» » ЕЛІНЕ ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ТҰЛҒА

ЕЛІНЕ ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ТҰЛҒА

Халқымызда «Ел үшін туған ер» деген ұлағатты сөз бар. Осы ұғымға лайық жанның бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев. Ол ұзақ жылдар бойы еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық салаларында жоғары жауапкершілікті қызметтер атқарып, ұлтқа адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті.
Қырымбек Елеуұлы – ел дамуына өз үлесін қосқан ірі тұлғаның бірі. Оның мемлекет басқару ісіндегі тәжірибесі мен жауапкершілігі, түрлі қызметтегі атқарған еңбегі ұлтқа адал қызметтің өнегесі болды.
Ол маңызды лауазымдарды атқарып, соның ішінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Білім және ғылым министрі, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының әкімі, Мемлекеттік хатшы секілді жоғары жауапкершілікті міндеттерді орындады. Әсіресе, Қызылорда облысын басқарған жылдары өңірдің әлеуметтікэкономикалық дамуына ерекше серпін бергені атап өтуге тұрарлық. Қызметінде білім, ғылым, мәдениет пен әлеуметтік салаларды қолдауға ерекше мән беріп, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеді. Сондықтан оны ұлтқа қалтқысыз қызмет еткен, ел мүддесін бәрінен биік қойған тұлға деп толық негізде айтуға болады.
Еңбек жолында ғылым мен білім саласынан бастап, кейін мемлекеттік басқару тізгінін ұстаған кезеңдерде де осы салаларға айрықша көңіл бөліп отырды. Білім және ғылым министрі, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының әкімі, Мемлекеттік хатшы қызметтерін абыроймен атқарған ол қай лауазымда болса да халық мүддесін бәрінен жоғары қойды. Оның ішінде Қызылорда облысын басқарған жылдары өңірде көптеген ауқымды жоба жүзеге асты. Инфрақұрылым дамып, жаңа мектептер мен ауруханалар салынып, жастарға қолдау артты. Арал тағдырына бейжай қарамай, экологиялық мәселелерге назар аударды. Ел мен жерге деген жанашырлығы, іскерлігі мен табандылығы арқылы ел есінде қалды.
Әлем таныған Байқоңыр қаласындағы 5 мектеп пен 1 балабақшаның Қазақстан тарапының қарамағына өтуіне қол жеткізу – батыл қадам әрі тарихи шешім. Бұл бастама Байқоңыр қаласындағы қазақ балаларының «Менің Отаным – Ресей, астанамыз – Москва» деп оқып жүргенін естіп біз шошындық. Содан облыстық мәслихат депутаты ретінде облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына депутаттық сауал жолдап, мәселе көтердік. Іскер басшының арқасында 5 мектеп пен 1 балабақша Қазақстанның білім беру стандартына көшірілді. Осы мәселеде ол кісінің орасан зор еңбегі бар.
Сонымен қатар, тіректі елді мекендерді дамыту жұмысы басталған тұста және «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында Ақай ауылы мен Төретам кентінде жаңа мектеп, балабақша мен заманауи емхананың бой көтеруі – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты іс болды.
Байқоңыр қаласын газдандыру жұмыстары 2014 жылы басталып, 2017 жылы алғашқы нысандар табиғи газға қосылды. Бұл жоба оның облыс әкімі ретіндегі бастамаларының бірі болып табылады. Сондай-ақ аймақ басшысының бастамасы мен қолдауы негізінде қасиетті Қорқыт ата мемориалды кешенінде жаңғырту, абаттандыру және туризмді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Кешеннің аумағы кеңейтіліп, ғимараттар үлкейтіліп, «Қобыз» ескерткіші 8 метрден 12,1 метрге биіктетілді. Кешенде әкімшілік ғимарат, мешіт, тамақтану және демалу орындары салынды.
2017 жылы «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесіне орай Қорқыт ата кешенінің жанынан этноауыл ашылды. Бұл шараға Қырымбек Көшербаев пен Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы қатысты. Яғни Қорқыт ата мемориалды кешенінің жаңғыртылуы мен дамуына оның қосқан үлесі зор. Білікті ұйымдастырушының басшылығымен кешен тек облыстың ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани орталығына айналды. Мұндай бастамалар – Қырымбек Елеуұлының көрегендігі мен елге деген шынайы жанашырлығының дәлелі.
Мемлекеттік қызметкер ретінде ғана емес, терең білімді, мәдениетті, ұлт болашағына алаңдайтын зиялы азамат ретінде де халықтың ықыласына бөленген ол – бүгінгі буынға үлгі, кейінгі ұрпаққа өнеге болар тұлға. Иә, Қырымбек Көшербаевтың «Байқоңыр қаласын жалға берсек те, бірақ халқымызды жалға берген жоқпыз» деген сөзі Байқоңыр халқының есінде қалған терең мағыналы әрі батыл пікір. Ол айтқан бұл сөз тек Байқоңыр мәселесіне ғана емес, жалпы ұлттық егемендік пен рухани тәуелсіздікке қатысты маңызы зор пайым. Мемлекеттік мүддені биік қоя білген Көшербаевтың мұндай ұстанымы – нағыз зиялы тұлғаның келбеті.
Байқоңырда қайраткердің бастамасымен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүзеге асырылды. 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50 пәтерлі 5 тұрғын үй салынып, Қазақстан азаматтарына берілді. Бұл Байқоңырда соңғы 30 жылда алғаш рет салынған мемлекеттік тұрғын үйлер болатын.
Міне, Қырымбек Елеуұлы қызмет жолында еліміздің ғылымы мен білімін дамытуға, аймақтарды жаңғыртуға, әлеуметтік әділеттілікке басымдық беріп, халықтың шынайы ризашылығына бөленді. Ол елдік ұстанымы берік, сөзі мен ісі қабысқан мемлекетшіл тұлға. Оның өмір жолы – елге қызмет етудің нағыз мектебі, жарқын үлгісі екені анық.
Әнуар ДӘУЛЕНБАЕВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы,
Байқоңыр қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы
27 мамыр 2025 ж. 131 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (10407)

27 мамыр 2025 ж.

№38 (10406)

24 мамыр 2025 ж.

№37 (10405)

20 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 833
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031