Қармақшыда волейболдан аудандық турнир өтті
Аудандық дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде Мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына 10 жыл толуына орай волейболдан ересектер арасында аудандық турнир өтті.
Турнирдің ашылу салатантында аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы қатысып, мемлекеттік кірістер органдар қызметкерлерінің аудан қазынасының ұлғайту бағытында атқарып жатқан еңбектерін ерекше атап өтті.
– Қазіргі таңда аудан бюджеті 17 млрд. 177 млн. теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 3 млрд. 163 млн. теңгеге немесе 18,4 пайызға артып отыр. Оның ішінде, ауданның өз кірістері 2024 жылға 2 млрд. 441 млн. теңге болып, 2023 жылмен салыстырғанда 386 млн. теңгеге немесе 15,8 пайызға өсті.Аудан бойынша 2024 жылдың 1 шілдесіне өз кірістерінің жоспары 118,7 пайызға орындалды. Бюджет түсімін жыл сайынғы межеден асыра орындауға, жылдан-жылға аудан кірістері көлемінің артуына атқарып жүрген жұмыстарыңыз ерекше, –деді аудан әкімнің орынбасары.
Сондай-ақ, бүгінгі даталы күнге орай ұйымдастырылып отырған волейбол сайысына қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Салауаты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткен дүбірлі спорт додасына 10 команда, 150-ге жуық спортшы сайысқа түсті. Тартысты өткен турнирде «Қорқыт елі» командасы топ жарса, екінші орынға «Төретам кенті», үшінші орынға «Дүр Оңғар» командасы тұрақтады.
Жарыс қорытындысымен жеңімпаз командаларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.