ӨЗГЕРІСТЕР ӨЗЕГІ – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ
Биыл ауданымыз үшін толайым табысқа толы, жемісті жыл болды. Мұның бәрі – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы деп білемін. Ел игілігіне қызмет етіп жүрген әрбір азаматқа осы сәтте шынайы ризашылығымды білдіремін. Ауданымыздың әлеуметтікэкономикалық жағдайы жыл сайын өркендеп, өсіп келеді. Енді сол жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталсам.
Ең бастысы, аудан бюджетінің ұлғаюын айтуға болады. Қазіргі таңда, аудан бюджеті 18 млрд 593 млн теңгені құрап, 2023 жылғы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 55 пайызға артып отыр.
Оның ішінде, ауданның өз кірістері 2024 жылға 2 млрд 111 млн теңге болып бекітіліп, бүгінгі күнге 545 млн теңгеге ұлғайтылып, 2 млрд 656 млн теңгені құрады. 2023 жылмен салыстырғанда 736 млн теңгеге немесе 38,3 пайызға артты. 2024 жылдың 1 желтоқсанда ауданның өз кірістер жоспары 111,4 пайызға орындалды.
Ендігі кезекте, ауданның даму динамикасы анықталатын негізгі макро экономикалық көрсеткіштерге тоқтала кетсек. 2024 жылдың 11 айында өнеркәсіп саласының кәсіпорындары 5 млрд 920 млн теңгенің өнімін өндірсе, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100 пайызды құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 4 млрд 841 млн теңгенің өнімі шығарылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,1 пайызды құрады.
Ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 19 млрд 775 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 101,1 пайызды құрады.
Ауданымызға 17 млрд 816 млн теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 15,1 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстары 6 млрд 5 млн теңгеге жүргізіліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 30,4 пайызды құрады. Есепті кезеңде 39320 шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 21,5 пайызды құрады. Бөлшек сауда көлемі ұлғайып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 3,4 пайызды құрады.
Өздеріңізге белгілі, Қармақшы ауданы ауылшаруашылығына негізделген. Сондықтан, макроэкономикалық көр сеткіштердің басым бөлігі ауылшаруа шылығы саласындағы жетістіктерге байланысты. Биыл жалпы көлемі 25 272 гектар алаңға егіс орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл күріш көлемі – 13 270 гектар.
Аймақ басшысының «Тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызға ие көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін қалыптастыру» туралы тапсырмасы негізінде 408 гектар бақшалық жерлер дайындалып, 930 отбасыға бөлініп берілді. Ал күріш дақылының 13 016 гектары орылып, бастырылды. Орташа есеппен әр гектардан 60,1 центнерден өнім алынып, 78,2 мың тонна астық қамбаға құйылды.
Сонымен қатар, суды үнемдеу мақсатында жаңа технологияларды пайдаланып, жаңбырлатып суару тәсі лімен 20 гектар жоңышқа, тамшылатып суару тәсілімен 5 гектар көкөнісбақша дақылдары егілді. 2025 жылы осы жұмыстар бойынша жоспарды 100 гектарға жеткізу көзделуде.
Инженерлі тұрғыда әзірленген ауыс палы егістіктерде күріш егуге дайындалып, 7,0 мың гектар жерлер лазерлі тегістегіштермен тегістелді. Нәтижесінде жыл қорытындысымен аудан егін шаруашылығы бойынша облыста «Озат аудан» атанды.
Мал шаруашылығы бойынша да мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы нәтижесімен өсім қалыптасып, 136 мың төрт түлік мал басы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 118,3 пайызға өсіп отыр.
Жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында биылғы жылы Қармақшы ауылдық округіндегі «Қожантай» су тос пасы қалпына келтірілді. Нәтижесінде Жосалы кенті және Қармақшы ауылдық округінің 3 мың гектарға тарта жайылымдық-шабындық жерлері суландырылатын болады.
Ауылшаруашылығымен қатар, ауданның экономикалық дамуына тікелей әсер ететін шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы да басты назарда. Қармақшы ауданы бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 2024 жылдың 1 желтоқсанында 3 мың 426 бірлікті құрады. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 108 жобаға несие беріліп, 137 азамат грант иеленді.
2024 жылы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бірқатар жоба іске қосылып, жаңа жобалардың құрылыстары жүргізілуде. Өнеркәсіп саласы бойынша 3 жоба жүзеге асты. Жосалы кентінде «АНК-Даулет» ЖШС газоблоктар өндіретін шағын зауыты, Жаңажол ауылдық округінде нау байхана және кондитерлік цехы, Төретам кентінде «С-тройка» өндірістік кооперативінің бетон бұйымдарын өндіру цехы іске қосылды.
Қызмет көрсету және сауда саласында құны 215 млн теңге болатын 3 жоба жүзеге асырылуда.
Енді бюджет есебінен жүргізілген құрылыс жұмыстарына келетін болсақ. Жүргізіліп жатқан жобалар нәтижесінде ауданымызда халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды салу, ауыз сумен қамтамасыз ету, электр беру желілерін қайта жаңғырту және газбен қамту мәселелері шешілетін болады.
Бірінші кезекте, жеке тұрғын үйлері жоқ халықтың әлеуметтік осал топтарына және кезектілікте тұрған азаматтарға 156 пәтер сатып алынды.
Төретам және Ақай елді мекенін газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.
Атап айтсақ, Ақай ауылындағы табиғи газға қосу жұмыстары аяқталып, 2023 жылғы қараша айында пайдалануға беріліп, 820 тұрғын үй газға қосылды. Ал Төретам кенті бойынша құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталып, ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға беріліп, бүгінгі күні 1115 үй табиғи газды пайдалануда.
Аудан бойынша аса маңыздылығы бар Дүр Оңғар ауылына дейінгі және ауылішілік газ желісінің құрылысының басталуына облыстық бюджеттен 1 млрд 721,3 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Дүр Оңғар ауылына газ жеткізілген соң сол аймақтағы басқа да елді мекендерді газдандыру жұмыстарына мүмкіндік тудырары айқын. Осы жобалар іске асқанда аудан тұрғындарының газбен қамту үлесі артатын болады.
Осы игі істің бастамасы ретінде Иіркөл және Төребай би ауылдарына дейінгі және ауылішілік газ желісінің жобасын әзірлеуге аудандық бюджеттен 39,3 млн теңге қаржы қаралып, жоба-сметалық жұмыстары әзірленді.
Бұдан бөлек, Жосалы кентінде жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін тарту құрылысы аяқталып, тұрғындар газбен қамтамасыз етілді.
Ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Жосалы кентіндегі «Тәуелсіздік» шағын ауданының тұрғын үйлеріне су құбыры желісін жеткізумен бірге, кентішілік су құбыры желісін салу жұмыстарына 9,5 млн теңгеге жобасметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан оң қорытынды алынды. Жобаға қаражат бөлдіру мақсатында бюджеттік өтінім тапсырылды.
Электр желілерін қайта жаңғырту – өзекті мәселелердің бірі. Себебі аудан бойынша электр желілерінің тозығы жеткен. Осы орайда 4 елді мекеннің (Т.Көмекбаев, Ақтөбе, Иіркөл, Дүр Оңғар) электр желілерін қайта жаңғыртуға қаржысы бөлініп, бүгінгі күні Ақтөбе және Т.Көмекбаев елді мекендеріне электр желілері қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, демеушілік қаражат есебінен Дүр Оңғар ауылының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба сметалық құжаттары әзірленді. Аудандық бюджеттен құрылысын бастауға қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Иіркөл ауылында да электр желілеріне жаңғырту, құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Аудандық бюджеттен Қуаңдария, Ақжар, ІІІ Интернационал, Алдашбай ахун, Қармақшы ауылдарының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім өткізілді.
Сонымен қатар, демеуші есебінен Тұрмағамбет ауылының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Алдағы уақытта, кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Ауданда халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткішін арттыру мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында денешынықтыру кешендерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Биылғы жылы елді мекендерге 5 балалар және спорт алаңын салуға 105,4 млн теңге қаралып, алаңдар салынды. Соңғы бір жарым жылда аудан көлемінде 17 балалар және спорттық ойын алаңы орнатылып, пайдалануға берілді.
Тағы да айта кететін қуанышты жаңалықтардың бірі – аймақ басшысының қолдауымен биылғы жылы өткізілген «Үлгілі елді мекен» конкурсында «Үздік аудан» номинациясы бойынша Жосалы кенті І орын иеленіп, 4 дана арнайы техника сыйға берілді. Сонымен қатар, «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша Қармақшы ауылына абаттандыру жобаларын қаржыландыруына 15 млн теңгенің сертификаты табысталып, 2025 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен Қармақшы ауылындағы орталық алаңға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Жол жөндеу, көше жарығы, аяқ сумен қамту бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Атап айтатын болсам, облыстық бюджеттен 1 млрд 371 млн теңге қаралып, «Ақжар-Тұрмағамбет-Т.Көмекбаев» аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жалпы 27 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Республикалық және облыстық бюджеттерден 674 млн теңгеге «Қызылтам елді мекеніне кіреберіс» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 4,6 шақырым автомобиль жолына асфальт төселді. Қармақшы ауданындағы аудандық маңызы бар жолдар барлық елді мекендерде тартылып, жөнделіп қазіргі кезде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 83 пайызға жетті.
Ақжар ауылындағы А.Құнанбаев көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 50 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстары жүргізілуде.
Төретам кентінің 3 көшесіне, Жосалы кентіндегі 2 көшеге және Тұрмағамбет ауылындағы 5 көшеге күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен Жосалы кентінің 4 көшесінің орташа жөндеу жұмыстарына 94,4 млн теңге қаржы қаралып, жұмыстары толығымен аяқталды.
Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Аудандық бюджет қаражаты есебінен Жосалы кентінің 4 көшесін жарықтандыруға және бағаналарға декоративті безендіру жарықтарын орнату жұмыстары толық аяқталды.
Сонымен қатар Т.Көмекбаев, Иіркөл, Төребай би ауылдарының бір көшелерінен жарықтандыру жұмыстарына қаржы қаралып, жұмыстар толығымен игерілді.
Аудандық бюджет қаражаты есебінен бірқатар абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Алдашбай ахун, Тұрмағамбает, Қармақшы, Қуаңдария, Ақжар ауылдарының төлқұжаттарын жаңартуға қаржы қаралып, паспорттар орнатылды. Бұдан бөлек, Жосалы кентінің кіреберісіне төлқұжат орналастыру жұмыстары толығымен аяқталды.
Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін Жосалы кентінің Жолдыбаев және Рысқұлов көшелеріне жаяу жүргінші жолдарын салу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, халыққа пайдалануға берілді.
Өткен жылы басталған Шығыс каналының жағасын абаттандыру жұмыстарын аяқтауға, А.Құнанбаев көшесіне кіреберіс бөлігін және І.Мүсірбаев көшесінің бойын абаттандыруға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталды.
Алдашбай ахун ауылында «Тағзым алаңын» орнату, кіреберіс арканы ағымдағы жөндеу жұмыстарына, Майлыөзек көшесіне жаяу жүргінші жолына қаржы қаралып жұмыстар толығымен бітті.
Ал Қуаңдария ауылындағы орталық алаңға ағымдағы жөндеу және Бәйтерек көшесі бойында орналасқан әкімшілік ғимараты ауласына қоршау жұмыстары, Төретам кентінде 10 аялдама орнату және Қармақшы ауылындағы «Жеңіс» бағын қоршау жұмыстары толығымен аяқталды.
Аудандық маңыздағы «Жалағаш – Жосалы – Марал ишан» автомобиль жолының 6,5 шақырым жол құрылысына облыстық бюджеттен 252,3 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстары жүргізілуде.
Жосалы кентінің тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі бұл – Мырзағалиева көшесіндегі темір жол өткелі. Қазіргі таңда құрылыстың жоба-сметалық құжаттамасына қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Жоба құны – 5,5 млрд теңге.
Денсаулық сақтау саласына тоқталсақ, өткен жылы Дауылкөл, Ақжар және Жаңажол ауылдық округтерінде дәрігерлік амбулаториялар салынып, пайдалануға берілді. Осы үш дәрігерлік амбулаторияға биыл 3 жаңа жедел жәрдем көлігі табысталса, қосымша 11 жаңа жедел жәрдем көлігі ауданға келді.
Ал биылғы жылы Қуаңдария және Қармақшы ауылдарында фельдшерлікакушерлік бекеттерінің құрылысына бюджеттен 416,9 млн теңге қаралып, жыл аяғына дейін жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда нысандар ел игілігіне берілді.
Еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарының бірі – білім беру саласы. 2023-2024 оқу жылында 15218 оқушы білім алып, 686 мектеп бітірушінің 649-ы, яғни 94,6 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балдық көрсеткіші 86,0 пайызды құрады. Оның ішінде 54 түлек «Алтын белгі» және 67 түлек «Үздік аттестат» иеленді.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге 649 оқушы қатысып, 181 оқушы жүз және жүзден жоғары балл жинады. Нәтижесінде ауданымыз облыс бойынша үздік көрсеткішке қол жеткізді. Жалпы аудан бойынша 47 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс жасайды, оларда 3 880 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 25 мемлекеттік, 21 жеке меншік, 1 шағын орталық.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен 2-6 жас аралығындағы балалардың 89,4 пайызы, 3-6 аралығындағы балалардың 100 пайызы қамтылған. Қармақшы ауданында жалпы білім беретін 30 мектеп, 2 мектептен тыс мекеме жұмыс жасайды.
№284 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты спорт залының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Білімді қолдау Ұлттық қоры» арқылы Тұрмағамбет ауылындағы №29 орта мектептің 250 орынға арналған құрылысы үшін 1,9 млрд теңгеге бюджеттік өтінім жолданып, 2025 жылдың есебіне жаңадан салынатын құрылыстар тізіміне енгізілген.
Ағымдағы жылы «Жасыл ел – еңбек жасағы» маусымдық жұмыс бойынша 16-35 жас аралығындағы жастарды маусымдық жұмыспен қамту мақсатында жұмыссыз, Neet санатындағы жастар, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы осал топ отбасыларының 110 баласы бірінші кезекте жұмыспен қамтылды.
Әлеуметтік салаға келсек халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу біздің басты міндетіміз. Жұмыс іздеуші ретінде «Мансап» орталығына хабарласқан 6336 адамның 1342 адамы бос жұмыс орындарына орналастырылған. 2024 жылғы 1 желтоқсанына аудан бойынша 2352 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып, 2342 жаңа жұмыс орны ашылды.
«Жастар тәжірибесіне» 305 адам жоспарланып, барлығы 210 адам 85 мекемеге жолданды. 32 адам жұмыстарын аяқтап, 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 55 маманға 20,3 млн теңгенің көлемінде көтерме жәрдемақы берілсе, ал 60 маманға құны 528,0 млн теңгені құрайтын тұрғын үй алуға несие беру жоспарлануда.
Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы мәдениет саласын әрдайым бас ты назарда ұстап, барынша қолдау көрсетіп келеді. Осыған орай, Ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, құндылықтарды дәріптеуде биылғы жыл аймағымызда «Руханият жылы» деп жарияланды.
«Руханият жылы» аясында ауданымызда бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – аудан орталығындағы «Руханият орталығы» бой көтеріп, құрылысы аяқталды. Аталған орталықта мұражай, кітапхана, мұрағат, ардагерлер, әйелдер кеңесі, жастар ресурстық орталығы, қоғамдық ұйымдар, неке қию қызметі жұмыс жасауда.
Сондай-ақ, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес 16 мәдениет, клуб үйлерінде жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелейтін үйірмелері бар «Адал адам» мәдени-тәрбие беру орталықтары жұмыстарын бастады. Ағымдағы жылдың 11 айында аудандық бюджеттен 2,5 млн теңге қаржы бөлініп, ақпан айынан бастап 16 мәдениет және клуб үйінде 7 бағытта 1372 шара өткізіліп, оған 85524 көрермен қатысқан.
Ағымдағы жылдың жаз мезгілінде әр аптаның сенбі күні бекітілген кестеге сәйкес Қармақшы аудандық мәдениет және клуб үйлерінің өнерпаздарының «Ел іші – өнер кеніші» атты концерттері Жосалы кентінің орталық алаңында өткізілді.
Ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны – 20 988 адам, аудан халқының 40,5 пайызын құрады.
Биылғы жылы спорттық жетістіктерге толы жыл болды. Жыл көлемінде аудан спортшылары спорт түрлерінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен Кубоктарында 18 алтын, 25 күміс, 18 қола медаль иеленсе, Әлем чемпионатында 1 қола, Азия чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальді иеленді.
Осы жылы Ақтау қаласында өткен самбодан Азия чемпионатында жерлесіміз Әсемай Рүстемова жеңімпаз атанса, Ұлтай Сейілова қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар, гір тасын көтеруден Тайвань қаласында өткен Азия Чемпионатында Еркебұлан Кәжденбек (Қуаңдария ауылы) І орын иеленіп, жеңімпаз атанды.
Елімізде өткен V дүниежүзілік көшпенділер ойындарында белбеу күресінен жерлесіміз Назерке Әбілтаева қола жүлдегер атанды. Испания мемлекетінің Леон қаласында өткен жастар арасында ауыр атлетикадан Ерасыл Сәулебеков қола жүлдегері атанды. Алдағы уақыттарда да үлкен жетістіктерге жететінімізге сенімдімін.
Жалпы ауқымды жобаларға бюджет қаражатын алу оңай шаруа емес екені өздеріңізге белгілі. Ал ол қаржыға ел игілігі үшін сапалы жұмыстар атқару, қаржыны уақытылы игеру, жұмыстарды ұйымдастыру үлкен талап пен жауапкершілікті қажет етеді.
Осы бағытта, алдағы уақыттарда да өздеріңізбен бірлесіп, ұсыныстілектеріңіз ескеріле отырып, ел игілігі үшін жұмыс жасаймыз деген сенімдемін.
Құрметті жерлестер! Жаңа мақсаттар мен жаңа жоспарлар баршаңызға жақсы жетістіктер мен кәсіби табыстар әкеліп, Жаңа 2025 жыл әрбір шаңыраққа бейбіт өмір, тәтті тұрмыс, мол жақсылық сыйласын. Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осы жылды қорытындылап, атқарылған істі сараптайтын, алдағы жылға жаңа жоспарлар жасап, міндеттер белгілейтін кезеңде баршаңызға табыс тілеймін. Келе жатқан Жаңа жыл тағы да құтты болсын!
Жандос ЕРКІНБЕК,
Қармақшы ауданының әкімі
Қармақшы ауданының әкімі