ҚОС АУЫЛДАҒЫ ҚУАНЫШ
Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен ауданға келді. Аймақ басшысының қатысуымен ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру спорт кешендері ашылды. Салтанатты шараға жауапты сала басшылары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Облыс әкімі тұрғындарды жаңа нысандардың ашылуымен құттықтап, Сыр спортындағы жаңалықтарға тоқталды.
– Берекесі мен бірлігі жарасқан Қармақшы ауданында жаңа спорт кешендерін ел игілігіне табыстауға жиналдық. Президентіміз Қасым- Жомарт Кемелұлы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде: «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз» деген болатын. Бұл бағытта облыс тұрғындарының спортпен шұғылдануына қолайлы жағдайлар жасалуда. Өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында «Үстел теннисі орталығы» іске қосылды. Халықаралық стандарттарға сай келетін 11 мың орындық «Орталық стадион» салынуда. Нысан биыл мамыр айында пайдалануға беріледі. Жақын күндері Қызылорда қаласында 19 млрд теңгеге көпбейінді «Қызылорда Арена» және 2 млрд 900 млн теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады. Қармақшы ауданында спорт саласындағы жұмыстар жолға қойылған. Қазіргі таңда аудандағы спорт мектептерінде 3 мыңға жуық жастар мен жасөспірімдер спорттың барлық түрлерімен тұрақты шұғылдануда.
Халқымызда «Дені саудың – жаны сау» деген жақсы сөз бар. Сыр елі жастарының спортпен шұғылданып, байрақты бәсекелерде, дүбірлі додаларда топ жаруына заманауи үлгідегі спорт нысандарының тигізер үлесі зор.
Ел игілігі үшін ашылған жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа тартатын тәрбие ошағы болсын, – деді аймақ басшысы.
Өткен жылы аудан спортшылары республика чемпионаттарында 18 алтын, 25 күміс, 18 қола, Азия чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 3 қола, Әлем чемпионатында 1 қола медаль иеленді.
Салтанатты шарада спорт саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Қоғам қайраткерлері, Қызылорда облысының Құрметті азаматтары Бекмырза Еламанов пен Биғали Қаюпов құттықтау лебіздерін жеткізді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жаңадан ашылған денешынықтыру-сауықтыру кешендері 120 адамға арналған. Кешендерде қазақ күресі, дзюдо, шахмат және тоғызқұмалақпен шұғылдануға арналған жаттығу залдары бар.
Сонымен қатар аймақ басшысы ауданға сапарында құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге «Руханият орталығында» тұрғындарды жеке қабылдады.
Жеке қабылдауға келген 78 азамат электр желілерін жаңғырту, айналма жол салу, көшелерге жөндеу жүргізу, теміржол үстінен көпір салу, газ сапасын тексеру, жарық бағаналарын орнату, балалар ойын алаңын салу, тағы басқа мәселелерді көтерді.
Т.Көмекбаев ауылының тұрғыны клуб үйін жаңадан салып беруді сұрады. Аймақ басшысы бұл нысанға 6,9 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынғанын атап өтті.
Кент тұрғыны аудан орталығының көшелерін асфальттау мәселесін көтерді. Жосалы кентінің 11 көшесін жөндеуге қаржы бөлінгені, жақын арада мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталатыны айтылды.
Тұрғындар құқық қорғау органдары басшыларынан өз сұрақтарының заң аясындағы шешімі туралы маман кеңесін алды. Жұртшылық сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешу үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Кейінгі жылдары дәстүрге айналған бұл бастама ел арасында үлкен қолдауға ие болды және алдын ала хабарланған жеке қабылдауға келушілер саны артып келеді.
Сапар барысында облыс әкімі еңбек ардагерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, аймақтың, ауданның даму бағыты, түйткілді мәселелерді шешу жолдары туралы пікір алмасты.