» » АЗАН ШАҚЫРЫП ЖАРЫСТЫ

АЗАН ШАҚЫРЫП ЖАРЫСТЫ

Азан – ислам дінінің ұраны. Қазақта «Азаны бар ауыл азбайды» деген қанатты сөз бар. Азанның қоғамға берері көп. Мәселен, қазақтың салт-дәстүрі бойынша дүниеге келген нәрестенің құлағына азан айтылып, ат қойылады. Ондай баланың жолы болып, өмірде өз орнын табады деп күтіледі.
Бүгінде еліміздің әр аймағында азан айтудан жарыстар ұйымдастырылуда. Осыған сай ауданымызда ислам дінінің көркем дәстүрін ұлықтайтын «Әсем әуезді азаншы» атты республикалық байқаудың VI кезеңіне арналған облыстық іріктеу өтті. Бұл рухани шара кезінде аудандағы «Марал ишан» мешітінде 15 жыл азаншы болып, өңірдегі дін саласының дамуына ерекше үлес қосқан Камалбек Нағашыбайұлының рухына арналды.
Кезінде әр бес уақыт сайын мешіттің мұнарасынан Камалбек ағамыздың елді намазға шақырған әуезді азан үнін естімеген аудан жұртшылығы жоқ шығар. Таң тыныштығын тек ағамыздың ерекше дауысы бұзғанда оны ұйып тыңдап, әрі қарай құлшылыққа барғанымыз рас. Оның нұрлы бейнесі мен сабырлы қалпы бүгінде мешіт жамағатының есінде қалды.
Аудандық мәдениет үйінде өткен іс-шараға облыстың әр ауданынан азаншылар қатысты. Байқаудың игі дәстүрі бойынша алдымен қасиетті Құран аяты оқылды. Мұнан соң облыстық бас имамның міндетін атқарушы Жақсыбек қажы Әбиұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Биыл Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толуын республикадан бастап әр өңір ерекше тойлауда. Міне, атаулы датаны атап өту Қармақшы ауданында жалғасып, мешітке қалтқысыз қызмет еткен Камалбек Нағашыбайұлының рухына бағышталып отыр. Ағамыз өмірден өткенге дейін күннің ыстығы мен суығына қарамай мешітке қатынап, азан айтып келді. Қазір ол кісі арамызда жоқ болса да оның ізбасарлары мешітте қызмет етсе, әріптестері жан-жақтан келіп, ғибратты іс-шараның берекесін арттыруда. Кеңестің кезінде азан шақыру, азанның үнін есту арман болды. Ал тәуелсіздігіміз орнаған шақта дін қайта келіп, сол отыз бес жыл ішінде еліміз ислам дінімен бірге жасасты. Тағылымды іс-шараның адамға берер тәрбиесі мол, қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді дін өкілі.
Іс-шарада азан айтуға машықтанған, мешіттерде имам немесе наиб-имам болып қызмет атқаратын діндарлар сайысқа түсті. Азаншыларға қойылған басты талап – дауыстың зор болуы, араб әріптерінің махраждарын жақсы білу, әдемі әуезге салып орындау ескерілді. Одан бөлек сұраққа жауап беру арқылы білімділігі сыналды.
Нәтижесінде қазылардың әділ шешімімен жеңімпаз анықталып, ақшалай сертификат табысталды. Атап айтқанда І орынды Қызылорда қаласының дін қызметкері Бекзат Жүсіпұлы жеңіп алса, ІІ орынды Жаңақорған ауданынан Алмұрат Әлімбайұлы, ІІІ орынға Арал ауданынан Абдулла Жөкенов жайғасты. Кеш соңында Камалбек Нағашыбайұлының бауыры Алтынша Кенжеева іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
15 шілде 2025 ж. 152 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№55 (10423)

26 шілде 2025 ж.

№54 (10422)

22 шілде 2025 ж.

№53 (10421)

19 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 141
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031