ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР АЙНАСЫ
Наурыз – көктемнің, жаңарудың, молшылық пен татулықтың мейрамы. Бұл мереке ғасырлар бойы түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының төл дәстүрінің бір бөлшегіне айналған. Наурыз – астрономиялық жаңа жылдың бастауы, күн мен түннің теңелу уақыты. Сондықтан бұл мейрам табиғат пен адамның үндестігін, өмірдің жаңаруын, жыл басының басталуын бейнелейді.
Наурыз мейрамының тарихы мыңдаған жылдарға созылады. Ол парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағына береді. Бұл мереке Орта Азия, Иран, Кавказ, Ауғанстан және Түркия елдерінде де кеңінен атап өтіледі. Ежелгі дәуірлерде бұл күнді халық ерекше ықыласпен қарсы алған, өйткені ол көктемнің келуімен байланысты.
Қазақ халқы Наурызды «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше қадірлеген. Бұл күні әрбір үйде наурызкөже дайындалып, адамдар бір-біріне жақсы тілектерін айтып, үлкендерден бата алады. Ауыл-аймақтарда ұлттық ойындар ұйымдастырылып, алтыбақан құрылып, ән мен жыр айтылып, мерекелік көңіл-күй орнайды.
Наурыз мейрамы – қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің ажырамас бөлігі. Бұл мейрам бірлікті, татулықты, кешірімділікті насихаттайды. Қазақ дәстүрінде Наурыз күні ренжіскендер татуласып, араздықты ұмытып, жаңа жылды жаңа көңіл-күймен қарсы алу маңызды саналған.
Мерекенің басты тағамы – наурыз-көже. Ол жеті түрлі тағамнан дайындалады: су, ет, тұз, май, дәнді дақылдар, сүт және ұн өнімдері. Бұл жеті тағам – өмірдің жеті элементін бейнелеп, халықтың тоқшылық пен молшылыққа деген сенімін көрсетеді. Сонымен қатар наурызкөже адам денсаулығына пайдалы, құнарлы әрі дәрумендерге бай тағам ретінде белгілі.
Одан бөлек, қазақ халқы бұл күні түрлі ұлттық тағамдар әзірлеген. Олар: бауырсақ – мерекелік дастарқанның сәнін келтіретін дәмді нан өнімдері. Құрт пен ірімшік – ұзақ сақталатын және молшылықтың белгісі саналатын тағамдар. Ет – қазақ халқының ұлттық асы, бұл күні қонақтарға арнайы тарту етіледі.
Наурыз мейрамы қазақтың дәстүрлі ойындарымен ерекшеленеді. Атап айтқанда: көкпар – ат үстінде тартыс ойыны, қайраттылық пен батылдықтың символы, айтыс – суырыпсалма ақындардың өнер сайысы, қазақша күрес – күш пен ептілікті сынайтын ұлттық спорт, алтыбақан – жастардың бас қосып, ән айтып, ойын-сауық құратын алаңы.
Бұл мерекеде беташар, тұсаукесер, бесікке салу, жас терек отырғызу, т.б. дәстүрлер орындалып, қазақ халқының рухани құндылықтары дәріптеледі. Наурыз – экологиялық және рухани тазалықтың, жаңарудың, болашаққа деген сенімнің нышаны. Бұл күні адамдар ауласын, көшелерін тазалап, ағаш отырғызып, табиғатты жаңартуға үлес қосады.
Қазіргі таңда Наурыз мерекесі Қазақстанда мемлекеттік деңгейде тойланады. Бұл – халықтар арасындағы достықты нығайтатын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ерекше мейрам. Әр жыл сайын бұл мейрам кең көлемде аталып өтіп, ұлттық мәдениетіміз бен дәстүріміздің ұлықталуына септігін тигізеді.
Соңғы жылдары ауданымыздағы Ақтөбе ауылының тұрғындары көше-көше болып Наурыз мерекесін арнайы тойлауды үрдіске айналдырды. Бұл күні көше тұрғындары әдеттегі тіршілігін ысырып қойып, көшедегі алдын ала белгілеген үйге жиналады. Көшенің жасы үлкен тұрғындары сөз алып, мерекелік жиынды ашық деп жариялап, көпшілікке бата береді. Наурыз мерекесінде пісірілетін тағамдарды бірлесіп дайындап, үлкен дастарқан жаяды. Арнайы мал сойып, ет асылады, наурызкөже әзірленеді. Аулаға алтыбақан құрылып, жастар жағы алтыбақан теуіп, ән айтып, билейді. Ұлттық ойын түрлерінен сайыс ұйымдастырылып, арқан тартыс, қол күрес, т.б. ойналады. Бүлдіршіндер асыр сала ойнап, өзара күреседі, асық атып ойнайды. Ашық-жарқын әңгіме құрылып, аға буын мен жас буынның арасында ерекше сыйластық қарым-қатынас салтанат құрады. Мұны көрген кішкентайлар да адамгершілік, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, ұлттық құндылық, рухани құндылық сезімдерін өз бойларына сіңіріп, тәрбиенің бұлағынан там-тұмдап болса да сусындайды.
Ел іші – өнер кеніші. Наурыз мерекесі – өнер көрсетудің, жақсыны паш етудің жарқын үлгісі. Осы тұрғыдан келгенде, көше тұрғындары ән шырқап, күй тартып, жаңа өсіп келе жатқан өнерлі жастың «тұсауын кесіп, шымылдығын ашып», оған ізгі тілектерін жаудырады. Жаңа, жас таланттарды танудың да мүмкіндігі туады. Кейінгі ұрпаққа үлгі болар осындай істер көбейгеніне қуаныштымын. Ел ішіндегі ауызбірліктің айқын дәлеліне, өмірлік өнегесіне айналған ұлық мерекемізді тойлау – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаудың төте жолы.
Наурыз – береке мен бірліктің, молшылық пен мейірімділіктің, жаңару мен жасампаздықтың мерекесі. Ол – қазақ халқының тарихи мұрасын, дәстүрі мен мәдениетін, рухани құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін маңызды күндердің бірі. Бұл мереке әрбір жанұяға қуаныш, молшылық пен татулық әкелсін! Наурыз құтты болсын!
Лаура БАҚТЫБАЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі