» » БЕРІК ОТБАСЫ – МЕМЛЕКЕТ ТІРЕГІ

БЕРІК ОТБАСЫ – МЕМЛЕКЕТ ТІРЕГІ

Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Отбасы – өте қажетті, басқа ешнәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Сайып келгенде, қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, қең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар әдеп, адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ, ұрпақтарына құтты қоныс, жайлы болашақ қамтамасыз етілмек.
Осы орайда жуырда «Руханият» орталығында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы тәрбиесінің маңызын насихаттау мақсатында «Отбасы – қоғам негізі» атты тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы ашып, Қармақшы топырағына арнайы келген қоғам қайраткері, ұлт жанашыры, өнегелі ұстаз – Оразкүл Асанғазықызын таныстырып, ұлттық дәстүрлерімізді жаңғырту мен мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолында сіңірген еңбектеріне тоқталды.
Кездесу барысында Оразкүл Асанғазықызы отбасы тәрбиесі, ұлттық сана, әйел-ананың қоғамдағы орны жөнінде мазмұнды баяндама жасап, әсерлі ойларымен бөлісті. Ұлттың болашағы – берекелі отбасыдан басталатынын айта келе, ананың рөлін көтеру, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік, салт-дәстүрді сақтау секілді маңызды мәселелерге тоқталды. Ұлттық тәрбие негізінде саналы ұрпақ қалыптастыруды көздеген жиында қоғам қайраткері әдет-ғұрып, салт-дәстүр, бақытты отбасын құрудағы аналардың рөлі, мемлекеттік тіл туралы және еліміздің әр өңірінде еңбек еткен жылдарында өмірден алған тәжірибесімен бөлісті.
– Әке – отбасының тірегі, отбасы мүшелеріне қамқоршы, ал ана – отбасының жүрегі, мейірімі мен тәрбиенің қайнар көзі. Екеуі бірлікте болып, баланы имандылық пен адамгершілікке тәрбиелеу – берекелі отбасының басты негізі, – деді Оразкүл Асанғазықызы.
Осы орайда айта кеткен жөн, қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Оразкүл анамыз жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттау, отбасы берекесін сақтау және ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттілігін түсіндіру мақсатында «Отбасы берекесі» атты кітабын жарыққа шығарған. Ол туралы автор:
– Мен алғашында «Отбасы берекесі» тақырыбында дәріс оқып жүрдім. Кейін осы дәрістерімді жинақтап, кітап етіп шығардым. Кітап үш тараудан тұрады: «Отан – отбасынан басталады», «Отбасы берекесі махаббатта», «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін...». Яғни, дәрістерімде қолданған әңгімелерімді өз өмірлік тәжірибеммен сабақтастырып жаздым. Кітаптың ең басты ерекшелігі – оның өміршеңдігі. Ол отбасы құруды жоспарлаған жастарға да, өмірдің талай белесін артқа тастаған қарияларға да арналған, – деді Оразкүл Асанғазықызы.
Көпке айтар ойы бар бұл кітапты біз де парақтап шықтық. Расында «Отбасы берекесі» кітабы – ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптейтін маңызды еңбек. Кітапта қазақ отбасындағы тәрбиенің маңызы, ата-ана рөлі, ұрпақтар сабақтастығы және отбасындағы берекенің сақталуы туралы ойлар мен ұсыныстар қарастырылған. Бұл құнын түсіне білген жанға нағыз бағдаршам болары анық. Халқымыздың тектілік мәселесі тереңінен талқыланған құнды кітап көптің көңілінен шығары сөзсіз.
Сондай-ақ, жиын барысында ұлттық тәрбие, ұрпаққа өнеге беру, отбасындағы татулық пен өзара түсіністіктің маңызы туралы мазмұнды пікір алмасу болды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков сөз алып, ұстаздық жолда да, қоғам алдындағы қызметте де өзіндік із қалдырған Оразкүл Асанғазықызына ризашылығын білдіріп, жылы лебізін жеткізді. Кездесуден кейін қонақтар түркі әлемінің абызы Қорқыт ата кесенесіне арнайы барып, зиярат етіп қайтты.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
21 маусым 2025 ж. 32 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№45 (10413)

20 маусым 2025 ж.

№44 (10412)

17 маусым 2025 ж.

№43 (10411)

14 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 950
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30