» » ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС: ҚАУІПСІЗДІК ҚАПЕРДЕ БОЛУЫ ҚАЖЕТ

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС: ҚАУІПСІЗДІК ҚАПЕРДЕ БОЛУЫ ҚАЖЕТ

Жаз – демалыс маусымы. Оқу жылын аяқтаған әрбір оқушының сағына күтетін кезі бұл. Ата-анаға да, балаға да жаздағы демалыстың орны ерекше. Ойын ойнап, ән айтып, асыр салмаса, балалық шақтың несі қызық? Балалардың жазғы демалысты тағатсыздана тосатыны секілді ересектер де жылына бір келетін еңбек демалысын асыға күтеді. Мұндайда бірі – баласын ата-әжесінің ауылына апарса, келесілері шетел асады, ал енді бірі лагерьге жібереді. Демалыстың басталуы, әрине, көңіл қуантады, алайда баланың қауіпсіздігі мен өміріне бірқатар қауіп төнетіні де ақиқат. Ата-аналар жаз маусымындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, естен шығармағаны орынды. Қалай қылғанда да баланың қауіпсіздігі қапыда қалмауы тиіс. Жазғы демалыстың қауіпсіздігін қалай қадағалаймыз? Ата-аналар нені ескеруі тиіс? Балалар нені білуі қажет? Саралап көрсек.
ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕ ҚАЛАЙ?
Жазды сағына күтсек де әлем бойынша бұл ең қауіпті мезгілдің бірі саналады. Себебі жазда жазатайым жағдай жиі болады. Десе де әр елдің балалары жазғы демалысын түрлі өткізеді. Бұл демалысты тиімді пайдаланатын елдер де бар. Толығырақ тарқатайық.
Еңбек түбі – береке. Осылай деген жапон оқушылары жазғы демалыс кезінде де тыным таппайды. Мұғалімдердің берген тапсырмасын мүлтіксіз орындайды. Оңтүстік Кореяда да осыған ұқсас жағдай. Балалардың жүктемесі жоғары. Жазғы демалыс та қысқа. Шамамен бір айға ғана созылады. Оңтүстік Корея оқушылары үздіктердің қатарына кіреді. Мұның бір себебі жазғы демалыстың қысқа болуымен байланысты болуы мүмкін.
Ал АҚШ пен Еуропада оқушылардың демалыс кезінде уақытын қызықты өткізуге ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда білім беру мақсатындағы саяхат ұйымдастырылады. Танымдық экскурсия да қарастырылған. Балалар ұлттық саябаққа не тарихи мұражайға барады. Сосын жазғы лагерь бар. Көбі ақылы. Олар әдетте спорт, әскери дайындық не шет тілін үйрену секілді нақты бір бағыт бойынша жұмыс істейді.
Лагерь – бұл балалардың қауіпсіз ортасы. Мұнда оқушылар түрлі іс-шара мен сайыс ұйымдастырып, уақытын қызықты өткізеді. Олардың тағы бір артықшылығы – балалар гаджеттерді пайдаланбайды.
Әр жерден келген өзі қатарлас құрбы-құрдастарымен жақын араласып танысады. Ата-анасынан алшақта әр мезетті бағалай білуді үйренеді. Бұдан бөлек, ірі университеттер ұйымдастыратын «Академиялық лагерь» бар. Олар 13 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектерге арналған. Жасөспірімдер жоғары оқу орындарында дәріс тыңдайды, семинар мен тәжірибелік зерттеулерге қатысады. Мұндай «Академиялық лагерьлердің» келешекте мамандық таңдауда көп көмегі тиіп жатады. Сосын Еуропа мен Америкада демалыс кезінде жұмыс істейтін жасөспірімдер де аз емес. Олар бала қарайды, қарттарға жәрдемдеседі, саябақтағы ағаш пен гүлдерді бағып күтеді, фермаларда жемісжидек тереді.
Оңтүстік Кореяда жазда оқушылар 4 апта ғана демалады. Еуропа мен АҚШ-та жазда балалар екі айдай тынықса, Оңтүстік Кореяда ең қысқа жазғы демалыстың бірі саналады. Ол небәрі 4 аптаға ғана жалғасады. Шілденің аяғынан тамыздың ортасына дейін созылады.
Бірақ билік соның арқасында оқушылары үлгерім бойынша үздіктердің қатарына кіретінін айтады. Десе де, қатаң жүйеге қатысты сын айтатындар да көп. Олар таңнан кешке дейін сабақтан қолдары босамайтын балалардың шаршайтынын алға тартады. Тіпті демалыс кезінде де оқушылар мектеп бағдарламасы бойынша қосымша сабақтарға барады.
Жапон балалары да аз демалады. Мұнда оқу жылы біздікіндей қыркүйекте емес, сәуірде басталады. Ол 3 семестрге бөлінген. Әр семестр аяқталғанда оқушылар демалысқа шығады. Жазғы демалыс шілденің соңынан басталып, бір айға ғана жалғасады. Бірақ соның өзінде балалар сабақ оқумен болады. Өйткені көп тапсырма беріледі. Соның ішінде «Еркін зерттеулер» деген бар. Онымен бастауыш және орта мектеп балалары айналысады. Сосын балалар сабақтан бос кезде уақытының көбін емтиханға дайындықпен өткізеді. Осылайша, өскелең ұрпақ аз демалып, көп еңбектенуге үйренеді. Мамандардың айтуынша, соның нәтижесінде балалардың жауапкершілігі артып, ересек өмірге тез бейімделіп кетеді.
АТА-АНАЛАР НЕ АЙТАДЫ?
Бұл кезеңде әр ата-ана «Баламның жазғы демалысын қалай ұйымдастырсам екен?», «Уақытын тиімді өткізу үшін ағылшын тілі курсына берейін бе, әлде оқу-білімнен жерітіп аламын ба?», «Адамды адам еткен – еңбек қой, жұмыс істеп ақша тапқаны дұрыс па?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздейтіні белгілі.
– Демалыс – уақытты босқа өткізбеу, пайдалы іспен шұғылдану. Әрине, балаларды алғашқы уақытта демалуына, ұйқысын қандыруына, алаңсыз ойнауына рұқсат беремін. Бірақ бір мезгіл зейінін білімге аударып отырамын. Телефонда мейлінше көп отырмауын қадағалаймын. Қазір түрлі дамытуға арналған үстел ойындары да бар. Соларды алып беріп, баланың көкжиегін кеңейтуге бағыттаймын. Себебі бүгін – білімдінің, жан-жақтылықтың заманы, – дейді Бибінұр Сейсенбаева.
Жазғы каникул балалардың жылдық бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады. Сондықтан да баланың демалысын дұрыс ұйымдастыра білу маңызды мəселенің бірі. Психолог мамандар үш ай уақытты тиімді, қызықты әрі үнемді пайдалану үшін бәрін алдын ала ретімен жазып, жоспарлап алған дұрыс дегенді алға тартады. Сонымен қатар жоспарда баланың еркіндігіне, қалауына мүмкіндік беру керек екен.
– Жаз мезгілін балалар асыға күтетіні белгілі. Мен маусым айындағы демалысты қызықты, көңілді өтіп ұйымдастыруға кеңес беремін. Алғашқы айда баланың ойы да, бойы да жақсы демалу керек. Тіпті бұл айда смартфонын сөндіріп тастағаны жөн. Егер мүмкіндік болса, балаларға арналған демалыс орындарына, лагерьге жіберген дұрыс. Ол жерде баланың тамақтануы, ұйқысы, демалуы, ойнайтын және шомылатын уақыты қадағаланады. Өз қатарластарымен баланың демалысы қызықты өтеді. Егер баланы лагерьге жіберудің реті келмесе, жаздың бірінші айында табиғат аясында жиі отбасылық демалыс ұйымдастырып, шомылуға ертіп баруға болады. Бір жексенбіде хайуанаттар паркіне, келесі жексенбіде кинотеатрға мультфильм көруге баруға болады. Баламен бірге ойнау, қыдыру, серуендеу, оның қалауын, хоббиін, арманын, байқамай жүрген қабілетін білуге мүмкіндік береді. Жалпы, тек жазғы каникулда ғана емес, басқа айларда да сенбі-жексенбі күндері отбасымен бірге саябақтарға, табиғат аясына барып тұруға тырысу керек. Бұл отбасындағы балалар мен ересектер арасында түсіністік орнауына септігін тигізеді, көп мәселенің алдын алады, – дейді психолог Арайлым Маратқызы.
СУҒА ТҮСКЕНДЕ САҚТЫҚ ҚАЖЕТ
Жаз мезгілі – өзен-көлдердің жағалаулары демалушылардан қайнап жататын кез. Суға шомылу, күннің көзіне қыздырыну адамды сергітіп, жұмысқа қабілетіңді арттырады. Десе де жыл сайын суға түсу маусымы басталғаннан бастап өкінішке орай өлім жағдайлары тіркеледі. Құтқарушылар үнемі суда жүзу ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертсе де, ескертуге құлақ түретіндер сирек.
Иә, сынап бағанасы көтерілген сайын «салқындаймын» деп жағажайларды жағалайтындар көбейеді. Суға шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын ескергені абзал. Әсіресе, белгіленбеген аумақта суға түсу аса қауіпті. Бұл кезеңдегі адамдардың қаза болуының басты себебі – қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан болады. Мамандар жағадан алыс жүзбеу, ескерту белгілерінен әрі өтпеу, арнайы белгіленген жерлерде ғана шомылу, балаларға сақ болу, суда алысып, күресіп ойнамау секілді қарапайым ескертпелерді жасап-ақ жатыр. Балалар да бұл ережені елей бермейді. Сол себепті баланы суға шомылуға жалғыз жібермеңіз, қауіпсіздікті қатаң ұстауды ескертіңіз.
ЖАУАПСЫЗДЫҚ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ
Суға кетушілер санының көбеюінің себебі неде? Қазір еліміздің түкпір-түкпіріндегі шомылуға арналған демалыс орындарының бәрі жұмыстарын бастады. Жаз мезгілінде мұндай демалыс орындарында және өзен-көлдердің жағасында уақыт өткізген жақсы. Жағажайда демалып қана қоймай, денсаулықты да нығайтуға мүмкіндік бар. Суға шомылу, күннің көзіне қыздырыну адамды сергек қалыпта сақтайды және жұмыс қабілетін арттырады. Әрине, апаттың айтып келмейтіні белгілі. Судан қорғау қызметі үлкеннің де, кішінің де суға түсу кезінде аса сақ болу керектігін ескертеді. Алайда тұрғындардың көпшілігі суға түсу мерзімінің жариялануын күтпестен-ақ көңіл көтеруге асығады. Судың да адам өміріне тигізетін қауіп-қатері бар екенін жұрттың бәрі білгенімен, одан келетін апатты екінің бірі ескере бермейді.
Қазақ кез келген дүниені «жазмышқа» балайды. Тағдыры солай деп қандай жағдай болсын өз-өзін жұбатуға тырысады. Бірінің – ажалы оттан, бірінікі – судан болып жатады. Бірақ «Сақтансаң – сақтаймын» деген тағы бар. Жүргізілген зерттеулер суға кеткендердің дені шомылуға тыйым салынған жерде суға түскенін, балалар бақылаусыз қалғаннан болғанын көрсетуде. Ал балаларды тіпті көзден таса етпеген абзал. Тумақ бар жерде өлмек бар. Дегенмен, өзекті өртейтін өкініш, «әттеген-ай» дейтін оқиға жүректе қалып қоймаса екен дейміз. Әркім өмірі үшін өзі жауапты болғанда ғана қайғылы оқиғаның алдын алуға болатын да шығар, бәлки? Алдымен өзімізге, содан кейін балаларымызға жауапты болайық. Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Олардың дені сау, салауатты өмір сүруіне, ең алдымен, ата-ана жауапты.
Бала денсаулығын өмірге келгеннен бастап қолға алып, оны дұрыс тамақтандырып, қажетті күтім жасау – ана мен әкенің басты міндеті екенін естен шығармайық!
Ақнұр САҒЫНТАЙ

16 маусым 2025 ж. 76 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (10411)

14 маусым 2025 ж.

№42 (10410)

10 маусым 2025 ж.

№41 (10409)

03 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 927
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30