«ТІРЕК МЕКТЕБІ: ЖЕТІСТІККЕ БІРГЕ ЖЕТЕМІЗ!»
Бұл бейсенбі басқа бейсенбіден өзгерек. Оның өз себебі бар. Сағат таңертеңгі 8-де оқушылармен қатарласа олардың ата-аналары мен ата-әжелері де мектеп табалдырығын жарыса аттады. Тазалығы айнадай, кең де жарық білім ордасының бүгінгі шырайы келісіп-ақ тұр. Қыстың қытымыр аязына қарамастан мұнда жып-жылы атмосфера. Әдеттегідей газеттің қызметкері емес, ата-ана ретінде қатысып жатқан іс-шарамыз – Ашық есік күні болса, оның тақырыбы – «Тірек мектебі: жетістікке бірге жетеміз» деп таңдалып алыныпты.
Біз сөзімізге арқау етіп отырған кент орталығындағы Т.Көмекбаев атындағы No250 мектеп-лицейдің кіреберісі бір сәтке жадыраңқы күйге толды. Мектеп басшысы мен ұжым қызметкерлері олардың әрбірінің алдынан күтіп алып, амандық сұрасып жатты. Бір-бірін көптен көрмеген туыстай құшақ аша сәлемдескен ата-әжелер мен жас ата-аналардың қауқылдасқан үніне қарап сүйсінбеу мүмкін емес. Ұстаздармен бірге лицей шәкірттерінен құралған Парламент мүшелері де осы жерден табылып, белсенді қызмет атқарып жүр. Аз-кем амандықтан соң олар еңселі ғимараттағы (үш қабаттан тұратын) оқу кабинеттеріне қарай жол бастады. Біздерді, яғни бірнеше ата-ананы осы мектеп парламентінің президенті, 10 «д» сыныптың үздік оқушылары Аймерей Жасұланқызы мен парламент мүшесі Ақзия Сармолдина үшінші қабаттағы сыныптардың біріне бағыттады.
Кәсіптік білім беру саласының ардагері, оқу ісінің үздігі Қуаныш Сүлеев ағамыздың тобы 10 «Г» сыныбында өткен «Ата-ананың қарызын өтеу – сенің парызың» атты сыныптан тыс жұмысына қатыстық. Сынып жетекшісі әрі білікті ұстаз, тарих пәнінің тәжірибелі мұғалімі Эльмира Ақболатова тәрбие сағатын жоғары деңгейде ұйымдастырған. Сыныпты ұлттық дәстүрге сай безендіріп, дастархан жаюы – тақырыпты ашып-ақ тұр. Оқушылардың әке, ана туралы жатқа айтқан жыр жолдары жүрекке жетеді. Бейнебаян да сәтімен шықты. «Ананың аялы алақаны» тақырыбындағы бөлімде Інжу, Аяулым, Жібек, Ерсұлтан, әке, тәрбие туралы Бақдәулет, Шұғыла, Нұрасыл, Кәусардың ой-толғамдары ойға ой қосады. «Сиқырлы сөз» атты тренингте жасөспірімдер отбасындағы ата-аналарымен қарым-қатынастарында маңызды дүниелерді де бүкпесіз ортаға салды.
Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – жаһандану десек, оның жетістігімен бірге, ұрпақ тәрбиесіне тигізіп жатқан зияны және аз емес. Оның ішінде әлі оңы мен солын ажыратып үлгірмеген балалардың смартфонды шектен тыс қолдануы қазақ отбасының «бас ауруына» айналуда. Тәртіпті бала мен тәртіпке бас игісі келмейтін немесе әке-ананың, үлкеннің тілін алатын бала мен айтқанын істегісі келмейтін ұрпақтың арасы жер мен көктей екені белгілі. Қалай десек те, ұрпағына ешкім жаманшылық тілемейді. Терең бойлап келгенде, бұл да әуелі алдыңғы арбаның дөңгелегінің қалай жылжитынына, отбасындағы тәрбиеге, тіпті ата-ананың да өз іс-әрекетіне бек байланысты нәрсе. Екі отбасындағы осындай екі түрлі жайт сынып оқушыларының ата-аналары – Әйгерім Кенжеғұлова мен Сәрсенкүл Шаухиевалардың қатысуымен қойылған көріністің шынайы шыққаны соншалық, қазіргі қоғамның жан жарасын тағы бір тырнап алғандай әсерде қалдырды.
Тәрбиелік шарасында ата-аналар өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Сынып оқушылары да өздерінің салмақты да сүбелі ойларымен, ашықтығымен ерекшеленді. Сабақ ата-ананы сыйлап-құрметтеу перзенті үшін әрдайым парыз екенімен нүктесі қойылды.
Ашық есік күні мұнан әрі мектеп-лицейдің бірінші қабатында оқушылардың әдеби монтажымен, республикамызға белгілі ақын, сазгер Жарқынбек Тұрымбетов жетекшілік ететін «Дарын» жас өнерпаздардан құрылған балалар оркестрінің орындауындағы күймен жалғасты. Одан соң мектеп директоры Гүлзира Еркебаева ата-аналардың алдына шығып, «Іс-әркеттегі жоба: тірек мектептің жетістігі» таныстырылымы бойынша білім ұйымындағы іргелі істер мен жетістіктерді кезең-кезеңімен тізбектеді.
«Өткен оқу жылында бітіруші 73 түлектің барлығы да ҰБТ сынағын тапсырса, оның нәтижесінде орташа балдық көрсеткіш 92,6-ны көрсеткен. 57 оқушы грант иесі атанған. «Алтын белгіге» 10 шәкірт, «Үздік аттестатқа» 11 шәкірт тәмамдап, бәрі 100-ден жоғары балл жинап, мектеп мәртебесін көтеріп отыр. Сонымен қатар биылғы жылдан да үміт мол» деді ол сөз арасында.
Бүгінде мектеп-лицейде білімгерлердің саналы тәрбие, сапалы білім алуына септігін тигізетін мультимедиялық, Stem, пәндік оқыту, бастауыш сынып, технология, музыка, Intellectum кабинеттері мен мұғалімдер бөлмесі, телестудия, ART-студия қызмет көрсетуде. Жалпы айтқанда, жаңа модификациялық кабинеттер үлесі 40 пайызды құрайды. «Самға» балалар мен жасөспірімдер театры жас таланттардың қатарын көбейтуге үлесін қосса, Нұрлыбек Серікбаев жетекшілік ететін сазбалшықтан бұйымдар жасау үйірмесінің де балаларға берері мол.
Іс-шараға қатынасқан ата-аналар, аудандық білім бөлімінің өкілдері мектеп-лицейдің жатақхана, кітапхана, қуыршақ театры, телестудия жұмыстарымен танысса, алғашқы әскери дайындық, технология, информатика және басқа да кабинеттерді аралап, ондағы ұстаздардың еңбегіне оң баға берді. Одан өзге іс-шара аясында ұстаздар тарапынан ұйымдастырылған «Көтеріңкі көңіл күй жанға қуат береді», «Стоп, буллинг!», «Цифрлық әлем», «Мир профессий», «Под единым шаныраком», «Ақылды балапан», тағы басқа да тақырыпта қойылым, тренинг, ашық тәрбие сағаттарына қонақтар ризашылықтарын жеткізді.
Сондай-ақ халықаралық балаларды қорғау күніне арналған аудандық «Бала дауысы – 2024» байқауының жеңімпазы 6 «г» сынып оқушысы Жауқазын Шаймаханованың орындауындағы әдемі әнін тамашалады. 2 «ж» сынып жетекшісі Мөлдір Қалымбетованың ұйымдастыруымен өткізілген «Бестемше» ұлттық балалар ойынының куәсі болдық.
Ашық есік күні білім ошағының мәжіліс залында қорытындыланды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» халқымыз даналығымен, ақыл-парасатымен биік тұра білген. Бірлесе істеген жұмыстың нәтижесі де жемісті болары сөзсіз. «Мектеп – ата-ана – оқушы» бірлігі қашанда маңызды үштаған болып қала бермек. Іс-шараның мақсаты да осы екенін түсіндірген мектеп басшысы Гүлзира Мұратбекқызы барша ата-анаға алғысын айтып, ортақ қазынамыз – бала болашағы, бақыты үшін мектеппен ұдайы байланыста болуға шақырды.
Мұнан соң ата-аналар балаларының сабағына қатысу үшін сыныптарға қарай аяңдасты.
Сәрсенкүл АҚКІСІ