» » Шабытты Шәмшат апа

Шабытты Шәмшат апа

Мен Шәмшат апаны 1975 жылдан бастап жақын білемін. Ауданда жыл қорытындысына арналған еңбек озаттарының салтанатында келіп жыр толғайтын. Қарақұм, Қызылқұм өңірінде өтетін дәстүрлі аудан малшыларының слетінде ақбоз үйде түннің бір уағына дейін жыр айтқанын іргеде отырып талай тыңдағанмын. Сол жылдары облыстық «Алтын дән» мерекелері ерекше қызықты еді. Жыраулар сайысы, ақындар айтысы, ат бәйгесі, жорға, атан жарыс ұйымдастырылды. Сыр бойында осы мерекелердің төрінде Шәмшат апаның үкілі домбырасы сөз бастайтын.
1980 жылы қазақ өнерінде бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға болды. Ол Қармақшы ауданында күй атасы Қорқытқа арналған төрт қобыз бейнеленген ескерткіштің ашылуы еді. Бүкіл түркі жұрты орнынан тұрып кеткендей болды. Артынша Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің күмбезі бой көтерді. Шәмшат апа Қорқыт ескерткіші жанындағы амфитеатрдың төрінде жер кіндігінен ғарыш көгіне жыр толғап тұсаукесер рәсімін жасады. 1980 жылы 8-9-тамызда Қызылорда қаласында өткен бірінші облыстық ақындар айтысында сахнаға алғашқы болып құндыз бөрік, қос етек көйлек, оюлы қамзол, ақ орамалмен үкілі домбыра ұстаған Шәмшат апа сахнаға шыққанда қалың қауым орындарынан тұрып, құрмет көрсетті. Ұзақ жыл сарғая күткен, Рүстембек пен Нартайдың шәкірті сандуғаш үнді Шәмшат жыршыға деген ел сағынышы еді. Міне, мен осы күннен бастап апаның жандүниесін терең сезіне бастадым. Сөйтіп, 1995 жылға дейін он бес жыл бойы облыстық, аймақтық ақындар айтысына бірге барып, бірге сахнаға шығып, бірге тамақтанып, бірге қайттық.
1983 жылдың 28-29-мамырында қазақ әдебиетінің Сыр бойындағы күндеріне орай Тұрмағамбет шайырдың 100 жылдығына арналған мерейтой өткізілді. Оған белгілі ақын-жазушылар Ж.Молдағалиев, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, С.Жиенбаев, Ә.Жәмішов, А.Нысаналин, Ә.Жам­ былов, Н.Лушникова, А.Құдай­ бердиев, М.Көкеновтер қатынасты. Шәмшат апа солардың ортасында жүрді. Ол осы күндері Сыр сүлейлері Ешнияз, Кете Жүсіп, Балқы Базар, Тұрмағамбет, О.Шораяқұлы, Ә.Егіз­ баев, Ә.Оңалбаев жырларын маржан мақамдармен төгілтті, жыршылық өнердің патшайымына лайықты екенін танытты.
1980 жылдардың ортасында жүз шайыр жыр төккен Қармақшы ауданында жыршы-термеші мектебі мен үйірмелері қанат жая бастады. Бұл іске Шәмшат апа бел шешіп кірісіп кетті. Ол ұстазы Рүстембек жырау атындағы жас жыршылар үйірмесін ашып, термеші шәкірттер тәрбиелеуді қолға алды. Аудан орталығындағы №105 қазақ орта мектебіндегі он бес оқушы қызды шәкірт етіп қабылдады. Шәкірттері арасында Ақерке Өтепбергенова, Шаттық Қарабекова, Алтынай Әбиханова, Мария Сартова, Бақтыгүл Ысқақова, Жарқынбек Тұрымбетов, Ерхан Кәрібозов, Серікгүл Есіркегенова және Айгерім Ешбаевалар облыстық, аймақтық, республикалық байқау, фестивальдердің лауреаты мен жүлдегері атанды. 1989 жылы аудандағы жыраулар мектебінің істәжірибелерін барлық ауданға тарату жөнінде арнайы шешім қабылданды.
Шәмшат апа Балқы Базар жыраудың туғанына 150 жыл толу қарсаңында «Базар жырау жүрген жерлермен» атты экспедиция құра­ мында бір топ белгілі жыраулармен бірге Өзбекстан Республикасында өнер сапарында болып, Бұқара, Науаи облыстарының Тамды, Кенімық, Үшқұдық аудандарымен Тауелібай аймағын дүр сілкіндірді. Оларға рухани күш-қуат сыйлады.
1988-1989 жылдары Қазақтанда Наурыз мерекесін тойлауға даңғыл жол ашылды. Қармақшылықтар республикада алғашқылардың бірі болып ақшаңқан киіз үйлер тігіп, дәстүрлі сахналық композициялар жасап, өзге жұртқа үлгі-өнеге көрсетті. Наурыз мерекесі жыраулар шеруімен басталды. Сол бір салтанатты шақтардағы Шәмшат апа шырқаған шалқыма саздар мен мақпал мақамдар тыңдаушылар жүрегінен өшпек емес. Шәмшат апа 1990 жылы алпыс жасқа толды. Аудандық мәдениет үйінде дарабоз жыршының мерейтойына арналған салтанатты кеш өткізіліп, осы жолдардың авторы кештің жүргізушісі болды. Мерейтойға обком хатшысы Оңалбек Сапиев арнайы келіп құттықтады. Алматы қаласынан «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы Сайраш Әбішова қатынасып, Шәмшат апаның өнегелі өнер жолы жайлы сөз сөйлеп, жыр анаға теңеді. 1992 жылдың 1 қазаны күні облыс орталығында анамыздың Сыр бойы халқымен шығармашылық кездесуі өтті. Ол республикалық, облыстық теледидарға арнайы түсірілді. Кездесу кешін облыстық телерадио компаниясының бас редакторы Есенгелді Шілдебаев жүргізді. Шәмшат апа құрметіне арналған айтыс ұйымдастырылып, сахна төріне Қали Шыңғысов, Жәмила Ахметова, Серік Ыдырысов, Зухра Төлепова және мен шықтым. Мақсатымыз жыршылық өнер падишасын, көзі тірі Сыр сүлейін кейінгі жас ұрпаққа үлгі етіп ұсыну. Кездесу соңында Алаштың анасы атанған Сыр бойы жұртшылығы дарабоз жырауға ақбоз арғымақ сыйлады. Бұл асылдың тұяғы, алтынның сынығы, аманатын кейінгі жас буынға тапсырып тұрған Шәмшат апаға деген ел сүйіспеншілігі, жыраулық өнерге деген мәңгілік махаббаты еді.
Сыр өңірінде Шәмшат апаны жырына арқау еткен ақындар аз емес. Олардың ішінде Рахмет Батырбаев, Әбдіразақ Мыңжанов, Әлиакбар Жұматаевтар бар. 1999 жылы аудан әкімінің шешімімен Шәмшат апаға «Ғасырдың өнер адамы» номинациясы тапсырылды. 2017 жылы аудандық мәдениет үйіне есімі берілді. Жыраудың 80 жылдығын кейінгі жас ұрпақ салтанатты түрде атап өтті. «Домбырасын моншақтаған жыр жауһарлары» атты қыз-келін­ шектер арасында облыстық жыршытермешілер фестивалі өткізіліп келеді. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Шәмшат Төлепованың жыршылық өнерін кейінгі толқын жалғастыра бермек.
Сәнтөре ПІРМАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
03 тамыз 2025 ж. 363 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (10431)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 261
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031