ЖІГЕРЛІ ЖАСТАР ЖИЫНЫ
Жуырда Қызылордадағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Сыр елі – достық мекені» атты республикалық Ассамблея жастарының форумы өтті.
Оның алғашқы секциялық отырысы «Болашақ» университетінде болды. Басқосу жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттыруға, жастардың кәсіптік бағдарын айқындауға арналды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» тақырыбына орайластырылған секцияда қатысушылар мамандық таңдаудың маңыздылығы, еңбек нарығындағы сұраныстар мен болашақ мүмкіндіктері туралы ой бөлісті.
Форум аясында «Достық үйінде» «Сыр елі – достық мекені» атты республикалық Ассамблея жастары форумының пленарлық отырысы ұйымдастырылды. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жастар жанашырлары Нұрия Ниязова, Ғылым және білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, барлық өңірден келген Ассамблея жастарының көшбасшылары қатысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев форум қатысушыларын Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен құттықтап, басқосу жұмысына сәттілік тіледі.
– Баршаңызды бірліктің ұйытқысы болып, еліміздегі этносаралық достық пен толеранттылықтың үлгісін әлемге танытқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін өздеріңізбен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Сыр елі – достық мекені» атты форумда жүздескеніме қуаныштымын.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет» деген болатын.
Сыр өңірінде әр салада, атап айтқанда, білім, ғылым, журналистика, қоғамдық қызмет, спорт, медицина, мәдениет, кәсіпкерлік, өндірісте табысты еңбек етіп, жоғары көрсеткіштерге жеткен жастарға жыл сайын «Сыр үміті» облыстық жастар сыйлығы табысталып келеді. Баспана мәселесін шешу үшін 2023 жылдан бері «Сыр жастары» тұрғын үй ипотекалық бағдарламасы жүзеге асуда. Оған жыл сайын жергілікті бюджеттен «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кредит беруге 1 млрд 200 млн теңге бөлінеді.
Ассамблеяның мерейлі жылы аясындағы қуанышты жаңалық – Қызылорда қаласында жаңадан «Достық үйі» салынуда. Бұл бірлік пен ынтымақты нығайтуға атсалысқан этномәдени бірлестіктерге арналған, барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген заманауи ғимарат болады. Тағы бір ерекше жаңалығымыз, алдағы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» ашылады, – деді Н.Нәлібаев.
Форумның екінші күні делегаттар жер кіндігі Байқоңырда бас қосты. Онда қатысушы делегаттар зымыран ұшырылымын тамашалап, адамзаттың ғарышты бағындыру тарихындағы ұлы мекен – Байқоңыр ғарыш айлағына экскурсия жасады. Ғарыш әлеміне саяхат – ғылым мен технологияның, татулық пен бірліктің биік шыңын көрсеткен әсерлі сапар болды. Қатысушылар Байқоңыр мұражайында ғарыш саласының даму кезеңімен, Қазақстанның ғарыштық жетістіктерімен, сондай-ақ тұңғыш ғарыш айлағының терең тарихымен танысты.
Мұражайдағы әрбір экспонат, тарихи құжат пен жәдігер – еліміздің болашаққа ұмтылысын айқындайтын құнды қазына. «Жастар Ассамблеясы» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев «Ассамблея жастары» эмблемасы бар туды Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары Сергей Волковқа ресми түрде табыстады. Осылайша ғарыш әлеміне саяхат – ғылым мен технологияның, татулық пен бірліктің биік шыңын көрсеткен әсерлі сапар болды.
Келесі кезекте жастар легі Сыр өңірінің киелі нысандарының бірі – Қорқыт ата мемориалдық кешеніне арнайы келді. Мұнда аудан жұртшылығы келген меймандарды ұлттық дәстүрмен, әуезді жыр-термемен, ұлттық тағамдармен және ыстық ықыласпен қарсы алды. Қатысушылар ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған сайыстар мен қолөнер көрмесін тамашалады. Сонымен қатар Қорқыт баба мұраларымен танысып, Сыр өңірінің бай тарихи-мәдени әлеуетіне қанықты.
Ақнұр САҒЫНТАЙ