» » Мыңнан озған дәрігер

Мыңнан озған дәрігер

qarmaqshy-tany.kz Аудандық мәслихат депутаты Бақытжан Нысанбаев басқаратын денсаулық сақтау саласының жыл көлемінде қол жеткен табысы аз емес. Соның бірі – ауруханада компьютерлік томография бөлімі ашылып, өз қызметін көрсетсе, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Ақжар ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы қарқынды жүруде.

Бұл материалдық игіліктермен қатар, дәрігерлердің де біліктілік шеберліктері сынға түсуде. Атап айтқанда, жақында ұлт саулығын ұлықтаған және дәрігерлердің кәсіби шеберліктерін анықтаған «Медицина үздігі – 2023» республикалық конкурсы өткізілген болатын. Осы байқауға аудандық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Динара Жүсіпова қатысып, «Үздік медициналық алғашқы көмек дәрігері» номинациясының жеңімпазы атанды.
Дәрігер кешегі елді қыспаққа алған пандемия кезінде де қызметіне білек сыбана кірісіп, адалдығын таныта білді. Ақ халатты абзал жан бала күнінен адам жанының арашашысы болуды қалаған. Жалпы медицина саласына екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтінін ескерсек, бұл да бір батылдықтың түрі деп қабылдауға әбден болар. Басқа жоғары оқу орындары студенттерін 4 жыл көлемінде оқытып, маман етіп шығарса, медициналық жоғары оқу орны 7 жылды, одан соң тағы да бірнеше жыл қосымша оқуды қажет етеді. Қиындықтан қыңбайтын қайсар мінезімен Динара дарынды балалар мектебін «Алтын медальға» бітіріп, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне, оның ішінде «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түседі. Мұнда да озаттар қатарында оқып, еңбек жолын бастайды. Емханада 2012 жылдан бері абыройлы қызмет етіп келеді. Оған әркез емделіп, науқасынан айыққан адамдардың алғысы күш-қайрат береді. Ол тек қана науқастардың тәнін емдеп қоймай, рухани жағынан да дем беріп, ауруынан тез айығып кетуіне себепші болып жүрген өз ісінің шебері.
Ұлттық байқауға еліміздің әр өңірінен 1500 медицина саласының қызметкері қатысқан. Оның арасынан 52-сі финалға өтіп, бағын сынаған. Олардың қатарында медицинаның әр саласынан 12 номинация бойынша бір-бір үздік дәрігерден таңдалған. Яғни жеңімпаздардың арасында біздің жерлесіміз Динара Мырзабекқызының ойып орын алып, марапат биігінен көрінуі – ауданымыздың ғана емес, Сыр бойы халқы үшін де үлкен абырой.
– Конкурс кең көлемде өтті. Бәрі де өз саласының білікті мамандары. Бағымыз да, бабымыз да жанып, «Үздік медициналық алғашқы көмек дәрігері» номинациясының жеңімпазы атандым. Бұл тек қана менің емес, сонымен қатар өзім еңбек ететін ұжымның, менің дәрігер болуыма бағдар берген ата-анамның жеңісі десем болады. Марапатты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың өз қолынан алуым маған сондай жылы әсер сыйлады, – дейді республикалық конкурстан жеңімпаз атанған дәрігер.

Сәрсенкүл АҚКІСІ
20 желтоқсан 2023 ж. 472 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 411

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 488

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930