» » Көші ілгері ҚЫЗЫЛОРДА

Көші ілгері ҚЫЗЫЛОРДА

Сәрсенбінің сәтінде облыс әкімдігінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен көшпелі баспасөз мәслихаты өтті. Онда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев биылғы он айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндады.
Жасыратыны жоқ, бүгінде Қызылорда облысының көші көп аймақтан ілгері. Оған өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар мен экономикалық дамудың көрсеткіштері дәлел. Мемлекет басшысының, ел үкіметінің қолдауымен облыс әкімінің үйлестіруімен Қызылордада атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Аймақ басшысы бұл іспен тоқтап қалмай, туған жерімізді басқа да жаңа қырынан дамытуға тынымсыз еңбек етуде. Мемлекет басшысы облысымызға сапарында Сырдағы серпінге оң бағасын берген болатын.
Ел Президентінің бұл ерекше бағасы облыс халқына үлкен жігер беріп, қазіргі таңда аймағымыз байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың ордасына айналуда. Нақтырақ айтқанда, биылғы он айдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталған. Өңіріміз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада 1-орынға шықты. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы көшпелі баспасөз мәлихатында Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы мен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндады.
– Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бүгінгі күні облысымыздың бюджеті 744 млрд теңгеден асты. Осыдан екі жарым жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд теңге болатын. Өсім 204,4 пайызды құрады. Бюджетіміздің 55,4 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды. Облыстың даму бюджеті соңғы 2 жылда 3,6 есеге артты. Өңірдегі мұнай қорының сарқылуы салдарынан 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі соңғы жылдары оң динамикаға шықты. Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша 2022 жылы республикада 11-орында болсақ, былтырдан бастап өңірлер арасында алдыңғы қатардамыз. Соңғы 3 жылда облыста құны 30 млрд 300 млн теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба жүзеге асып, іске қосылды. Мұнай өндіру саласының облыс экономикасында жоғары үлесі бар болғандықтан, әлі де геологиялық зерттеудің маңызы бар. Арал шөгінді бассейнінің «Шығыс» және «Батыс» учаскелеріндегі геологиялық зерделеу жұмыстары осы жылдың соңында аяқталады. Бұл жұмыстарға ауқымды қаржы қаралған, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар облыс әкімі кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға соңғы 2 жылда әртүрлі көздерден 12 мың 400 жобаға 127 млрд 500 млн теңге тартылғанын баян етті. Оның 25 млрд 100 млн теңгесі мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тауып отыр. Ал биыл барлық қаржы көздерінен 63 млрд 523 млн теңгеге жеке кәсіпкерліктің 3 мың 761 жобасы қаржыландырылмақ. Нәтижесімен кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21 пайызға жететін болады.
– Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы 3 млрд теңгеге 406 жоба жүзеге асты. 713 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл бағдарлама аясында 4 млрд 600 млн теңгеге 575 жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында агробизнес өкілдері тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта «Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің нәтижелі жұмыстарын ерекше атап өту қажет. Өткен аптада Үкімет басшысы Олжас Абайұлы жобаларға оң бағасын беріп, өңірдің тәжірибесін республикада кеңінен таратуға тапсырма берді. Экономиканың барлық саласында 2022-2023 жылдары 66 мыңнан астам, оның ішінде тұрақты 34997 азамат жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші төмендеді, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл ретте аймақтың еңбек нарығына қажетті кадрлар даярлау үшін «Мамандықтар атласы» әзірленіп, ауылшаруашылығы, қызмет көрсету, тау-кен, техникалық-технологиялық, ІТ саласына қажетті кадрлар даярлауға басымдық беріледі.
Биыл Қазақстан мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығы аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект институты ашылды. Болашақ кибер қауіпсіздік, информатика және ақпараттық жүйелер мамандары Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті әзірлеген бағдарламалар бойынша оқытылады.
Сырдағы серпінді істердің қатарына ауылшаруашылығы саласындағы жүйелі жұмыстарды да қосуға болады. Бұл салаға соңғы 2 жылда 20 млрд 300 млн теңгеден астам инвестиция тартылса, осы жылдың 10 айында негізгі капиталға 12 млрд 200 млн теңге инвестиция салынған. Биыл 189449 гектарға егін егіліп, мерзімінде толық жиналды. Тағы бір айта кетерлігі, шаруашылықтар су үнемдейтін технологияларды дамытуды қолға алған. Су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 4400 гектарға жеткізілген.
Сыр өңірінде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым тарту бағытындағы жұмыстарда да қарқынды жүруде. Қазіргі таңда елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы Сырдағы жаңа 13 жобаға қомақты қаржы бөлінген. 2025 жылы облыс аумағында барлық елді мекен орталықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.
– Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында құны 11 млрд теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, электр желілерінің тозу деңгейі 72 пайыздан 62 пайызға төмендейді. Президентіміздің тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы салынуда. Бүгінде инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына 127 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Жаңа жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған ең ауқымды, теңдессіз жобалардың бірі келер жылы ел игілігіне табысталады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сондай-ақ облыс басшысы көлік-логистика саласындағы жүйелі жұмыстар мен байыпты бастамаларды да атап өтті. Өткен аптада «Қорқыт ата әуежайының» жаңа терминалы ашылды. Мемлекеттің теңгеріміндегі жаңа терминал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (ІАТА) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ІСАО) жоғары стандартына сәйкес келеді.
Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өңірде санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Аудандарда, ауылдарда демеушілікпен аллеялар мен парктер салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Демеушілік және бюджет есебінен Қызылорда қаласында 49 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панелдермен жаңартылып, қала көркі келбеттенуде.
Әзірлеген Ерсін СӘДУҰЛЫ

24 қараша 2024 ж. 128 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 100

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031