» » САУМАЛ – САУЛЫҚҚА СЕП

САУМАЛ – САУЛЫҚҚА СЕП

«Сары қымыз сүйегіңе сіңсе, сан ауруды кеседі» деп атабабамыз текке айтпаса керек. Бойдағы кеселді кетіретін сусын дертке дауа, денеге күш береді. Ал қазіргі таңда шипалы қымыз-қымыранға сұраныс өте жоғары. Қазір көпшілік қымызды той-томалақта арақ-шараптың орнына ішуді, сауықтыру шараларына қолдануды жөн көреді. Міне, сондықтан да болар, шетелдік туристер де ұлттық мәдениетімізден ойып тұрып, орын алатын сусынға ерекше құмар. Адам ағзасын артық заттан тазартатын қымыз бен саумал – ұлттық тағамдардың ішіндегі ең құрметтісі. Күтім мен баптауды қажет ететін жылқы малынан өнім алу оңайға соқпасы анық. Осы тұста нәсібін дәл осы кәсіптен көріп отырған әрбір жанға шынайы алғысыңды білдіргің келеді.
Өзіміз де саулық үшін саумалды жиі ішіп тұрамыз. Сонда аңғарғанымыз қазір саумал сұраушылар көп. Табиғи өнімді тұтыну үшін тіпті кезекке де тұрамыз. Халық та таза, табиғи өнімнің құндылығын түсініп келеді. Осы орайда 10 жылдан астам елге саумал ұсынып, саулығына себепші болып келе жатқан жанды әңгімемізге арқау етпекпіз.
Ләззат Бекжанова – ауданға қарасты Қармақшы ауылының тумасы. Сондағы мектепті бітіріп, Қызылорда қаласында байланыс саласы бойынша білімін жетілдіреді. Өмір ағынымен туған мекенге келін болады. Ауданға белгілі түйекеш Әділқасым Демеуовтің отбасына келін болып түскен ол өткен күндерге былайша көз жүгіртті.
– Алғаш келін болып түскенде сиырды да, түйені де саууды білмейтін едім. Атам түйе шаруашылығымен айналысқан соң маған бәрін үйренуге тура келді. Оңай болмады әрине. Алайда барлық нәрсе таза еңбекпен келетіні анық қой. Ал қазір бұл ісім бала-шағамыздың несібесіне айналып отыр. Келін болып түскелі сиыр, түйе, қазір жылқы сауып келемін. Халыққа пайдалы өнім ұсыну – менің басты мақсатым, – дейді ол.
Таң салқынымен тұрып, мал-жанын баптап, саумалын сауатын кейіпкеріміз іске шебер, тірлігі тиянақты, жан-жақты адам. Таңғы жеті мен кешкі жетінің арасында жеті рет тұрғындарға саумал ұсыну – оңай жұмыс емес. Сауудан бөлек, ол жылқылардың бабын жасау бар. Төрттүліктің арасында ең тектісі де осы жылқы малы ғой. Тазалықты ұнататыны тағы бар. Жалпы жылқы малы ішсең – сусын, мінсең – көлік. Ал жаңа сауылған бие сүтінің адам ағзасы мен он екі мүшесіне тигізер пайдасы ерекше. Бойдағы қан айналымын жақсартып, асқазан-ішек жолдарының ауруынан сақтайды.
Сондай-ақ саумалдың құрамында белок, амин қышқылы, тез еритін май, оттегі және организмге керек кальций, натрий, фосфор, калий, темір, магний, бром сияқты минералдар, С, А, В1, В2, В6, В12, Е, РР дәрумендері бар. Жалпы саумалдың құрамында 80-ге жуық биологиялық белсенді қоспалар бар екендігі анықталып отыр. Тағы бір қызығы, сауылғанына 2 сағаттан асқанға дейін саумалдың ешқандай қасиеті жоғалмайды. Оның құрамындағы сұйық оттегі ағзадағы әр жасушаға жетеді. Адам организміне тез сіңіп қана қоймай, түрлі асқазан жараларына, ісік ауруларына ем. Өкпе, бауырды қуаттандырады, қан құрамын реттеп, қантты теңгереді. Сонымен бірге белсіздікті жойып, генді қалпына келтіретін қасиеті де бар.
– Қазақ халқы өзін қымыздың ең мықты сарапшысы деп санайды. Бұл туралы әзілдер халық арасына кеңінен таралып кетсе де, қымыз – төл мәдениетіміздің бірегей бөлігі деп ауыз толтырып айта аламыз. Бағасы қолжетімді болғандықтан, сатып алушылар аудан төңірегінен емес, Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларынан да келеді. Саумалдың арқасында қаншама адам ауруынан айықты, дертіне шипа тапты. Тіпті бірде келініне үзбей саумал ішкізген апай немересінің шілдеханасына шақырып, сый көрсеткені бар. Науқасы ауыр кісілер ішіп, тәуір болып, алғысын жаудырғанда төбеміз көкке бір елі ғана жетпей қалады. Шіркін, шынайы алғыстан артық не бар? Шаршағанымызды осындайда ұмытып кетеміз ғой. Саумалдың пайдасын санамаласақ, санына жете алмайтынымыз анық. Оны күнделікті ішсе, бір аптадан кейін адамның көңіл-күйі көтеріліп, ұйқысы жақсарып, асқа деген тәбеті ашылады. Оның құрамындағы С дәрумені сиыр сүтінен 7 есе жоғары болады. Өзіміздің де елге қызмет етіп, шауып жүргеніміз осы саумалдың арқасы, – дейді кейіпкеріміз.
Расында да кейіпкеріміз жақында перзент санына байланысты зейнеткерлікке шыққан. Зейнет жасына жеткенімен қимылы ширақ. «Ем болсын» деп аналық тілегімен шипалы сусынды ақ жүрекпен ұсынады. Ақ жаулықты ананың қолынан жылы сөз естіп, сіміріп салған саумалың бойыңа қуат, дертіңе шипа бермегенде қайтсін? Ал саумалдан ауысқан бие сүтінен қымыз дайындайды. Оның да өз тұтынушылары бар. Ара-тұра айран ұйытып, құрт жайып, ірімшік де жасайды. Қолы берекелі анамыз жыл сайын мамыр-қазан айларында көпшілікке саумал ұсынады. Ал отағасы теміржол саласында ұзақ жыл қызмет етіп, зейнетке шыққан. Перзенттерінің алды әке жолын жалғап, осы салада қызмет етсе, кішкентайы – әлі мектеп оқушысы. 80-нен асқан қарияны баптап, отбасының бабын жасап, онымен қатар әр екі сағат сайын тұрғындарға саумал ұсынып жүрген Ләззат апайымыз бәрімізге өнеге. Үйренеріміз де, үлгі аларымыз да көп.
Түптеп келгенде қазақтың қымызы мен шұбаты, ағарғаны мен саумалынан артық қандай сусын бар? Сіз де бір сәт тәтті судан тыйылып, шөліңізді қандырып, сырқатыңыздан сергітіп алатын саумал ішіп жүріңіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ



02 тамыз 2025 ж. 165 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№57 (10425)

02 тамыз 2025 ж.

№56 (10424)

29 шілде 2025 ж.

№55 (10423)

26 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 167
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031