ШЫРША ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ
Тарих қойнауына тағы бір жылды тапсырып, Жаңа жылдың қарсаңында тұрмыз. Бұл – көпшіліктің асыға күтетін мерекесінің бірі. Оның шырайын келтіретін шырша екені айтпаса да түсінікті.
Осы орайда бейсенбіде Жосалы кентінің орталық алаңында сәні мен салтанаты жарасқан бас шыршаның шамы салтанатты түрде жағылды. Түрлі-түсті жарық айналаға ерекше сән беріп тұрды. Ауа райының салқындығына қарамай алаңда жиналған қауымның қарасы қалың. Күллі жұрт осы бір керемет көріністі тамашалауға жиналған. Кештің көркін кіргізген аниматорлар да осында жүр. Бір бұрышта әсем әннің ырғағымен тербелген жастар да табылады. Аға буын өкілдері де осында немерелерін жетелеп келіпті.
Көрсе көздің жауын алатын шырша биыл жылдағыдан ерекше безендірілген. Оның биіктігі 19 метрді құрайды. Рас, биылғы безендірудің жөні бөлек. Тіпті шырша төбесіндегі жұлдыздың орнына қазақы ою бедерленген. Салтанатты шара барысында мерекелік театрландырылған қойылым сахналанды.
Аталған іс-шарада аудан әкімі Жандос Еркінбек аудан көлемінде жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып, тұрғындарды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, аталмыш шарада Аяз ата мен Ақша қар ән шырқап, ертегі кейіпкерлері би билеп, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
– Бүгiн баршамыз орталық алаңның сәнін кіргізіп тұрған шыршаның шамын жағып, мерекелiк шараларды бастауға жиналып отырмыз. Жаңа жыл – бәріміз ақ пейілмен асыға күтетін, қуанышқа толы ең жайдары, келер күнге мол сенім артатын ерекше мереке. Ұлу жылы ауданымыз үшін ел тілегі жүзеге асқан, серпінді жобалардың орындалуымен есте қалды. Жаңа жыл баршамызға жақсылық әкелсін. Әрбір бастаған жұмыстарымыз табысты аяқталып, ынтымағымыз нығая берсін! – деді аудан әкімі.
Осылайша жүздерінен қуаныш нұры төгілген көрермендер жаңа жылдық концертті тамашалады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ