ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК: ШЫНАЙЫ ТЕҢДІК ПЕ, ӘЛДЕ ТАБИҒИ АЙЫРМАШЫЛЫҚ ПА?
Журналистика мамандығында оқи жүріп, қоғамдағы түрлі тақырыптарды зерттеуге мүмкіндік алып келемін. Оның бірі – бүгінгі күннің ең көп талқыланатын, біреуге шындық, біреуге даулы көрінетін гендерлік теңдік мәселесі. Әрине, әйел мен ер адамның құқықтары тең болу керек деген ұстаным қазіргі заманда жиі айтылады. Бірақ мен бұл ұғымға тек батыстың көзімен емес, өз елімнің дәстүрі, діні мен табиғи заңдылықтары арқылы қарағым келеді. Себебі әрбір қоғамның өз болмысы бар, ал біз – ұлттық тәрбие мен тектілікке бай, терең тарихы бар елміз.
Менің көзқарасым – ер мен әйелдің тең болуы олар бәрін бірдей істеу керек деген сөз емес. Теңдік – міндетті түрде ұқсастық емес.
Ер адам мен әйел адамның табиғаты әртүрлі. Еркектің жаратылысы – қорғаушы, жауапты, отбасы тірегі болу. Әйел болса – мейірімнің, нәзіктіктің, берекенің иесі. Осы тұрғыдан алғанда, мен ер адамның рөлі бір саты жоғары деп есептеймін. Бұл кемсіту емес. Бұл – мойындау. Себебі ислам дінінде де, қазақтың ұлттық дүниетанымында да әйел – қастерлі, бірақ еркекке мойынсұнушы, ерінің алдындағы аманат. Қазақтың «Еркек үйдің иесі, әйел – үйдің шырағы» деген сөзі бекер айтылмаған.
Менің ойымша, гендерлік теңдікке ұмтылу – әйелдерге еркектің орнын тартып алу емес, өз рөлін, қадірін жоғалтпай, қоғамда өз орнын таба білу. Әйел – еркекпен жарысу үшін емес, бірге толықтыру үшін жаратылған. Дегенмен, бұл ойдың негізді болуы үшін – ер адамдардың да өз табиғи болмысын сақтауы қажет. Яғни, ер-азамат – ер азаматқа тән мінезбен, жауапкершілікпен, батылдықпен, адалдықпен ерекшеленсе ғана, әйелдің мойындауы да шын жүректен болады. Кейде әйелдер өз рөлін ұмытып жатса, оның бір себебі – ерлер де өз орнын жоғалтып алғандай көрінеді. Сондықтан бұл тепе-теңдік тек әйелдерге емес, ер азаматтарға да жауапкершілік жүктейді. Сананың оянуы – екі тараптан да талап етіледі.
Қорытындылай келе, мен әйел мен еркек бірдей болуы керек деп емес, бір-бірін толықтырып тұруы керек деп ойлаймын. Ер адам – бас, әйел – мойын. Бас қайда бұрылса да, оны көтеріп тұрған мойынды ұмытпау керек. Бірақ бағытты бәрібір бас береді. Бұл – менің жеке көзқарасым.
Шұғыла ЕЛЕУСІЗОВА