» » ЕРЕН ЕҢБЕК ЕЛЕНГЕН КҮН

ЕРЕН ЕҢБЕК ЕЛЕНГЕН КҮН

Қарапайым қызметпен-ақ ел құрметіне бөленіп жүрген жандар жетерлік. Оларды тіпті алыстан іздеудің қажеті шамалы. Жұмысшымеханизаторлықтан мемлекеттік қызметшіге дейін көтерілген еңбек адамының өнегелі өмірі көпке үлгі боларлықтай. «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін» деген ұстанымды өміріне серік еткен майталман маман жақында құрмет төрінен көрінді.
Нақтырақ тоқталсақ, Төретам кенттік клуб үйінде «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының тұжырымдамасына сәйкес, «Жанұя шуағы» жобасы аясында мемлекеттік қызмет саласының зейнеткері, абзал ана, асыл әже, ерен еңбек иесі Сәрсенкүл Әлімжанқызының өнегелі өміріне арналған «Еңбегі ерге бергісіз» атты мерекелік жиын болып өтті.
Кент әкімшілігі мен клуб үйінің ұйымдастыруымен өткізілген ісшараның шымылдығы еңбегімен елдің алғысын алған Сәрсенкүл Есқалиеваның өмір жолына арналған видеороликпен бастау алды. Өмірі еңбекпен өрілген кейіпкеріміздің қызмет жолына аз-кем тоқталып кетсек. Еңбек жолын 1981 жылы Жосалы кеңшарында күрішшілер бригадасында механизатор болып бастаған ол 1987 жылы «Мал азықтық дақылдар өсіру» бағдарламасына сәйкес «Жігер» комсомол жастар бригадасының бригадирі болып сайланады. Еңбек десе ет жүрегі елжірей кететін жас қыз сенімнен шығып, дәндік, сүрлемдік жүгеріден жоспарды артығымен орындап, жоғары жетістік көрсетеді. Мұнан кейін де кеңшарда күрішші, бригадир, комсомол комитетінің хатшысы, кадр бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады. Осы аралықта отбасын құрып, 3 перзенті өмірге келеді. 2001 жылдан бастап ауданға қоныс аударып, аудандық «Казагрэкс» АҚ-ның зертхана меңгерушісі, аудандық ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдары қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрайымы, Т.Көмекбаев ауылдық округінің әкімі, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі, елді мекендегі шаруашылықтың директоры, сондай-ақ аудан әкімі аппаратының персональды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы, Жосалы ауылдық округінің әкімі секілді түрлі жауапкершілігі мол қызметтік сатылардан сүрінбей өтіп, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде сектор меңгерушісі, Төретам кенті әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.
Еңбектің бейнетін өткеріп, енді зейнетін көрер шаққа келген Сәрсенкүл Әлімжанқызы көптің құрметіне бөленді. Тәлімі мол іс-шарада ауданнан арнайылап барған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, әкелер кеңесінің төрағасы Шегебай Құндақбаев, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева өздерінің ізгі лебізін білдіріп, қажырлы еңбек жолы мен жақсы қырларына қанық қылды.
Таңдаған мамандығын жантәнімен сүйіп, қалаған кәсібіне адалдық танытатын жандар әрдайым өздерін бақытты сезінеді. Әрине, өмірден өз орнын тапқанша түрлі кедергілер мен сынақтардың кездесуі – қалыпты құбылыс. Қиындықтарға мойымай, алға қойған мақсатқа жетер жолдағы ауыртпалықтарды еңсере білген адам ғана жеңіске жете алатынын Сәрсенкүл Әлімжанқызының өмір және еңбек жолы дәлелдей алады.
– Алланың пендесіне беретін сыйы – ол өмір. Ал осы өмірді әркім әртүрлі сүреді. Әр адамның шыққан биігі, жеткен жетістігі әртүрлі. Десе де, біздің іздейтініміз – бір дүние. Ол – адамгершілік, кісілік, кішілік, азаматтық болмыс дәні. Міне осы қасиеттерді бойына жия білген Сәрсенкүл саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған жан. Ердің жұмысы деп емес, елдің жұмысы деп аянып қалмады. Аудан абыройы үшін әрдайым адал еңбегін жасады, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков.
Қай ауылда еңбек етсе де, сол ауылдың байырғы тұрғынындай халықпен етене араласып, білек сыбана кірісуі – ешкімді жатсынбайтынының, көпшілдігінің көрінісі. Ер мінезді, үлкен мен кішінің тілін тауып, етене араласа кететін, істің көзін тапқыш Сәрсенкүл Әлімжанқызының қажырлы еңбегін замандастары мен бірге қызмет еткен бұрынғы, бүгінгі әріптестері жоғары бағалады. Қазіргі күні нәзік жандар түгілі, тепсе темір үзетін жігіттердің өзі жолай қоймайтын агроном, күрішші мамандығының қыр-сырын жетік білетін жан мамандығының мақтанышына айналған.
Сондай-ақ кент әкімі Ғалымжан Елеусінов зейнет жасымен құттықтап, адал еңбегі үшін алғыс білдірді. Тағылымды шара клуб үйі өнерпаздарының концертімен жалғасын тапты.
Сәрсенкүл апамыздың ауданға сіңірген еңбегі елеусіз қалмады. Ол әр жылдарда түрлі марапаттарға ие болып, алғысқа кенеліп отырды. 2012, 2017 жылдары облыс бойынша көшбасшы әйелдер арасында өткізілген байқауға қатысып, «Мемлекеттік басқару» және 2018 жылы Қазақстан ауыл әйелдерінің І форумында «Ауыл округінің үздік әкімі» номинацияларын жеңіп алған. Оның кеудесінде бүгінде Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдары қызметкерлері кәсіподағы орталық комитетінің «Еңбек даңқы», Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20, 25 жылдық, «Цай Ден Хақтың туғанына – 100 жыл», Т.Көмекбаев, Ақжар ауылдарының құрылғанына – 50 жыл, Еңбек Ері «Қасымтай Ізтілеуов» атындағы және басқа да бірқатар мерекелік төсбелгілер еңбегінің көп жылғы жемісіндей жарқырайды.
Мерекелік жиын соңында көп құрметіне бөленген майталман маман көпке алғысын жеткізді.
– Менің еңбек жолымды насихаттап, еткен еңбегімнің нәтижелерін ұлықтап, зейнет демалысына көркем гүлмен көмкеріп, жылы лебізбен шығарып салғандарыңыз үшін үлкен рахмет! Тракторшы, күрішшіден бастап, басшылық қызмет атқарып, 30 жылдай мемлекеттік қызмет саласында, оның ішінде 15 жыл әкімшілік салада қызмет атқарып, абыроймен зейнетке шығу – мен үшін үлкен ғанибет. Бұл іс-шараға арнайылап ауданнан, ауылдық округтерден келген қонақтар еңбегімді ерге бергісіз деп бағалағандарыңызға, осы іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Төркіндеп келген мені төрге шығарған Төретам халқына шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді Сәрсенкүл Есқалиева.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
24 мамыр 2025 ж. 381 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (10411)

14 маусым 2025 ж.

№42 (10410)

10 маусым 2025 ж.

№41 (10409)

03 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 911
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30