Жемісті еңбекке жарасты құрмет
qarmaqshy-tany.kz ӨТКЕН АПТАДА АУДАН ӘКІМІ ЖАНДОС ЕРКІНБЕК ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІКЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА ЕЛЕУЛІ ҮЛЕС ҚОСҚАН, АУДАННЫҢ ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ АЛҒА БАСУЫНА ӨЗІНДІК ҚОЛТАҢБАСЫН ҚАЛДЫРҒАН МАЙТАЛМАН МАМАН, ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ, ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ НАЗИРА МЫҚТЫБАЕВАНЫ ҚАБЫЛДАП, 70 ЖАС МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ.
– Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, еткен еңбегі мен жеткен жетістігі болады. Сіз қаржы саласында талай толымды істерді атқарып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қостыңыз. Ауданның дамуына ерекше қолтаңбаңызды қалдырып, күн-түн демей еңбек еттіңіз. Сіздің қызметте талапшылдығыңызды, еңбекқорлығыңызды, бастаған ісін соңына дейін жеткізбей тынбайтын мақсатшылдығыңызды әріптестеріңіз әлі күнге дейін үлгі-өнеге етіп айтып отырады. Осындай дара қасиеттеріңізбен сыйлы бола білген сіз бір мекеменің ғана емес, тұтас бір ауданның алға басуы жолында аянбай тер төгіп, бар-күш жігеріңізді жұмсадыңыз. Бүгінде ауданымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысып келесіз. Осынау мерейлі мерекеңізде деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр, әулетіңізге баянды бақыт тілеймін, – деген аудан басшысы Назира Ермағамбетқызының иығына зерлі шапан жауып, өзінің құрметін көрсетті. Артынша «Қызылорда облысының құрметті ардагері» медалін табыс етті.
Н.Мықтыбаева қаржы саласында 45 жыл бойы үзіліссіз еңбек етіп, осы жылдарда аудан игілігі жолында тынымсыз қызмет істеді. Әсіресе, ел егемендігін алған тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаңадан құрылған аудан әкімдігі аппаратының қаржы және экономика бөлімінің бір жүйеге түсуіне өзінің бай тәжірибесі мен қажыр-қайратын жұмсап, өлшеусіз еңбек сіңірді. Мекеменің тыныстіршілігін нарықтық жағдайға бейімдеп, ұйымдастырушылық қабілеті мен табандылығының, заман талабына тез бейімделіп, еліміздің қаржы саласындағы жаңашылдықтарды лезде меңгеріп, жан-жақты іздене жұмыс жасауының нәтижесінде аудан әкімдігі мен оның аппаратының құқықтық-экономикалық жағынан нығаюына қол жеткізді.
Аудан әкімі аппаратының бас маман – бас есепшісі, бас инспекторы болып еңбек еткен 25 жылында мамандығының қыр-сырын бүге-шүгесіне дейін меңгерген, білімді де білікті маман Назира Ермағамбетқызының атқарған жұмысынан шашау шығып, қателік кеткен емес. Бір тиынына дейін санаулы қиын қызметте құзырлы органдардан қандай тексеру келсе де, «тұяғы сүрінбеді». Өзіне сеніп тапсырылған миллиондаған қаржының «мұрты бұзылмай», тиісті жерлеріне жеткенінше тыным таппады. Заман ағымына ілесіп, білімін күн сайын жетілдіріп отыруды да әдетке айналдырды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянбай тер төгіп, өзінің бар күш-жігерін жұмсады. Осылайша, ел танып, ауданда оны білмейтін жан кемдекем болды. Кез келген жерде құрметпен қарсы алып, төрін ұсынды, пікірімен санасты.
Ерекше атап өтерлігі – ауданға қарасты ауылдық округ әкімшіліктерінің есеп бөлімі аудан әкімдігінің аппаратына қараған тұста да, осы жұмыстың басықасында болып, ауыл әкімдіктерінің қаржы қызметін шебер ұйымдастыра білді. Қандай жұмыс сеніп тапсырылса да мақсат үдесінен шығып, абыроймен атқаратын ол ауыл әкімшіліктерінің есеп бөлімі аудан әкімі аппаратынан өз алдына жеке-дара бөлініп шыққанша сүйемелдеп, аталған жұмысты бір жүйеге қоя білуімен есімі аудан тарихында қалды.
Қаржы саласының үздігі, есеп ісінің шебері Мықтыбаеваның есімі еліміздегі түрлі сайлау науқандарымен де тығыз байланысты. Мемлекет мүлкі мен қаражатына ұқыппен қарап, үнемшілдігінен танбаған оның бай тәжірибесі тек облыста ғана емес, республика көлемінде өзінің лайықты бағасын алды. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде ерекше орын алатын түрлі деңгейдегі мәслихат, Мәжіліс, Парламент, Президент сайлаулары кезінде ауданға бөлінген қаржыны ысырап қылмай, тиімді әрі үнемді пайдалануы – Астана төрінде бірнеше рет ерекше атап өтілді. Бір ғана мысал. 2015 жылдың 26 сәуірінде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында ол аудан бойынша 8 миллион теңгені үнемдеп, еліміз бойынша үздік үлгі көрсетті. Оның осы еңбегі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы тарапынан жоғары бағаланып, сайлаудағы тәжірибесі басқа өңірлерге үлгі ретінде насихатталған.
Ол өзінің еңбек жолында аудан әкімдігі құрылған алғашқы күннен бастап оны басқарған 9 аудан әкімімен түсінісе, қоян-қолтық жұмыс жасады. Қасиетті Қармақшы еліне әкім болған аудан басшылары да оның еңбегі мен қажырлы қызметін әркез жоғары бағалады.
Сондай-ақ, ол 45 жылдық еңбек тәжірибесінде көптеген есеп және қаржы саласының мамандарын тәрбиелеп, осы саланың тұтас бір толқынын баулып шығарды. Бүгінде оның шәкірттері ауданымыздың барлық саласында, түрлі мекемелерде жемісті еңбек етіп келе жатқандарын ерекше атап өткен жөн. Өзі атқарып отырған қызметіне деген адалдығынан болар, ол жұмысына деген жауапкершілікті бәрінен жоғары қойып, қарапайымдылығынан бір жаңылған жоқ.
Салтанатты қабылдауда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов сөз сөйлеп, мерейтой иесінің өмір жолынан естеліктер айтып, ақжарма тілектерін жеткізді.
Қабылдау соңында Назира Ермағамбетқызы өзіне көрсетілген құрмет үшін аудан басшылығына алғысын айтып, жауапты қызметіне толағай табыс тіледі.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК