ҚОҒАМДАҒЫ ЖАҢА ҮРДІС
ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарында әйел адам көлік жүргізсе, қоғам мұны ерекше құбылыс ретінде қабылдайтын. Ал бүгінде әлемде де, біздің елімізде де көлік тізгінін ұстаған әйелдердің қатары күн сайын артып, қалыпты үрдіске айналды. Өзім алғаш білім гранты иегері атанып, студент атану үшін Алматыға келген сәтте туысқан тәтем күтіп алды. Үйіне дейін шағын, әп-әдемі көлігімен зу етіп апарды. Сол сәттен бастап менің де көлік айдауға деген махаббатым оянып, ықыласым артты.
Қазіргі таңда қоғамда әйел адамның түрлі мамандық иесі болуы да қалыпты жағдай ретінде бағаланады. Соның ішінде бұрын тек ер адамдардың үлесіне тиесілі саналған мамандық деп танылған такси жүргізушісі қызметі де бар. Қоғамның өзгеруімен және гендерлік теңдік ұғымының дамуына байланысты әйел адамдар да бұл салада өз орындарын тауып келеді. Алайда бұл кәсіпке қатысты көзқарас әртүрлі. Біреулер оны ерлікке баласа, енді бірі тосырқап қабылдайды. Ендеше, әйел адамның такси жүргізушісі болуына не себеп, бұл кәсіптің артық-кем тұстары қандай?
Көптеген жолаушы, әсіресе әйелдер мен балалар әйел жүргізушілердің қызметін қауіпсіз деп санайды. Кейбір елдерде арнайы «әйелдерге арналған такси» қызметтері пайда болып, әйел жүргізушілер тек әйел жолаушыларды тасымалдайтын жүйелер құрылуда. Бұл бастама әйелдердің еркін жүріп-тұруын қамтамасыз етіп, жолаушыларға қосымша сенімділік береді.
Сонымен, әйел адамдар такси жүргізуші қызметін атқарған жағдайда оның қандай жағымды тұстары бар екендігін қарастырып көрейік.
ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ СЕНІМДІЛІК
Көп жағдайда әйел адамның такси жүргізуіне түрткі болатын негізгі себептер: отбасының әл-ауқатын жақсарту, өзін еркін сезіну және қосымша табыс табу мүмкіндігі. Әсіресе жеке көлігі бар әйел адам үшін бұл – өз уақытын өзі басқаруға мүмкіндік беретін кәсіп.
ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ
Әйелдер әдетте жолаушыларға мейірімділікпен, ұқыптылықпен қарайды. Бұл олардың қызмет көрсету сапасын арттырып, тұрақты клиенттер жинауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көліктің тазалығы мен жайлылығы да маңызды фактор болып табылады. Әйел жүргізушілер бұл мәселеге ерекше мән береді. ЖАҒЫМДЫ АТМОСФЕРА Әйел жүргізушілермен таксиде өзіңді жайлы әрі сенімді сезіну мүмкіндігі жоғары. Көптеген жолаушыға осындай жайлылық маңызды рөл атқарады. Кейбір зерттеулер әйел жүргізушілердің стресстік жағдайларды жақсы басқарып, жолаушылармен мәдениетті қарымқатынас орнататынын көрсетеді.
Дегенмен, бұл кәсіпке әйел адамның араласуын әлі де оғаш көретіндер бар. Кейбір ер адамдар әйел жүргізушіні көргенде таңғалып, тіпті кәсіби қабілетіне күмән келтіруі мүмкін. Сондай-ақ түнгі уақытта жұмыс істеу, кейбір дөрекі жолаушылармен байланысу, жолдағы қауіптер бұл кәсіптің қиын екендігін дәлелдейді.
Әйтсе де көптеген әйел жүргізуші бұл қиындықтарға мойымай, жоғары мәдениетпен, сыпайылықпен және жауапкершілікпен өз қызметін атқарып келеді. Олардың көбі – балаларына үлгі, қоғамда белсенді, өмірге сеніммен қарайтын тұлғалар.
Қоғамда «такси – ер адамдардың кәсібі» деген түсінік әлі де бар. Әйел жүргізушілер кейде осы стереотиптермен күресуге мәжбүр болады. Бұл мәселені шешу үшін медиа мен әлеуметтік желілерде әйел жүргізушілердің жетістіктерін көрсету, оларды қолдау және ынталандыру маңызды.
Такси жүргізушісі болу кейде ұзақ уақыттық жұмысты талап етеді. Отбасылық міндеттермен қатар алып жүру әйелдер үшін қиындық туғызуы мүмкін. Алайда кейбір компаниялар әйелдерге ыңғайлы жұмыс кестесін ұсыну арқылы бұл мәселені шешуде. Қала ішінде әйелдердің бұл қызметке араласуына жағдай жасалғанымен, алыс жолдар үшін, мәселен ауылдар мен аудан, облыс орталығы арасындағы қашықтық, жолдың қиындығы нәзік жандылар үшін қауіпті.
Әлемнің кейбір елдерінде әйелдерге арналған арнайы такси қызметтері пайда болуда. Мысалы, Үндістанда, БАӘ-де және Ұлыбританияда әйел жүргізушілер жұмыс істейтін такси қызметтері бар. Бұл қызметтердің негізгі мақсаты – әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға қолайлы жұмыс ортасын құру. Қазақстанда да осындай бастамаларды енгізу қоғамдағы әйелдердің еркіндігі мен қауіпсіздігін арттыруға көмектесуі мүмкін. Әйелдердің такси қызметіне келуі – заман талабына сай қалыптасқан құбылыс. Қоғамдағы теңдік пен әртүрлі мамандықтарда әйелдер мен ерлердің тең мүмкіндіктерге ие болуы – маңызды қадам.
Әйелдер такси қызметінде өзіндік ерекшеліктерімен және артықшылықтарымен танылып, бұл салада табысты жұмыс істей алады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және стереотиптерді жою арқылы әйел жүргізушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Сонымен қатар арнайы әйелдерге арналған такси қызметтерін дамыту бұл бағыттағы оң қадамдардың бірі болмақ.
Лаура БАҚТЫБАЕВА