» » АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУ – МІНДЕТІМІЗ

АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУ – МІНДЕТІМІЗ

Құқық қорғау орындары еліміздегі тәртіп пен заңдылыққа және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына жауап берсе, ішкі істер органының да өзіне жетіп артылатын тиісті қызметтік бөліністері бар. Оның ішінде жас ұрпақпен атқарылатын жұмыстары бір төбе. Аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары нақты осы істермен айналысады.
Сондай азаматтың бірі, полиция капитаны – Жасұлан Әліқұлов бауырымыз.
Ол 1991 жылы Жосалы кентінде туған. Орталықтағы іргелі оқу орны, жүз жылдан аса тарихы бар Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің түлегі. 2007-2011 жылдар аралығында Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе көлік коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» мамандығы бойынша білім алса, дәл осы мамандықпен, тек жоғары білімді маман ретінде Алматыдағы Халықаралық Қатынас жолдары университетін бітіріп шығады.
Одан соң жалынды жас 2012-2013 жылдары Астана қаласында республикалық «Жас ұлан» әскери бөлімшесінде Отан алдындағы борышын өтейді. Білімге құштар азамат екінші жоғары білім алуға шешім қабылдап, Қорқыт ата атындағы университеттен «Құқықтану» мамандығын сырттай негізде оқып бітіреді.
Бала кезден оқуға алғыр, қатарынан озық жүретін Жасұлан Жұбанышұлы әуелде Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында жұмыс істесе, 2019 жылы аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы қызметіне келеді. Ол қызметті қазіргі уақытта да абыроймен алып келеді.
– Жас кезімнен құқық қорғау органдарында жұмыс істеу арманым болған. Бәлки, теміржолшыдан заң орнына мамандығымды өзгерткен себебім де сол болар. Қызметтің осалы болмайды. Дегенмен еліміздің болашағы саналатын жас жеткіншектермен жұмыс істеуді бекерге таңдамадым. Жалпы өзіме балалармен жұмыс істеген ұнайды. Оларға ұдайы түсіндірме жұмыстарын жүргізуден жалыққан емеспін. Білместікпен, балалықпен, жастықпен шалыс баспаса екен деймін. Мақсатым – Жаңа Қазақстанымыздың өсіп-өркендеуіне үлесімді қосу. Осы сәтті пайдаланып, әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын. Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Қазыбек Әліп Рахымжанұлына және барша әріптесіме ризашылығымды білдіремін, – дейді тәртіп сақшысы әңгімесін қайта сабақтап.
– Бүгінде еліміздің алдына қойған асыл мұраты – қауіпсіз қоғам құру болса, біздің де қызметіміз осы бағытқа саяды. Бала қауіпсіздігі, топтық төбелестің алдын алу, жасөспірімдерге қарсы және олардың қатысуымен жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ балалармен олардың атааналарымен профилактикалық жұмыстар жүргізу, жасөспірімдердің құқығын қорғап, олардың тағдырына жанашырлық танытуда алдағы уақытта да шаршамай-талмай еңбек ете беретін боламыз, – дейді полиция капитаны.
Полиция қызметкері 2017 жылы Перизат Ғаниқызымен отбасын құрып, шаңырақ көтерген. Бүгінде тату-тәтті отбасында 3 бүлдіршін қанат жайып келеді. Өзі елдің бейбітшілігі мен тыныштығына адал қызмет етсе, келіншегі денсаулық саласының білікті маманы, адам жанының арашашысы.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
24 маусым 2025 ж. 145 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№46 (10414)

24 маусым 2025 ж.

№45 (10413)

20 маусым 2025 ж.

№44 (10412)

17 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 962
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30