» » БЕЛОМЫРТҚАСЫ МЫҚТЫ АЗАМАТ

БЕЛОМЫРТҚАСЫ МЫҚТЫ АЗАМАТ

Жадырап жаз, күркіреп күз кезегімен алмасып тіршілік дәптерінің талай беттері аударылыпты. Желге мінсең де жеткізбейтін өткен өмір тек алға оза беріпті. Озған сайын қадірін таныта түседі екен. Қайталанбас, қайтып келмес күндеріңді аңсап, сағынып ойға батасың. Ондай кезде алыста қалған ұмытылмас сәттерің моншақтай мөлдіреп көз алдыңнан өтіп жатады.
Кешегідей бәрі есімде, сонау 1987 жылы жазда Дүкенбай Досжановтың туған жеріне барып шығармашылық есеп беру сапарына Бақытжан екеуміз қонақ ретінде шақырылып, қасиетті Сыр еліне ат басын тіредік. Облыстың, қаланың лауазымды жігіттері қошемет-құрметпен құшақ жая қарсы алды. Бұл қонаққа деген жай көңілжықпастық емес, шынайы ықылас, ыстық мейірім сезімдері еді.
Бізге арналған мәдени шаралардың барлығында Қызылорда қалалық партия комитетінің идеология хатшысы Сәдуақас Аңсатов бастап алып жүрді. Алайда сол күндерде қысқа жауаптасудан арыға бармады, ешбір әңгімеге араласпады. Жәлел, Амангелді секілді басшы қызметтегі жігіттер бізбен емен-жарқын сөйлесіп, арасында әзілдесіп жатқанда да ләм демей үнсіз жүрді. Қаланың бір басшысы ретінде арнайы келген қонақтың жағдайын жасау міндетін атқарып қана жүргендей көрінді. Шынымды айтсам сонда: «Мына бір «жауқабақ», көзқарасы ауыр үндемес жігіттің әдебиеттен хабары шамалы, Коммунистік партияның уставынан басқаны оқымаған, қара тырнағына дейін қатқан партократ болуы керек», – деп ойладым.
Біз бірнеше ауданды аралап, оқырманмен кездесулер өткізіп, Қызылордаға қайта келдік. Алматыға оралатын мерзім жеткенде бізге арнап кең-мол дастарқан жайылып, мазмұнды да мағыналы отырыс болды. Міне, сол кезде әлгі «үндемес» жігітіміз тереңнен толғап, тамырынан тарта термелеп, мәнерлеп тұрып сөйлегенде таңғалғаннан көзім төбеме шықты. Көлеңкеге қарап көйлек пішкендей, адамды жете білмей тұрып, жан дүниесін түсінбей жатып, шолақ ойлап, шұғыл шешім жасағаныма қатты ұялдым.
Біз Сыр елінен рухани байып қайттық, әйгілі сүлейлердің жырлары мен термелеріне сусындап, көкірек көзіміз ашыла түсті. Біз шынайы достар тауып, өрісіміз кеңейіп қайттық.
Бақытжан екеуміз талай жерде құрмет-қошемет көріп, талай адаммен дәмдес болдық. Әйтсе де, Сыр елінен тапқан достарымыздай күні бүгінге дейін сыйластығы үзілмегендер кемде-кем. Әсіресе Аңсатовтар әулетімен Момышұлы шаңырағының ынтымақ-бірлігі бекімесе, босаған емес. Кез келгенге бүйрегі бұра бермейтін Бақытжанның Сәдуақас дегенде ықыласы ерекше еді. Сәкеңнің жүрегін кір шалмаған тазалығы, достыққа берік адалдығын қатты бағалайтын. Әсілі, адам бойындағы асыл қасиеттер – ар-ұят пен намыс, бұлар адамды нағыз адам ететін беломыртқа тіректер. Сәдуақаста осы тіректердің бәрі бар. Оның ойлау аясы кең, тіршіліктегі сан алуан құбылыстарға өзіндік ой-пікірі бар, өзіндік жеке көзқарасы бар тұлға.
Сәкең – уызына жарыған жан, өйткені ақын анасы Бибісара анамыздың бесік жырын тыңдап, өлеңмен ауызданған. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» деген – осы.
Ер-азаматты зор ететін де, қор ететін де – кейде әйелдер. Сәкең бұл жағынан да маңдайлы. Азаматының басын ардақтап, жанын түсінетін Кенжедей арумен жұптасып, өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырғандары үшін бақытты.
Зейнеп АХМЕТОВА,
жазушы, «Тіл сақшысы» газеті ақылдастар
алқасының мүшесі
25 қаңтар 2025 ж. 122 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№6 (10374)

24 қаңтар 2025 ж.

№5 (10373)

21 қаңтар 2025 ж.

№4 (10372)

18 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 340
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031