дана ойшылы, ұлттың рухани көсемі, ақын, философ, композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Мерейлі жыл ұлтымыздың рухани қазынасын ұлықтап, Абай мұрасын жас ұрпақ санасына терең сіңіру үшін үлкен мүмкіндік тудыратыны анық. Бұл – қазақ халқының рухани жаңғыру жолындағы темірқазығы Абай мұрасының өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдейтін тарихи белес. Мемлекет көлемінде аталып өтілетін бұл жыл ақынның асыл мұрасын кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың жүрегіне сіңіруге бағытталған. Осы мақсатта ақынның туған күнін 10 күн бойы тойлау, өңірлік, республикалық деңгейдегі түрлі шаралар өткізу жоспарланды.
Абай – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан даналығын, ар-ожданын, ұлт болмысын өз шығармашылығына арқау еткен дара тұлға. Ол терең ойшыл, парасатты педагог, нағыз ағартушы ретінде де танылды. Ақынның қаламынан туған әрбір өлең, әр жол қара сөзі адамды тәрбиелеуге, рухани жетілуге, адалдық пен білімге үндейді.
Ақын өмір сүрген дәуір қазақ қоғамының тарихи өтпелі кезеңі еді. Ол XIX ғасырда өмір сүрсе де, ХХІ ғасырдың адамына тікелей арнап үн қатқан, замана көшімен қатар үндесе алды.
Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы қазақ елінің тағдырымен тығыз байланысты. Ол қазақ даласында алғаш болып «адам болу» идеясының мазмұнын ашып, оны бүкіл шығармашылығының өзегіне айналдырды. Отарлық езгіден қажыған, надандық пен жалқаулыққа бой алдырған елінің жағдайын көріп, күйінді. Бірақ сын айтумен ғана шектелмей, Абай халықты оятудың жолын, яғни өзі шығармашылық арқылы ағартушылыққа, білім мен еңбекке үндеді. Ақын өлеңдері жастарды ізденуге, пайдалы болуға, адамдық қасиеттерді ту етуге шақырды.
Абайдың поэзиясы – терең философиялық мәнге ие. Ақынның
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба...»,
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан...», – деп басталатын өлеңдері мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндердің жасына, ойына, қабылдауына сай келіп, білімғылымның, өнердің, өмірден өз орныңды табудың жолын нұсқаса, «Көптің аузын күзетсең күн көрмейсің», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...» секілді өлеңінің әрбірі ұлт тағдырына, адамгершілікке, рухани өрлеуге бағытталған.
Абай Алланы да, адамды да, махаббатты да, табиғатты да тереңінен танып, толғады. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» деген жолы – бүгінгі ұрпаққа арналған мәңгілік өсиет.
Абайдың 45 қара сөзі – нағыз өмір мектебі. Онда ұлы ойшыл адамгершілік, әділет, мінез, ынсап, мейірім, ұят, намыс сынды ұғымдарды терең философиялық тұрғыда талдайды. Бұл мұралар бүгінгі қазақ қоғамы үшін де өмірлік бағдаршам іспетті. Абай мұрасы – ұлттық құндылық.
Абай шығармалары әлем халықтарының тілдеріне аударылып, ЮНЕСКО көлемінде танылған ұлы мұраға айналды. Ол – ұлттық сананың оянуына негіз болған гуманист тұлға.
Абай қазақ халқының ұлттық болмысын сақтап қалудың жолын білім мен ғылымнан, өнер мен адамгершіліктен іздеді. Ол Шығыс пен Батыстың озық ілімдерін өз бойынан өткізді. Осы жолда аударма саласына да өз қолтаңбасын қалдырды. Пушкин, Лермонтов, Крылов, Байрон сынды әлем классиктерін қазақ тіліне аударып, халқына ұсынды. Жай ғана аударған жоқ, қазақ халқының таным-түсінігіне сай, жұп-жұмыр, айналасын теп-тегіс етіп ұсынды. Түпнұсқа мен аудармасын оқып, оның ойды жеткізудегі шеберлігіне, сөз қолданысына таңдай қақпасқа амалың жоқ.
Абай мұралары бірнеше ғылым саласының зерттеу нысанына айналғаны қашан. Өлеңдері мен қарасөздері әдебиеттанушы, тілші ғалымдар үшін көптеген зерттеуге жол ашса, даналық ойлары, философиялық тұжырымдары педагогика, психология, тарих, философия саласында да белгілі бір мәнге ие. Тәрбиелік ұстанымдарды нақты көрсетіп, бүгінгі педагогика мен психология ғылымының да алтын арқауына айналып отыр. Әндері мен кейінгі 30 жылдың көлемінде ғана айтылып жүрген күйлері музыка саласының құнды жәдігерлері қатарында. Абай шығармашылығы туралы сөз бола қалса, оны бір ғана мазмұнда, бір ғана бағытта жеткізу мүмкін емес. Себебі ақын мұралары сан-салалы.
Тәуелсіз Қазақстан үшін Абай мұрасы – ұлттық идеологияның, рухани жаңғырудың темірқазығы. Абай айтқан «толық адам» ілімі қазіргі заманға сай өркениетті, парасатты қоғам құру жолындағы басты ұстаным болуы тиіс. Ақынның осы «толық адам» ілімін қоғамға насихаттау ісіне белгілі абайтанушы, әдебиеттанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы үлкен еңбек сіңірді. Арада қанша уақыт өтсе де соның мән-маңызын жете түсіне алмай жүргеніміз өкініштіақ. Абай сөзі – жүрекке жететін шындық, өмірді өзгертетін күш. Сондықтан Абайды оқу – өткенді тану ғана емес, келешекті бағдарлау, ұлттық сананы жаңғырту. Бүгінгі таңда Абай атындағы мектеп, университет, ғылыми орталықтар әлемнің бірнеше елінде жұмыс істеп тұр. Бұл – ұлы ойшылдың мұрасына деген құрметтің айқын көрінісі.
Бүгінде Абай атындағы ғылыми-зерттеу орталықтары, мектеп пен жоғары оқу орындары ақын мұрасын терең зерттеп, насихаттауға күш салуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтылғандай, ұлт ұлының идеялары елдің жаңа даму кезеңіндегі басты рухани бағдар болуы тиіс. Абайдың 180 жылдығы – ақын мұрасын жаңа ғасыр биігінен зерделеу, заманауи ойтолғамдармен сабақтастыру жолы.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
10 тамыз 2025 ж. 61 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№60 (10428)

12 тамыз 2025 ж.

№59 (10427)

09 тамыз 2025 ж.

№58 (10426)

05 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 203
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031