» » МАЛ ЖАНЫНЫҢ АРАШАШЫСЫ

МАЛ ЖАНЫНЫҢ АРАШАШЫСЫ

Газеттегі кейіпкеріміздің жүзін шырамытып тұрған боларсыз. Былайғы жұрт бұл кісіні өз ісінің маманы ретінде жақсы біледі. Себебі қорадағы малы немесе үйде ит-мысығы аяқасты ауырғанда көмегіне қатты жүгінеді. Жақында біліктілігінің арқасында Астана қаласында өткен байқауда жеңімпаз атанды.
Маман иесін толығырақ таныстырсақ, Ринат Сүлейменов – ауданда білімі жоғары мал дәрігері. Былайша айтқанда хирург, мал жанының арашашысы. Ауруға шалдыққан немесе операция қажет ететін малға ота жасап, емдейді. Әулетте Білісбай атасының жолын таңдап, осы салаға бет бұрған. Ол кісі де кезінде мал саны көп Қуаңдария, Көмекбаев, Қармақшы ауылдарында мал дәрігері болған.
Ринат кенттегі No26 мектептің түлегі. Мектептен кейін Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін ветеринар мамандығы бойынша бітіріп, осы салада алғашқы еңбек жолын бастаған.
– Мал дәрігерінен бұрын мектепте жүргенде медицина маманы болуды қалап, биология пәнін таңдадым. Жасыратыны жоқ оған балым жетпеді. Үмітімді әрі жалғап, атамның ізін қууды шештім. Ол кісінің ветеринар саласында өзіндік орны бар. Оқуды бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтында бес жыл қызмет істедім. Әртүрлі зертханаларда болып тәжірибе жинақтадым. Нәтижесінде құс тұмауы вирусына қарсы «H5N3», «H7N7» штаммы және «Ньюкасл» ауруы вирусына қарсы үш вакцина жасап шығарып, олардың авторы атандым. Патентім бар. Бұл вакцинаны 4 жыл зерттедік. Қазір құс тұмауына қарсы отандық өнім қолданыста жүр. Мамандығымның негізгі бағыты – осы құстар жайында. 2011 жылы туған елге оралып, аудандағы ветеринариялық бөлімге қызметке тұрдым. Содан бері осы саладамын, – дейді ол.
Білікті маман 2007 жылы Таразда өткен «Жас ғалым» атты ғалым, білімгерлер қатысқан конференцияда І дәрежелі дипломға ие болған. Бүгінгі күні ол аудандық ветеринария стансасының директорының орынбасары. Одан бөлек, кент орталығында заңды жеке ветеринарлық дәріханасы бар. Сырт көзге ғимарат кіші болып көрінгенімен ішіндегі қосымша бөлмелерде үй жануарларына ем-дом, ота жасалады. Үйіндегі иті немесе мысығы ауырғандар Ринаттың шағын емханасына тіке тартып, іздеп келеді.
– Малға ота жасау, оны емдеуді тәжірибе жүзінде үйрендім. Қарашаңырақ Қазақ ұлттық аграрлық университетінің базасы теория жағынан өте жақсы дамыған. Оқыған-тоқығанымды ауданға келіп тәжірибе жүзінде іске асырдым. Өзімді зерттей келе хирургия жағына қызығушылығым жоғары екенін байқадым. Сыну, жырып кету, тағы басқа жарақаттарды емдеуде тосылмадым. Білімімді әрі қарай жетілдіру мақсатында Мәскеудің Санк-Петербург қаласындағы ветеринария институтында үш ай атақты ғалымдардан дәріс алдым. Қазір өзіміздің облысқа қарасты аймақтарға шақырту бойынша барып, ауырған малдарын емдеп жүрмін. Жалпы үй жануарлары маусымдық аурулармен көп ауырады ғой. Соның ішінде ірі-қарада өттеу, түйеде трипаносомоз, жылқы сақауы секілді аурулар жиі кездеседі. Ондай аурулардың алдын алмаса мал өліп кетеді. Одан бөлек, ит пен мысыққа әртүрлі диагноз бойынша елуге жуық ота жасадым. Қазекем итті жеті қазынаға жатқызғаннан кейін қатты күтеді екен. Бізге итін құшақтап, көңілі түсіп келетіндер бар. Дерті асқынғаны болса жан-жақтағы әріптестеріммен кеңесе отырып, отаға кірісемін. Мұндайда екі сағатқа созылатыны бар. Адамға ота қалай жасалса, үй жануарына да солай дәрісін егіп, уақытша ұйықтатамыз, – дейді Ринат.
Мал дәрігерімен әңгімеміз барысында телефонына қоңырау келіп түсті. Ар жағындағы қоңырау шалушының жағдайы шұғыл секілді. Мән-жайды нақтыласақ, сырттан алдырған асыл тұқымды тазы иттері ауырып қалыпты. Дереу осында алдыртты. Үш тазы күшіктің біреуі екі күннен бері тамаққа тәбеті болмай жатып қалыпты. Рәкең дереу іске кірісіп, ит иесінен мән-жайды сұрады. Сәл тексерістен кейін «Төбетіңіз иттің обасына шалдыққан. Қазір вакцина саламын, сосын бақылауда ұстаймыз» деді бірден. Тазы күшікке қарап «Мұндай үй жануарының жағдайын тез түсінеміз. Кей иттер саған аянышты жүзбен «аурудан құтқаршы» дегендей қарайды. Ондай кезде дәрі шанышқаныңа еш қарсылық білдірмей дыбыс шығармай тұрады. Тазы иттердің қаны таза болғаннан кейін аурушаң келеді. Сол үшін маусымында дәрісін салып отыру керек» дейді ол.
Жоғарыда айтқанымыздай, жақында Ринат Таңатарұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Бір тұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы бойынша ветеринария саласын кеңінен насихаттап, оған қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақстанның Құрметті мал дәрігері» төсбелгісін кеудесіне тағып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Кейіпкеріміз мұндай марапаттың бұйыруына ата-анасының еңбегі мен ақ тілеуі себеп екенін тілге тиек етті.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
02 қараша 2024 ж. 272 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 085

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031