1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда не өзгереді
Енді халықаралық және республикалық тас жолдарда жылдамдықты асырған жүргізушілерге айыппұл салынады. Оған қоса 1 желтоқсаннан бастап шетелден көлік әкелу ережелері де өзгереді. Ал кейбір байланыс операторлары тарифті қымбаттатып жатыр. Stan.kz ақпарат агенттігі 2024 жылдың соңғы айында елімізде қандай өзгерістер болатынына шолу жасады.
Шетелден көлік әкелу ережелері өзгереді
Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап шыққанына үш жыл болмаған көліктерді әкелуге жаңа ереже енгізіледі. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, енді 3 жыл толмаған автокөліктерді Көлік түрін бекіту құжатында ресми тізімі бар адамдар ғана әкеле алады. Бұл құжат көлік құралының техникалық регламент талаптарына сәйкестігін растайды.
Бұрын декларацияланған кез келген тұлға Көлік түрін бекіту арқылы автокөліктерді импорттай алатын. Алайда қазір импорт құқығы осы құжатта тікелей көрсетілгендерге ғана сақталады. Көлік түрін бекіту тек заңды тұлғаға беріледі.
Бұл өзгерістер Кедендік одақтың техникалық регламентіне сай белгіленді және Қазақстанға автокөліктерді әкелуді оңтайландыруға бағытталған.
Халықаралық және республикалық тас жолда жылдамдықты асырғандар айыппұл төлейді
4 желтоқсаннан бастап Қазақстанда халықаралық және республикалық тасжолдарда орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салынатын жаңа ереже күшіне енеді. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев мәлімдеді.
Ол қазан айының басында Қазақстанда әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және жол қозғалысы ережелеріне елеулі өзгерістер енгізетін заңнамалық актілерге қол қойылғанын, олардың кейбіреулері биыл 4 желтоқсанда күшіне енетінін еске салды.
"Жаңашылдықтарға сәйкес, жолдардың түзу учаскелерінде жылдамдықты шектен асырған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл мөлшері 5-тен 40 АЕК-ке дейін, яғни жылдамдықты арттыру дәрежесіне қарай 18 460 теңгеден 147 680 теңгеге дейін”, – деді Әлекешев.
Айыппұл көлемі мынадай:
- орташа жылдамдықты сағатына 10-нан 20 шақырымға дейін асырғаны үшін – 5 АЕК (18 460 теңге);
- сағатына 20-дан 40 шақырымға дейін – 10 АЕК (36 920 теңге);
- сағатына 40 және одан да көп километрде – 20 АЕК (73 840 теңге);
- жыл ішінде жылдамдықты бірнеше рет асырған жағдайда – 30 АЕК (110 760 теңге);
- сағатына 60 және одан да көп километрде – 40 АЕК (147 680 теңге).
Кейбір ұялы байланыс операторларының тарифі қымбаттайды
Желтоқсан айында кейбір қазақстандықтар ұялы байланыс пен интернет бағасына көбірек төлейді. Activ және Kcell компаниясы тариф бағасы 13 желтоқсаннан бастап көтерілетінін ескертіп, өз абоненттеріне хабарлама жолдаған.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Kcell (Activ брендінің иесі) компаниясына сауал жолдады. Компания мәліметінше, 13 желтоқсаннан бастап 18 Kcell және Activ тарифтік жоспарларының құнын реттеу жоспарланып отыр. Тариф саясаты нарық конъюнктурасына байланысты қалыптасатынын мәлімдеді.
"Тариф құнының орташа өсуі қазіргі тариф шарттарына байланысты 6-дан 25%-ға дейін (орта есеппен 400 теңге) көтеріледі. Біздің тарифтің құны жыл сайын өсіп келеді. Электр энергиясының қымбаттауы тарифтің құнына тікелей әсер етеді. Мысалы, бір базалық станция орташа есеппен 20 пәтердің электр қуатын тұтынады. Сонымен қатар валюталық бағамның өзгеруі де көрсетілетін қызметтердің құнына әсер етеді. Өйткені желіні жаңарту және қолдау үшін қажет жабдықтар шетелден сатып алынады"", – деп хабарлады Kcell.
Сонымен қатар желтоқсаннан бастап Beeline компаниясы да бірнеше тарифінің бағасын көтереді. Оның ішінде мүгедектігі барлар мен зейнеткерлерге және мұғалімдерге арналған әлеуметтік тарифтер де бар.
"Әлеуметтік белсенді" тарифі 11 желтоқсаннан бастап 390 теңгеден 500 теңгеге дейін өседі. Оның орнына басқа желілерге қоңырау шалуға 10 минут қосылады. Қалалық және басқа нөмірлер үшін 7 ГБ пен 50 минуттың орнына абоненттер 8 ГБ және 60 минут алады. Бірақ ай сайынғы төлем 300 теңгеге, яғни 1190 теңгеден 1490 теңгеге дейін көтеріледі. Сонымен қатар мына тарифтер қымбаттайды:
"Супер"
"Социальный"
"Разговорный"
"FreeStyle за 790 архив"
"Промо за 990"
Қазақстанда шетелдіктерге тұруға рұқсат беру ережелеріне өзгерістер енгізілді
Ішкі істер министрінің 18 қарашадағы бұйрығына сәйкес, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға елімізде уақытша және тұрақты тұруға рұқсат беру үшін міндетті құжаттар тізбесі жаңартылды. Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 8 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Мемлекеттік корпорация арқылы уақытша тұруға рұқсат алуға өтініш берген кезде мына құжаттар қажет:
- Өтініш формасы;
- Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (түпнұсқасын көрсете отырып);
- Медициналық сақтандыру көшірмесі (ЕАЭО елдерінің азаматтары үшін талап етілмейтін түпнұсқасын ұсына отырып);
- Меншік иесінің тұруға нотариалды куәландырылған келісімі;
- Саусақ ізі алынғаны туралы куәлік.
Сонымен қатар мына қосымша құжаттар қажет болуы мүмкін:
- Отбасы құру үшін – Қазақстанда тұратын адаммен қарым-қатынасын растайтын құжат;
- Білім алу үшін – қазақстандық оқу орнынан өтініш;
- Стационарлық ем үшін – республиканың медициналық ұйымының науқасты емдейтінін растайтын құжаттары;
- Миссионерлік қызмет үшін – діни қызмет саласындағы уәкілетті орган беретін куәлік;
- Кәсiпкерлiк қызметпен айналысу үшiн (iскерлiк көшiп келушiлер) – медициналық анықтама (028/у нысаны), шұғыл медициналық көмек көрсетудi қамтитын медициналық сақтандыру және соттылығының бар/жоғын және кәсiпкерлiк қызметке рұқсаты барын растайтын құжат;
- Адам саудасының құрбаны үшін – бекітілген қағидаларға сәйкес жергілікті атқарушы органның өтінішхаты;
"Астана" халықаралық қаржы орталығының шетелдік мамандары үшін – еңбек шартының қолданылу мерзіміне, бірақ ұзарту мүмкіндігімен бір жылдан аспайтын рұқсат. АХҚО инвестициялық резиденттері үшін – АХҚО әкімшілігінің өтініші бойынша рұқсат беру мерзімі бес жылдан аспайды.
Жұмыс үшін:
- Жергілікті атқарушы орган беретін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат;
- Жергілікті атқарушы орган берген шетелдіктің біліктілігін растайтын сертификат;
- Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде тіркелген еңбек шарты немесе жұмыстарды орындауға (қызмет көрсетуге) азаматтық-құқықтық шарт;
- Іссапарға жібергені туралы бұйрық;
- Аккредиттеу мерзімі көрсетілген журналистің аккредитациясын растайтын құжат.
Жоғарыда аталған рұқсаттарды алудан босатылған көшіп келушілердің санаттары мен олардың отбасы мүшелеріне рұқсат еңбек шартының қолданылу мерзіміне, бірақ ұзарту мүмкіндігімен бір жылдан аспайтын мерзімге беріледі.
Желтоқсанда қанша күн демаламыз
Аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар желтоқсан айында жалпы 10 күн демалады. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні дүйсенбіге сәйкес келеді. Сондықтан аптасына 5 күн жұмыс істейтіндер үшін 14, 15, 16 желтоқсан – демалыс. Алты күн жұмыс істейтіндер үшін сенбі, 14 желтоқсан күні жұмыс күні ретінде бекітілген.
30, 31 желтоқсан дүйсенбі және сейсенбіге сәйкес келгендіктен, қазақстандықтар айдың бұл күндері демалмайды.
Букмекер кеңселері мен казиноларға жаңа ережелер енгізіледі
9 қазанда Қазақстанның туризм және спорт министрі ойын мекемелерінің, букмекер кеңселер мен тотализаторлардың жұмысын реттейтін жаңа үлгілік ережелерді бекітті. Бұйрық бойынша құмар ойындарды ұйымдастырушылар, соның ішінде казинолар мен ойын автоматтары залдары, ішкі ережелерді әзірлеп, бекітуге міндетті. Бұл ережелер бекітілген үлгілік ережелерге сәйкес келуі керек және ойын мекемелерінде көзге көрінетін жерлерге, олардың интернет-ресурстарының басты беттерінде орналастырылуы қажет.
Жаңа ережелердің басты талаптарының бірі – құмар ойындарға қатысушыларды міндетті түрде сәйкестендіру. Бұл процесс ойыншының жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы жүзеге асады. Барлық мәлімет қағаз немесе электронды форматтағы тіркеу формасына енгізіледі. Онда ойыншының тегі, аты, әкесінің аты, азаматтығы, ЖСН, туған күні, қызмет түрі, байланыс нөмірі және банк шотының деректері көрсетіледі.
Сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайда ойыншыға себептер жойылғанға дейін ойынға қатысуға рұқсат берілмейді.
Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар қосымша шараларды енгізеді: олар ойыншыларға ойын уақытын және ставка сомаларын шектеуді ұсынады. Сонымен қатар аккаунтта болған уақыт пен жоғалтқан қаражат мөлшері туралы ескертіп отырады. Бұйрық 2024 жылғы 11 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.
Қазақстандықтар үшін Ресейге кіру ережесі өзгереді
Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігі отандастарға төлқұжаттық бақылаудың жаңа ережелерін ескеру керек екенін айтты. Енді 1 желтоқсаннан бастап Қазақстан азаматтары Мәскеуге және Орынбор облысына келген соң биометриялық сәйкестендіруден өтуге міндетті болады.
Биыл 1 желтоқсаннан бастап Ресейде шетелдіктерден биометриялық деректерді жинаудың экспериментті кезеңі басталады. Басқа мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар қосымша тексеруден өтуі керек. Мәскеу әуежайларында және Орынбор облысындағы автомобиль өткізу пунктерінде азаматтар бет-әлпетінің суреті мен саусақ іздерін қалдыру қажет. Десе де бұл жаңашылдықтың алты жасқа толмаған балаларға және дипломатиялық миссияның өкілдеріне еш қатысы жоқ.
Жүк көлігіне артық жүк тиегені үшін салынатын айыппұл туралы хабарламалар автоматты режимге ауысады
4 желтоқсаннан бастап жүк көліктеріне артық жүк тиегені үшін айыппұл туралы хабарламалар Сергек жүйесінің жұмыс принципі негізінде автоматты режимге ауысады.
Айыппұл мөлшері 40 АЕК-ден (2024 жылы 147 680 теңге) 1 000 АЕК-ге (3,6 млн теңге) дейін болады.
Артық жүк тиегені үшін айыппұлдар қолмен салынса, яғни камера бұзушылықты түсіргеннен кейін көлікті бақылау қызметкері тәртіп бұзушыға айыппұл салады.
Көлік министрлігі адам факторы жұмысты бәсеңдетеді деп есептейді. Дегенмен кәсіпкерлер автоматтандырылған жүйе бойынша айыппұл сала бастағанын айтып шағымданып жатыр. 2025-2026 жылдары еліміздің жолдарында 220 автоматтандырылған жүк көлігін өлшеу жүйесін орнату жоспарланып отыр.
Көлігінің дөңгелегін қысқысына ауыстырмағандарға айыппұл салынады
Жылдағыдай 1 желтоқсанға дейін автомобиль дөңгелегін қысқы дөңгелекке ауыстырмағандарға айыппұл салынады. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған ресми мәліметке сай, М1 және N1 санаттағы автомобильдер жазда қарға қарсы дөңгелекпен жабдықталған болса, ал қыс мезгілінде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы дөңгелек орнатылмаған болса, көлікті пайдалануға тыйым салынады.
"Бұл шектеулер сәйкесінше Кеден одағының "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінің 5.5-тармағымен және осы қосымшаның 5.6.3-тармағымен реттеледі. Техникалық регламенттің 5.5-тармағы бойынша ереже бұзғаны үшін ӘҚБтК 590-бабының 5-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік көзделген, яғни бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады", – делінген ІІМ хабарламасында.
2024 жылы бұл айыппұл сомасы – 18 460 теңге.
Айта кетейік, М1 санатына жеңіл автомобильдер, N1 санатына жүк көліктері жатады.