» » Бірлік пен береке мейрамы

Бірлік пен береке мейрамы

qarmaqshy-tany.kz ҚАҺАРЛЫ ҚЫСТЫҢ ҚЫСЫМЫНАН БОСАНЫП, ЖЕР-ӘЛЕМ БУСАНЫП, КӨК ҚЫЛТИЫП ӨСКЕН СӘТТЕ ТҮРЛЕНГЕН ТАБИҒАТ-АНАМЕН БІРГЕ АДАМЗАТ БАЛАСЫ ДА ЕРЕКШЕ КҮЙГЕ БӨЛЕНЕДІ. КӨКТЕМ – КӨҢІЛ-КҮЙДІҢ, ЖАҢАРЫП-ЖАСАРУДЫҢ МЕЗГІЛІ. КӨКТЕМНІҢ АЛҒАШҚЫ АЙЫ МЕРЕКЕГЕ ТОЛЫ. ЖАНЫҢДЫ ЖАДЫРАТЫП, АЛҒЫС АЙТУДАН БАСТАП, 8 НАУРЫЗДА СҰЛУЛЫҚ ПЕН НӘЗІКТІК СИМВОЛЫ – ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРДІҢ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАЙМЫЗ. БҮКІЛ ӘЛЕМ ХОШ ИІСКЕ БӨЛЕНІП, ГҮЛГЕ ОРАНҒАНДАЙ ӘСЕРДЕ БОЛАТЫНЫМЫЗ ӨТІРІК ЕМЕС. БҰДАН КЕЙІН БАРШАМЫЗДЫҢ АСЫҒА КҮТЕТІНІМІЗ – НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ
Шығыс халықтары мен Орта Азия елдерінде тойланатын Наурыз мейрамын ғалымдар әлемдегі ең көне мерекелердің қатарына жатқызып, оның тарихы 5000 жылдан асатынын айтып жүр. Бұрынғы кезде 22 наурызды «Қызылбастың наурызы» деп те атаған екен. Ал, тарихтан білетініміздей, ата-бабаларымыз Қызылбас елі деп Иранды, яғни қазіргі парсы елін атаған. Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіретіні бұрыннан мәлім. Қазақ халқында наурыз айының ескіше аты хамал деген атаумен белгілі. Соған орай, Наурыз мейрамының Амал мерекесі деп те аталғандығы жайлы айтылып жүр. Қазіргі кезде 14 наурызда атап өтіп жүрген Көрісу күні, Амал мерекесінің шығу тегі, түп-төркіні Наурыз мейрамымен тікелей байланысты. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағымен тұспа-тұс келген осы бір мезгілде қысқы тіршіліктің қамытын мойыннан алып, елдің аузы аққа, малдың аузы көкке жетер сәтке амалдап жеткенін бір тойлап, ойдағы ел мен қырдағы елдің бір-бірімен шұрқыраса көрісіп, амандық-саулық білісуінен кейін думанға ұласатын бұл мерекенің тойлануы да, тарихы да ерекше.
Наурыз мейрамының сәні – наурыз көже. Ол жеті түрлі дәмнен пісіріледі. Еліміздің әр өңірінде наурыз көжені түрліше әзірлейді. Ол сол жерде өсірілетін дәнді дақылға, әр жердің климаттық өзгерісіне де байланысты. Мәселен, қысы қытымыр, қары қалың келетін өңірлерде сүрленген етті асып, қазыны қосып, сорпаға дәнді дақылдар мен езілген құрт немесе айран қосу арқылы жасалса, оңтүстік өңірлерде мейіз, өрік сынды тәтті дәм беретін кептірілген жемістер қосылады. Сонымен бірге, оңтүстікте айран, қатықтан гөрі наурыз көжеге сүт қосып жасау әдісі көбірек кездеседі. Мұндағы басты ерекшелік – жеті түрлі дәмнің қосылуында. Жеті саны қазақ халқы үшін айрықша маңызға ие. Даланың даналығын бойына сіңіріп, табиғатпен етене байланыста тіршілік кешкен халқымыз жанына жақын ұғымдарға жеті санын қосып, жеті қазына, жеті жұт, жеті қат көк, жеті амал, жеті ғалам, жеті мүше, тағы басқа деп атаған. Мейрам кезінде де үйінен жеті адамның дәм татуын тілеп, әрбір адам жеті үйден наурыз көже ішкен екен. Қазіргі кезде бұл дәстүр қайта жаңғырып, тарих күнделігінің парақтары қайта ашылып жатыр.
Наурыз мерекесінің ХҮІІІ ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Римде, Ұлыбританияда тойланғандығы жайлы мәліметтер де кездеседі. Ұлыстың ұлы күні жайлы деректердің антикалық және орта ғасырдағы ғалым-жазушылардың еңбектерінде ұшырасатындығы туралы соңғы кездері жиі айтылып жүр. Осыған қарап, Наурыз мейрамының тек Шығыс және Орта Азия халықтарына ғана емес, әлемнің көптеген еліне ортақ айтулы мереке екенін білу қиын емес. Наурызды тойлау жөнінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы да сөз еткенді. Ол өзінің «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деп аталатын шежіре іспетті тарихи-танымдық мақаласында: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, тойтамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен», – дей келе, Наурыз тарихын көшпелі халықтардың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын көне заманымен байланыстырады.
2010 жылдан бастап Наурыз мейрамы халықаралық сипат алып, Біріккен Ұлттар ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. 2009 жылдан бастап Наурыз мейрамы адам баласының материалдық емес мәдени мұрасы ретінде ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді.
Бодандық дәуірінде ұмыт қала жаздап, қаншама тойтарыс, кедергілерге қарамай, халқымызбен қайта қауышқан осынау мейрам жылдан-жылға жаңа қарқынмен тойлануда. Мейраммен бірге, салт-дәстүріміз де жаңғырып, ұлттық киім кию, ұлттық әшекейлерді насихаттау, тағу үрдісі қалыптасып келеді. Ел тәуелсіздігін алмаған кезеңде ерлікпен пара-пар іс атқарған ақын Мұхтар Шахановтың бастамасымен аталып өткен Наурыз мейрамына жас ұрпақ жаңаша көзқараспен қарап, қазіргі заман тұрғысынан лайықты баға беруде. Наурызды халқымыз әз Наурыз деп те атайды. Осындағы «әз» сөзі араб тілінен аударғанда ардақты, сыйлы, құнды, бағалы деген мағынаны білдіреді. Қазақ қоғамындағы сыйлы адамның есіміне «әз» сөзін тіркеп қолдану да осыдан келіп шықса керек. Мәселен, Әз-Тәуке хан, ӘзЖәнібек, тағы басқа.
Ал, екінші бір нұсқаны назарға алар болсақ, «Наурыз тойы» кітабында: «Ертеде көктемде қойшылар қар еріп біте бастаған кезде аспаннан көктің аздап күркірегенін байқайды екен. Ол бір қыстың бітіп, көктемнің басталғанын білдіретін табиғаттың белгісі болса керек. Осы құбылысты «әз жүрді» деп атайды», – деген жолдар ұшырасады. Келтірілген екі мысалда да «әз» сөзінің қолданылуы еш артық емес. Әрқайсысы өзінше тың мән беріп, Наурыз мейрамының қадір-қасиетін аша түсетіндей. Қалай болғанда да Наурыз мейрамы – қазақ халқы үшін ерекше тойланатын, жастың үлкеннен бата алатын, үлкеннің кейінгіге үлгі-өнеге көрсететін ұлық мерекесі.
Лаура БАҚТЫБАЙ
21 наурыз 2023 ж. 424 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 289

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 384

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930