Мәдениеті өскен ел, өркениетке көшкен ел
Жақында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында Қармақшы ауданының тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Онда ауыл адамдарының ақ адал еңбегі, тынымсыз тірлігі мен ұрпақ тәрбиесі жолындағы ғибратты өнегесі өсер елдің өрісін кеңейтіп тұрғанына куә болдық.
Қармақшы – кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келе жатқан аудан. Жергілікті тұрғындар көктем келісімен кетпен-күрегін сайлап, дала төсін дүбірге бөлеуді дәстүрге айналдырған. Жер-ана жомарттығынан танған емес. Бейнетіне қарай зейнетін көріп жүр. Одан бөлек аудан орталығы да жаңарып, заманауи талапқа сай жаңғыра түскен. Жастар орталығының жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Мұнан бөлек мәдениет үйі жанынан құрылған үйірмелерде жас таланттар шоғыры қалыптасып, білім саласы жаңа белеске көтерілген. Аудан бойынша инновациялық инфрақұрылым көрсеткіші жоғары. Сонымен қатар, ауылдық елді мекендерге «көгілдір отын» жеткізу ісі қарқынды іске асырылуда.
Бір сөзбен айтқанда, Қармақшы өнер мен спорттың ғана емес, барлық саланың өркендеген жеріне айналып отыр. Осыдан болар ел арасында «мәдениеті өскен ел, өркениетке көшкен ел» деген қанатты сөз бар. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген сүбелі сөз осындайдан шықса керек-ті.
ТЫНЫМСЫЗ ТІРЛІГІМЕН ҮЛГІЛІ АУЫЛ
Әлқисса, біз аялдаған алғашқы нысан – Қармақшы ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт. Өткен жылы пайдалануға берілген медициналық ғимарат ауыл халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Айта кетейік, аудан бойынша дәл осындай типте өткен жылы Қуаңдария ауылдық округінде де фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, пайдалануға берілді.
ФАП меңгерушісі Шахмардан Нұртасовтың айтуынша, мұнда қажетті барлық медицинилық бөлмелер толыққанды жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, емшараға қажетті құралдар да толық іске қосылған.
Өзі де дәрігерлер отбасында тұрады. Әкесі Нұртас жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болып, зейнетке шыққан. Ал, анасы – мұғалім. Жұбайы аудандық ауруханада лаборант болып қызмет етеді.
– Ауылда 728 адам тұрады. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 214-ті құрайды. Бір жасқа дейінгі балалар саны – 9. Тұрақты ем алушылар саны – 225 адам. Бұған дейінгі ескі фельдшерлік-акушерлік пункт 1956 жылы салынған болатын. Өздеріңіз көріп отырған жаңа заманауи медициналық ғимарат өткен жылы құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Мұнда ауыл тұрғындарына алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіледі. Бейінді мамандарды осында тіркеп, аудандық ауруханаға жібереміз. Таза, жарық, жайлы емханамыз елге үлкен қуаныш сыйлап отыр. Ең бірінші адам денсаулығы маңызды деп қарасақ, бұл ауыл тұрғындарына көрсетілген үлкен қолдау деп түсінеміз, – дейді ФАП меңгерушісі Шахмардан Нұртасов.
Ауылдағы тағы бір жаңалық – орталық алаңның қайта күрделі жөндеуден өткізіліп жатқаны.
Ауыл әкімі Аязбек Есқараевтың сөзінше, ауылдық округ өткен жылы «Үлгілі елді мекен» конкурсына қатысып, «Таза ауыл» номинациясын ұтып алып, 15 млн теңге қаржылай сыйақымен марапатталды. Аталған қаражатқа ауылдың орталық алаңына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта «Қармақшы құрылыс» ЖШС мекемесі ұтып алып, жұмыстарды бастап кетті. Жұмысшылардың басым бөлігі – ауыл азаматтары.

ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫН ЖАҢҒЫРТУ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН
Қармақшы ауылынан соң аудан орталығына аялдадық. Жосалы теміржол вокзалы ауданның құрылу тарихымен тұспа-тұс. Қармақшының қақпасы саналатын теміржол стансасы көптен жөндеу көрмеген. Соңғы рет 2012 жылы жөндеу жүргізілсе, он жылдан аса уақытта тозығы жетіп, қайта жөндеуді қажет етіп тұрған болатын. Биыл «сабақты ине сәтімен» дегендей, реті осы жылға жобаланып, жөндеу қолға алынған.
Құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ. Бас мердігер «Р и А Сервис ЛТД» ЖШС мекемесі болып танылған. Жөндеу ісі ағымдағы жылдың басында бастау алып, жыл соңына дейін толыққанды аяқтап, ел игілігіне табыстау көзделіп отыр.
– Жосалы теміржол вокзалының жөндеу жұмыстарының жалпы жоба құны – 526 млн теңге. Бұл вокзал тәулігіне 200 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Қазіргі уақытта 25 адам жұмысқа тартылған. Ғимаратта он үш қызметкер жұмыс істейді. Құрылыс барысында нақты көрініс нысанның ішкі, сыртқы келбеті толық жаңғыртудан өтетін болады. Жоғары жабындысы қайта қапталады. Сонымен қатар, аумағы жасыл желекпен абаттандырылады, – деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Самат Қабақов.
КӘСІПОРЫН МҮМКІНДІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Ауданда ілгеріден келе жатқан іргелі мекеменің бірі – «АНК-Дәулет» ЖШС. Кәсіпорын жер қойнауын пайдаланумен айналысады. Құрылыс құмын және құм аралас қиыршық тас шығарады. Бір жылдық көлемі 40 мың текше метрді құрайды.
– Өндірілген өнімін еліміздің түкпір-түкпіріне келісімшарт негізінде экспорттауда. Өткен жылы «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы бойынша 60 млн теңге көлемінде несие алып, кеуекті кірпіш (газоблок) өнімін шығаруда. Өнімді негізінен аудан тұрғындары көптеп пайдалануда. Газоблок цехында 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Аудан кәсібін дамытуға зор үлесін қосып отырған кәсіпорын болашақта жұмыс ауқымын кеңейтіп, өндірісін арттыра түспек ниетте, – деді өндіріс бастығы Талғат Құлымбаев бізбен әңгімесінде.
– Расымен ауданымызда кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді. 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін ауданда 3205 кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында 33 жоба қаржылай қолдауға ие болды. Сонымен қатар, жаңа бизнес-идеяларды дамыту үшін әлеуметтік осал топтар арасынан Байқоңыр қаласынан 11, Қармақшы ауданынан 37 адамға қайтарымсыз грант беру мақұлданды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеп отыр, – деді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Рауан Әбдіқасов.

ҚАСИЕТТІ ҚАРМАҚШЫ, БІР ӨЗІҢДЕ БАР ЖАҚСЫ
Кентке кіреберіс аумақта егілген тал көшеттері аудан ажарын айшықтай түскендей. «Жер тұзданып кеткен, оған тал егу – бекершілік» деген «мысықтілеулілердің» көмескі ниетін көгерген ағаштар анадайдан менмұндалап, жоққа шығарғандай. Одан бөлек, орталық алаңға жақын жол бойындағы осындай сәмбі талдарды көргенде көзге қуаныш сыйлап, көңіл құсын көкке шарлатуда.
– «Қасиетті Қармақшы, бір өзіңде бар жақсы» деп жырлағандай, ауданымызда қазір жағдай едәуір жақсарған. Кент көшелерінің тазалығы, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті арта түскен. Өзім осы ауылдың байырғы тұрғынымын. Жастар бұрынғыдай қалаға ағылып, көшуді тоқтатқан. Оған себеп – тұрақты жұмыс көзінің көбеюі, кешкі демалыс орындарының ашылуы. Тұрғын үй кезегіне тұрушылар қатары азайып жатыр. «Мөлтек» ықшам ауданында инфрақұрылым жақсарған. Ол жаққа қоныстанушылар қатары жыл сайын артып, кентіміздің аумағы кеңіп жатыр. Білім, спорт салаларында серпінді іс көп. Бұл мерейімізді тасытып, абыройымызды асыруда, – деді Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер Қаршыға Есдәулетов.
ЖАҢАРУ мен ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҢАЖОЛ
Журналистердің баспасөз туры мұнан әрі Жаңажол ауылында жалғасты. Сыр шайыры Дүр Оңғар Дырқайұлының атымен аталатын ауыл ахуалы айрықша дамыған. Жасыратыны жоқ, аудан орталығы болуға сұранып-ақ тұрған ауыл.
Біз аялдаған алғашқы нысан – ауыл алмабағы. Алғаш 2017-2018 жылдары көшеттен егілген талдар өткен жылдан бері жеміс беріп келеді.
Ауыл іргесінде орналасқан жеміс талдары аз уақыт ішінде бой көтеріп, топырағына тамыр жайып үлгерген. «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Орынбасар Төлеповтің айтуынша, егіс алқабы толық тегістеліп, бес гектар жерге 8600 түп алма ағашы отырғызылған. Қазір соның 80 пайызы көктеп тұр. Көшеттер Жамбыл облысы Меркі ауданындағы тұқымбағынан арнайы алдырылды. «Голден делишес», «Старкримсон», «Мельба», «Столовка», «Қызылай» деген сорттар бар.
Шаруашылық иесі ауылды жасыл желекке, саялы баққа айналдырып, ауыл халқына таза табиғи өнім ұсынуды көздейді.
Айта кетейік, Дүр Оңғар – облыс көлеміндегі іргелі шаруашылықтардың бірі.
– Алма бағы негізінен көп күтімді талап етеді. Жерді атыздап, суарып, тұзын астына қарай жібердік. Арнайы дәрісін алдырып, топырақ қуатын арттырдық. Нәтижесі жақсы. Қазір күннің ыстығына байланысты көшеттер тәулігіне екі мәрте тамшылатып суарылады. Уақытылы дәрі-дәрмегін беру, отақтан тазарту да жемістің мол болуына септігін тигізеді. Бұл өзімізге етене таныс күріш емес, сондықтан үнемі күтімді қажет етеді, – дейді шаруашылық төрағасы.
СПОРТҚА СЕРПІН, МЕДИЦИНАҒА МӘН БЕРГЕН
Сонымен қатар, аталған ауылдың орталық алаңы жаңа кейіпте жаңғыртылған. Жаз мезгілі кешқұрым ауыл жастарын осында кездестіресің. Шаруашылық қолдауымен салынған жаңа алаң заманауи су бұрқақтары мен ойын алаңдарымен безендірілген. Сондай-ақ мұнда жақында ашылған емхана жұмысы жақсы жолға қойылған.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, емхана кез келген науқасты қабылдауға дайын. Медициналық апараттардың сапасы жоғары. Мамандар жүйелі жұмыс атқаруда. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындары аудан немесе облыс орталығына баратын болса, енді ауылдық ауруханаға келіп, қызметіне жүгінеді.
Бұл аудан медицинасындағы кейінгі жылдардағы ең үлкен жаңалықтың бірі болып отыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, аудан бойынша медицина сапасы артып, ауылдық елді мекендерге емхана салу жақсы үрдіске айналған. Бұл – үкіметтің ауыл халқының жағдайын жақсартуға жасалған қадамының көрінісі.
Спорт клубында да ауыл жастары ұдайы дайындалып, білікті бапкерлерден тәлім алуда.

БАЛАЛАР ОЙНАЙТЫН АЛАҢҚАЙ ЖОҚ
III Интерноционал ауылында бұған дейін ауыл балалары ойнайтын алаңқай жоқ болатын. Енді ол мәселе толығымен оң шешімін тауып отыр. Ойын алаңы балалардың ең көп баратын жері десек, артық айтқандық емес.
– «Қармақшы ауданы ІІІ Интернационал ауылындағы спорт кешенінің құрылысы» нысаны бойынша Ұлттық қордан құрылыс жұмыстарын бастауға арнайы қаржы бөлініп, конкурс жеңімпазы болып, мердігер мекеме «Астана сервис ЛТД» ЖШС танылған болатын. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, санаулы күнде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл расымен ауыл жеткіншектері үшін үлкен сый болмақ, – деді ауылдық округ әкімі Жеткерген Қалымбетов.

ӘКІМНІҢ АЙТАРЫ
Аудан әкімі Жандос Еркінбектің айтуынша, ауданда әлеуметтік-экономикалық өсім, инфрақұрылымдарды жаңғырту, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жоба іске асырылып, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға айрықша мән берілуде.
– Қармақшы ауданында макроэкономикалық өсім бойынша барлығында оң көрсеткіштер қалыптасып отыр. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі 118,7 пайызды, өңдеу өнеркәсібі 118,6 пайызды, ауыл шаруашылығы өнімі 101,8 пайызды, негізгі қорға салынған инвестиция 103,1 пайызды, құрылыс жұмыстары 109,1 пайызды, тұрғын үйді пайдалануға беру 119 пайызды, бөлшек сауда көлемі 102,3 пайызды құрады. Әлеуметтік сала бойынша халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу жоғары деңгейде орындалуда. Жұмыс іздеуші ретінде «Мансап орталығына» хабарласқан 3131 адамның 389-ы бос жұмыс орындарына орналастырылды. Аудан бойынша 2025 жылы бюджеттен тыс демеушілер есебінен көмекке мұқтаж 2 азаматқа 15 млн теңгеге тұрғын үй сатып алып берілсе, 534 адам 3,2 млн теңге көлемінде азық-түлікпен және басқа да көмектермен қамтамасыз етілді. Аудан бойынша барлық елді мекен тұрғындары орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Елді мекендер халқын тұрақты ауызсумен қамту мақсатында биылғы жылы Ақтөбе және Ақжар ауылдарында су насостарының тозығы жетуіне байланысты 2 дана ұңғыма насосын сатып алуға аудандық бюджеттен 1,2 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Аудан көлемінде жол жөндеу, көше жарығы, жаяу жүргіншілер жолы бойынша да қарқынды жұмыстар атқарылуда. Алдағы кезеңдерде де осы бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ