» » ДОМБЫРА КҮНІ – ТӨЛ МЕРЕКЕ

ДОМБЫРА КҮНІ – ТӨЛ МЕРЕКЕ

Қазақ халқының төл өнері жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен домбыра еске түседі. Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры, терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. Қазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақсылық пен жамандықты қара домбыраның үнімен жеткізген. Ұлтымыз ұлық тұтқан домбыра қазақ халқымен ежелден бірге жасап келеді. Қазақтың әр баласы күмбірлете күй тартып, жыр-термені құйқылжыта орындайтын еді. Әр үйдің төрінде тұрған домбыра адамға ерекше әсер етіп, елжандылық сезімге еріксіз тарта түсетін. Өкініштісі, қазір мұндай көрініс көп байқалмайтын болды. Жиын-тойдың кезінде бірен-сараны ғана қолына қара домбыраны алып күмбірлете алады. Ілгеріде сыйлы қонақ келгенде домбыра ерекше сайрай жөнелуші еді. Кейде құйқылжып, кейде көкіректі басар ауыр қоңыр үн естіген жанды сан түрлі күйге бөлейтін.
Ерте заманнан бері қазақы болмысымызды айшықтап тұратын қос ішекті, тоғыз пернелі қасиетті домбыра көне кезеңнің күмбірі іспеттес. Сол бір құдіретті күш тұла бойымызды ерекше сезімге бөлеп, асқақ рух пен елжандылық қасиеттерді алпыс екі тамырымызға таратып жатады. Ұлы даланың ұландары ұрпақтан-ұрпаққа осы бір қасиетті дүниені мирас етіп, атадан балаға аманатқа айналған асыл қазына ретінде әрдайым жоғары бағалап келеді. Оған арналған ән де, өлең де көп. Жан-жүрегімізге жарық нұр секілді құйылатын «Домбыра» атты ән де оны қадірі мен қасиеті, мақсаты мен мұраты, құдыреті мен киесі дәлмедәл көрініс берген. Айтылғандай, домбыра бабамыздың мұңы, анамыздың сыры, даламыздың үні емес пе? Бүгінде жиынтойға жиналған адамдар арасынан біреуі домбыра шерте алса, қуанатын жағдайға түстік. Қазір оны тек көнекөз қариясы, не домбыра шертетін адамы бар бірлі-жарым шаңырақтан ғана көреміз.
Қазақ пен домбыра егіз деген түсінік бар. Екеуінің біртұтас ұғымға айналып кеткеніне тарих куә. Сол қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні талай қазаққа рух береді. Оның шанағынан төгілген әсем әуен мен тәтті күйге тәнті болып, құлақ құрышын қандырамыз. Қазақ даласының әр өңіріндегі домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен өнерпаздың орындаушылық мәнеріне қарай өзгеріп отырған.
Қазіргі күндері ұлттық құндылығымыз – домбыраны насихаттауға өз деңгейінде назар аударылуда. Домбыра күні сондай ізгі ниеттен туғаны белгілі. Қай ұлт болсын, өзінің ұлттық тамырынан ажырамауы тиіс. Ілгеріде үлкендер балаларын домбыра тартуға баулып отырғанын көзіміз көрді. Әрине, екінің бірінің өнер жолына түсуі шарт емес қой. Десе де домбыраны үйрену қазақтың атқа міну секілді басты қағидасы болуы қажет. Сондықтан оны үйрету аясын кеңейтуіміз қажет. Мәселен, мектепте музыка пәні бар. Сол пәннің аясында балалардың домбыра және өзге де музыкалық аспаптарды үйренуіне көңіл бөлген жөн. Тіпті әрбір мектепте «домбыра» пән ретінде оқытылса, оны құптар қазақтың қатары аз болмасы анық. Мұндай ұсыныс үкімет қарауында. 6-сыныптан бастап пән қатарына енгізіліп, жас ұрпақ ұлттық рухпен танысып, санасына сіңіріп өссе жақсы емес пе?
Атадан қалған баға жетпес мұрамызды жас ұрпақ өз деңгейінде құрметтеп, келер буынға аманат етсе, нұр үстіне нұр болмақ. Кімде-кім домбыра құдіретін шын ұғынса, психология, физика, математика, тарих, педагогика ғылымдарының барлығын оңай меңгере алады деседі. Себебі, мамандар оның бойында пәндік білімнің барлығы дерлік кездесетіндігін айтады. Демек, ол көзбен көріп, құлақпен естуге болмайтын сезімді ұғындыра алатын қасиетке ие.
Бүгінде аудан көлемінде домбыра, жыр үйірмелері жетерлік. Ұстаз тәрбиесін алып, биік белестерді қос ішектің күмбірімен бағындырып жүргендер де көп. Олар облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орын алып жүр. Ауданымыздың ұлттық өнерді дәріптеп жүрген өнерлі өрендерімен біз де мақтанамыз.
Белгілі композитор Ахмет Жұбанов «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақылойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі» деп күмбірлеген қара домбыраның сан ғасырлық тарихын әспеттесе керек. Оның үстіне қазіргі уақытта ұлттық аспаптың заманауи музыка ырғағымен үйлесімді үндесіп жатқанын назарға алсақ, домбыра ғұмыры әлі талай ғасыр жасайтынын аңғаруға болады.
Домбыраға деген қызығушылық әрі музыкалық аспаптың танымалдылығы ешқашан тоқтаған емес. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастардың қатары артып келеді. Бұл қуантарлық жайт. Бұл дәстүрді сақтап, оны келесі ұрпаққа аманат етіп тапсыру – біздің міндет. Себебі ұлттық салтдәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

03 шілде 2025 ж. 108 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (10416)

01 шілде 2025 ж.

№47 (10415)

28 маусым 2025 ж.

№46 (10414)

24 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 989
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031