» » Мәртебелі мамандық иесі

Мәртебелі мамандық иесі

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз жырлағандай әрине «ұстаз» болу қиындығы мен қызығы мол мамандық иесі. Ұстаздар еңбегі қашанда биік бағаланатын мәртебелі мамандық екендігі баршамызға мәлім. Мектепке алғаш келген оқушыға әріп тануды, жазуды үйрететін мектеп ұстаздары. Олар ең алдымен, оқушы үшін білім нәрін құюшы ізгілік иесі, өмірлік тәжірибелерді үйретуші тәлімгер, адамгершілікке баулитын тәрбиеші психолог екені сөзсіз. Ұстаз – әрқашан шәкірттеріне бүгінгі алған білімінің ертеңгі күні қажеттілігін сездіре алатындай қасиеті бар, мектеп табалдырығын аттаған әрбір жас өреннің болашақтағы көздеген мақсаттарына қол жеткізуіне бағыт бере алатындай үлкен тұлға. Халқымыздың, ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан өмірлік тәжірибесін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын, жақсы қасиеттерін, бүгінгі заманның озық жетістіктеріне жас ұрпақ ұстаз арқылы, оның айтқан тәлімді сөздері мен өнегелі істері арқылы үйренеді. Ал бұл міндет қашанда қиын жауапты екені белгілі. Бүгінде осы мамандықтың тізгінін ұстап, талайлардың талабы мен талантын тасытып жүрген ұстаздардың қатарында Ақай ауылдық округіндегі Елеу Көшербаев атындағы №279 мектеп-лицейінің бастауыш және мектепалды даярлық тобының мұғалімі Алтын Бектұрғанова да бар. 1986 жылы дүние есігін ашқан ол білім жолын қуып, 2002 жылы М. Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінде «Балаларға 3-10 жас аралығында білім беру» мамандығын, кейінірек 2010 жылы «Болашақ» Университетінен «Бастауышта оқыту, педагогикасы мен әдістемесі» мамандығын алып шығып, ұстаздық жолға қадам басты.

Алғашқы еңбек жолын 2005 жылы Ақсуат ауылындағы №100 орта мектебінде бастауыш мұғалімі болып бастаған Алтын Қызтуғанқызын өмірдің ағысындағы сан тараулы жолдар Байқоңыр өңіріндегі, дәлірек айтсақ, Ақай ауылындағы ұстаздар қауымымен тоғыстырды. Атап айтар болсақ, 2014 жылы №99 орта мектепте, ал 2017 жылдан бері Елеу Көшербаев атындағы №279 мектеп-лицейінің бастауыш және мектепалды даярлық ұстазы қызметін атқарып келеді. Алтын Қызтуғанқызы қазіргі таңда осы мектепте бастауыш және мектепалды даярлық топтарында сабақ береді.

Жаңалыққа жаны құмар, өз мамандығын жан-тәнімен сүйген, «өзің үйрене жүріп, өзгені үйрет» деген ұстанымы бар кейіпкеріміздің алдағы уақытта әлі де толағай табыстарға жете беретіндігі сөзсіз. Өз ізденімпаздығының арқасында жас ұрпақты өнегелі етіп тəрбиелеуде, шəкірттерінің биік белестерді бағындыруына жол ашып жүрген үлгілі ұстаздың, өз мамандығын сүйген маманның ұстаздық жолындағы жетістіктері де жетерлік. Біздің ұлттық ойындарымыздың бала тәрбиесінде ерекше орны бар екенін ескерген Алтын Қызтуғанқызы 2014-2016 жылдары №99 орта мектепте бастауыш сыныптар арасында ұлттық ойын тоғызқұмалақтан үйірме ашты. Осы үйірмеде шыңдалған оқушылар 2014-2015 жылдары тоғызқұмалақтан аудандық 3-4 сыныптар арасында өткен жарысынан жүлделі орындар алды. Бижан Жолдасов, Нұржан Таңатов, Ислам Бақбергенов сынды балалар алдыңғы шептен көріне білді.

2021 жылы «Кемел өнер» білім орталығынан «Тәуелсіздікке 30 жыл» медалімен, 2023 жылы Қызылорда облысы әкімі апаратының «Ғарыш – инфрақұрылым» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен «Ел жүрегі – Астана» атты ұлттық спорт түрлерінен Бес асық жарысында ІІІ орын алғаны үшін дипломмен, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал 2024 жылы халықаралық зерттеулер орталығы ұйымдастырған «Инклюзивті білім беру кеңістігін құрудың қағидалары мен педагогикалық ұсынымдар» атты І халықаралық педагогикалық конференцияға қатысып, өз тәжірибесін халықаралық дәрежеде таратып, ерекше көзге түскені үшін дипломға, республикалық «Өрлеу» педагогикалық шеберлікті дамыту орталығынан білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлесі, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі жоғары жетістіктері мен кәсіби шеберлігі үшін «Педогог-модератор» төсбелгісіне ие болды.

2025 жылы республикалық «Өрлеу» педагогикалық шеберлікті дамыту орталығы ұйымдастырған «Мұқағали – Мұзбалақ ақын» мәнерлеп оқу шығармашылық байқауында «Қара өлеңнің Құлагері» номинациясында үздік өнер көрсеткені үшін оқушысы Медина Кемаладинова І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен ел үшін еткен еңбегінде» деген екен. Жүзінен шуақ, сөздерінен жылылық төгіліп тұрған ұстаз Алтын Қызтуғанқызы сынды мамандық иелері өнегелі өмірі мен еселі еңбегінің арқасында айналасына қадірлі. Сондықтан бала жанының бағбаны бола білген ұстаздар қауымының мәртебесі мәңгілік биік болары анық.

Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ

02 наурыз 2025 ж. 129 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№16 (10384)

01 наурыз 2025 ж.

№15 (10383)

25 ақпан 2025 ж.

№14 (10382)

22 ақпан 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 430
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31