АЙМАҚ БАСШЫСЫ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫН ПЫСЫҚТАДЫ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев су шаруашылығының жағдайын және су тасқынының алдын алу жұмыстарын тексерді.
Мемлекет басшысының Жолдауында ирригация жүйелері, жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу, көктемгі қарқын суды жинап, оны диқандардың қажетіне жарату мақсатында гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту тапсырылғаны белгілі. Бұл бағытта облыста бірқатар жұмыс атқарылды.
Атап айтқанда, Үкімет қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024 - 2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына» Қызылорда облысын суармалы сумен қамтамасыз етуге бағытталған 112 жоба енгізілді.
Олар аймақтың әлеуметтік- экономикалық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізеді.
Кешенді жоспарға енгізілген жобалар ішіндегі «Қараөзек» су қоймасын салуды Ислам Даму банкі есебінен қаржыландыру үшін Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Бұл 31 мың гектар суармалы, 120 мың гектар шабындық пен жайылымдық жерді және вегетациялық кезеңде Арал теңізін суландыруға мүмкіндік береді.
«Келінтөбе» магистралды каналына су беретін канал» жобасын жүзеге асыруға 2024 жылға республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 6,1 шақырым айналма канал қазылды. Сағасына гидротехникалық құрылыс салу қажеттілігі туындауына байланысты жоба-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін өтінім ұсынылды.
Жоба іске асқанда, Жаңақорған ауданының 30 мың гектар егістік жерін вегетациялық кезеңде суландыруға мүмкіндік береді.
Су үнемдейтін технологияны енгізуді 2028 жылға дейін 24,2 мың гектарға жеткізу (2024 ж. - 4,4 мың гектар, 2025 ж. - 9,2 мың гектар, 2026 ж. -14,2 мың гектар, 2027 ж. - 19,2 мың гектар, 2028 ж. - 24,2 мың гектар) көзделген.
Өткен жылы су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 4,4 мың гектарға жеткізіліп, 2023 жылмен салыстырғанда 3,5 мың гектарға артты.
Күріш шаруашылығында су үнемдеудің бірден-бір жолы - егістікті лазерлік тегістеу. Өткен жылы күріш егістігінің 55 мың гектарына лазерлік тегістеу жүргізілсе, алдағы 5 жылда 72 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, өткен жылы «Арна» мекемесінің теңгеріміндегі 107 су нысанына, 1 қорғаныс бөгеті және 69 канал бойындағы гидротехникалық құрылыстарға ағымдағы ұстап тұру жұмыстары жүргізілді.
Биыл 5 каналды тазалау жоспарлануда.
Сол сияқты, «Көлтоған» су қоймасының апаттық жағдайының уақытша алдын алу және «Ақүйік» ауылдық округі тұрғындарын аяқ сумен қамтамасыз ету үшін «Арна» мекемесі арқылы су беретін каналды тазалау, дамбысын көтеру, су тоспаларын жөндеу, қойманың бөгетін уақытша қалпына келтіру жұмыстары атқарылды.
Аймақ басшысы су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану, су тасқынының алдын алу мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек екенін ескертті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі