» » МЕНІҢ ТУҒАН МЕКЕНІМ

МЕНІҢ ТУҒАН МЕКЕНІМ

Мына дала – менің туған мекенім,
Мүмкін емес одан алыс кетерім.
Көз қарыған болмаса да көркі оның,
Кім біледі неге қымбат екенін?!

Мына дала – менің өскен жұмағым,
Мың дертіме дауа мөлдір бұлағың.
Қандай ыстық қызғалдақты қырларың,
Анам келіп ши тартатын құмағың.

Біреу мейлі баламасын төрге тым,
Мұндай өлке бар ма кезсем жер бетін?!
Алыс жақтан аңсап келе жатқанда,
Көзіме оттай басылады келбетің.

Әкем жүрген, анам күлген паң далам,
Баға жетпес, ұғар оны аңдаған.
Жүрегіме жырдың құсын қондырып,
Қиялыма қанат бердің самғаған.

Туған жерім – менің алтын бесігім,
Дүниенің ашқан сәтте есігін...
Күні күліп, желі сүйген аймалап,
Сені сонша сүйсем енді несі мін?!

Ертелі-кеш анашымдай айналған,
Тас тұғырым – кіндігімнен байланған.
Туған елге махаббатым көл-көсір,
Бастау алған сендей мөлдір қайнардан...

ТІЛЕК
Жайлаған, бектер, күліп төрімді,
Ішімнен тынған ұғып шерімді.
Солдыра көрме, тоңдыра көрме,
Бүршігін жарған үміттерімді!
Арман-шыңдардан құлата көрме,
Жанымды шыққа шылата көрме.
Ақсұңқар болсаң, қанатын жайған,
Әлсізді бүріп жылата көрме!
Таспенен басып шайтан безбенін,
Талайдың көрдік ардан безгенін.
Жаныма маза беретін емес,
Шарасыз күйде қалған кездерім.
Жылата көрме қорғансыздарды,
Қайырсыз қыстан қалған сыз бар-ды...
...Дүркіреп өссін жауқазындарым,
Қаһарлы қыста жарған мұз-қарды!
Мөп-мөлдір болсын айдының–арың,
Жетіліп өссін тай-құлындарым.
Тектілік тұнған тұғырдан көрін,
Ұмыттыр елге қайғы-мұң барын!

ҚАРТТЫҚТЫҢ ҚАРА КҮЗІНДЕ

Тірі жанға жоқтай осы керегім,
Бір білдірмей кетсем бе екен дерегім.
Көңіл-гүлдің үлбіреген күлтесін,
Кім ұғынар суықтатпау керегін?!

Өткенімен өмір сүрген баяғы,
Сағынышым сары гүлін жаяды.
Күндегідей Күн шығады күлімдеп,
Әппақ нұрын төгер түнде Ай әлі.

Бала шақта бала ғой деп мәпелер,
Ол сәбиге шексіз шаттық әкелер.
Жеткенінде қара күзі қарттықтың,
Бұл жаныңды кім жылытып жетелер?!

Баяулық бар жүрісімде, ісімде,
Уақыт салған өрнектер көп пішінде.
Бойлай өскен бала қайың секілді,
Сымға тартқан сымбат та жоқ, мүсін де.

Қалтыратса қарттығыңның суығы,
Сынбас үшін шаңырақтың уығы.
Саф алтындай айнымайтын мәнінен,
Мықты болсын ұрпағыңның туымы.


ЖЕҢГЕЛЕРІМ
Көненің көзі болған жеңгелерім,
Әрбірің саф алтынға тең келерім.
Алдыңнан ізет сақтап өткізесің,
Сендерге иілмеуім жөн бе менің?!

Ұрпақты жеткізу боп армандарың,
Тағдырдың көтергенсің салғандарын.
Өмірдің көніп ыстық-суығына,
Тапжылмай таста қауыз жарғандарым.

Көрсетпей оғаш қылық, суық пішін,
Жоғалтпай өр намыстың уыт-күшін.
Сақтаумен өмір бойы келесіңдер,
Жып-жылы сыйластықтың ұйытқысын.

Кей кезде кезіп кетем ой алабын,
Анаңдай кім бола алар сая бағың?..
...Қадірлеп қабағыма қарағанның,
Пейіліне жүрегімді жая аламын.

Пенде жоқ тағдырына бағынбаған,
Болса да талай асу алынбаған.
Мың алғыс сендерге асыл жеңгелерім,
Жолынан адамдықтың жаңылмаған.



Орынкүл ТЫНЫМБАЙҚЫЗЫ,
Халықаралық Жазушылар
одағының және
Қазақстан авторлары
қоғамының мүшесі

19 қаңтар 2025 ж. 129 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№5 (10373)

21 қаңтар 2025 ж.

№4 (10372)

18 қаңтар 2025 ж.

№3 (10371)

14 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 324
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031