СЫР СПОРТЫНЫҢ СЕРПІНІ
Сыр өңірінде спорт саласы серпінді даму үстінде. Заманауи инфрақұрылымның артуы мен саладағы жаңашылдықтар аймақтан ел намысын қорғайтын талантты спортшылардың көптеп шығуына зор ықпал ететіні анық. Мәселен, бүгінде облыс бойынша барлығы 47 спорт кешені мен 12 стадион, 13 теннис корты және 9 жүзу бассейні жұмыс істейді. Бұл нысандар халықтың, әсіресе, жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған. Бүгін жергілікті БАҚ өкілдері қаладағы бірнеше спорт кешендерінің жұмысымен танысты.
Тасбөгет кентінде орналасқан «№5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» өткен жылы ел игілігіне пайдалануға берілген. Нысанда еркін күрес, таеквандо, қазақ күресі, самбо, каратэ спорт түрлерінен 438 спортшы жаттығады. Ал, «Наман ата» қоғамдық қорына қарасты «Мың бала» спорт кешенінде 12 түрлі спорттық үйірме бар. Бүгінде онда 1000-ға жуық оқушы тәрбиеленуде. Олардың ішінде 22 ҚР чемпионы мен 1 Әлем чемпионы бар. Жыл басынан бері 21 спорт шеберіне үміткер Сыр елінің намысын қорғау үшін тыңғылықты дайындалуда.
Облыс орталығындағы «Евразия спорт кешені» аймақтағы ұлттық спорт түрлері мен бұқаралық-сауықтыру және дене шынықтыруды дамытуға ерекше үлес қосуда. Мұнда биылғы оқу жылында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, жүзу, дзюдо, шорт-трек және бокс бөлімшелері оқу-жаттығу сабақтарын белсенді жүргізуде. Онда 11 жаттықтырушы және 1 хореограф бар. Қазіргі таңда спорт мектебінде спорттың 6 түрінен 30 топта 402 спортшы шұғылданады. Сондай-ақ, БАҚ өкілдері «Мұз айдыны» орталығының жұмысымен де танысты. Бұл орталық 2013 жылдан бері спорттың түрлі бағыты бойынша қызмет көрсетуде. Спорттық-сауықтыру кешенінде сырғанау мұз айдыны, волейбол, баскетбол-командалық ойындар залы, жекпе-жек үшін оқу-жаттығу залы, сонымен бірге спорттық билерге арналған хореографиялық сынып қарастырылған. Бүгінде нысанда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Жуырда ғана ресми түрде ашылған "Үстел теннисі орталығы" күніне 150 адамды қабылдауға қауқарлы. Халықаралық стандартқа сай салынған нысанда бір мезетте 32 спортшы жаттыға алады. Облыстағы үстел теннисі бөлімшесінде 3 жаттықтырушы-оқытушы 200-ге жуық жасөспірімлі тұрақты түрде спортпен жаттықтырады.
– Өңірімізде 33 спорт мекемесі жұмыс істейді. Оның 4-еуі кәсіби спорт клубты болса, 29-ы спорт мекемелері мен жоғарыспорт шеберлігі мектептері және интернаттарымыз бар. Спорт мектептерінде 22 266 бала жаттығады. Өздеріңіз білесіздер, 2023-2024 жылдары 13 спорт кешенінің құрылысы басталған еді, бүгінде оның 9-ы пайдалануға берілді. Жылдың аяғына дейін тағы 4 спорт кешенінің құрылысы аяқталатын болады. Сонымен қатар, сол жағалаудан үстел теннисі орталығы ашылса, 10 000 адамдық стадионның құрылысы 2025 жылдың мамыр айында ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Жыл басынан бері Сыр спортшылары түрлі сайыстардан 800-ге жуық медаль иеленді,- деді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі