» » Ауылым 60 жылдың асқарында

Ауылым 60 жылдың асқарында

Өткен аптаның жұма, сенбі күндері ауданымыз үшін толайым жаңалықтар мен табыстарға толы болды. Соның бірі – Қызылдың қиясына орналасқан Кеңес дәуірінде Жаңақала кеңшары атын иеленсе, тәуелсіздік таңында Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаевтың есімін алған ауылдық округте дүбірлеген екі күндік той өтті. Биыл іргесі қаланып, құрылғанына 60 жыл толып отырған ауылдың мерекеге деген жоғары дайындығын алыстанақ байқауға болатындай. Елді мекеннің құрушысы, ұзақ жылдар басшылық еткен Қуаңбай Қаратаев атындағы саябақта ақшаңқан киіз үйлер қаз-қатар тігіліп, жергілікті жыраулардың күйсандықтан төгілте жырлаған жыр-термелері тарихи датаны барынша айшықтап-ақ тұр. Бұл мереке көмекбаевтықтар үшін ғана емес, сол топырақта туылып, білім-ғылым қуып, қызмет, жұмыс бабымен сыртта жүрген қаншама төл перзенттердің қуанышына айналғаны анық.
«Ауылым 60 жылдың асқарында» деп аталған мәдени іс-шараның алғашқы күні үлкенге құрмет, кішіге ізет ете білетін ауыл тұрғындарының Ұлы Отан соғысының ардагері, елдің ардақты азаматы Қасым Жүсіпұлының 100 жылдығына арналған «Өткенге құрмет – ұрпаққа өнеге» атты танымдық кешімен бастау алды. Ерлік пен елдік баян етілген тағылымды іс-шарада ардагердің өмір жолы мен қан майдан даласындағы ерлігі жан-жақты айтылып, кейінгі жас ұрпаққа өнеге етілді. Көпшілік қауым оның рухына тағзым етіп, ерлікті жолдарына құрмет көрсетті. Басқосудың бірінші бөлімінде оның тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылып, ашылу рәсімі жасалды. Батырлық пен адамгершіліктің өнегесін қатар өрген өр тұлғаның сұрапыл соғыс жылдары мен елге оралып, бейбіт аспан аясындағы еткен ерен еңбегі елімізге белгілі айтыскер ақын, сөз зергері Серік Ыдырысовтың арнауында жыр болып төгілді. Атпал азаматтың замандастары, бірге қызметтес болған әріптестері осы жиынның төрінен табылды. Олардың қатарында Қармақшы, Сырдария аудандарының құрметті азаматы Жақай Бодықбаев, Үміткәрім Досымов, Жақсылық Смаилов, Абдуллай Қойшыбаев, батырдың ұрпағы Бағбан Тәйімбетұлы, тағы басқалары сөз сөйлесе, кеште жұртшылыққа Қасым Жүсіпұлы туралы «Есімі ел есінде» атты деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ Нұрғиса Түменбаев мектеп кітапханасына отбасы атынан кітаптар сыйға тартса, соғыс және еңбек ардагерінің ұрпақтары атынан Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшысы» төсбелгісінің иегері Серікбек Қасымұлы алғысын айтып, бірқатар азаматқа естелік медаль табыс етті.
Іс-шарада Қасым атамызбен замандас әрі біраз жыл бірге қызмет еткен ақын Жақсылық Смаиловтың туындысы – «Ел қонған қайта атажұрт» атты 17 тараудан тұратын арнау өлеңінен мектеп оқушысы Жібек Бақытбекқызы үзінді орындап берді. Мәдени шараға жастар жағы да белсенді түрде атсалысты. Ақын Шаттық Қыстаубайқызы өлеңін оқыса, Машарап Әли атындағы үйірме жетекшісі Ақсұңқар Бүркітбай шәкірттері Зухра Жалаладин, Нұрайым Ғалымқызы және Алдашбай ахун ауылының өнерпазы Мәди Елдеспен бірлесе жыр-термелер орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Содан соң мереке әуез мектебінің алғашқы директоры Жалғасбек Ләпбайұлының құрметіне арналған аудандық ретро әндер байқауына ұласты. Оның қорытындысында І орынды Ақсұңқар Бүркітбай, ІІ орынды қуаңдариялық Самат Бұқарбаев, ІІІ орынды ақтөбелік Руслан Байғараев пен ақжарлық Сағынай Бегалиевалар олжалады.
Бұл күні эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, ауыл халқы мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйланды.
60 жылдық тойдың келесі күні ауданның негізгі іс-шарасы – елге еңбегі сіңген ардагерлер мен азаматтарды марапаттау рәсіміне жалғасты. Онда аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов барша жиналған қауымды мерейлі мерекемен құттықтай келе ауылдың құрылған кезден бастап бүгінге дейінгі аралықтағы әлеуметтік-экономикалық даму жолына тоқталып өтті. Сонымен қатар елді мекеннің дамып, нығаюына үлес қосқан бірқатар еңбек ардагеріне «Т.Көмекбаев ауылына – 60 жыл» мерекелік медалін табыстап, қазақы дәстүрге сай иықтарына шапан жауып құрметін көрсетті. Оған қоса ауылдың даму көрсеткішінің жақсаруына себепкер болып жүрген қызметкерлерге де аудан әкімінің Алғыс хаттарын салтанатты түрде тапсырды.
Мерекелік шарада аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Сабытбек Жолмаханов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сақтапберген Қосбаев, қоғам қайраткері Бағбан Тәйімбетұлы, ақын Жақсылық Смаилов, Серік Ыдырысов жылы лебіздерін білдірді.
Осы іс-шарада ардагер-ұстаз, бірнеше кітаптың авторы Сақтапберген Қосбаевтың «Қызылқұм әуені» тақырыбындағы жинақ кітабының тұсауы кесілді.
Ауылдың 60 жылдық мерекесіне арналған аудандық мүшәйрада иіркөлдік Гүлзада Есмаханова бас жүлдені жеңіп алса, тұрмағамбеттік Аслан Берманов І, көмекбаевтық Оразбек Мұратбаев ІІ және ақжарлық Сағынай Бегалиева мен көмекбаевтық Алмат Қайырқұлов ІІІ орын иеленіп, қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Бұл күні ата-баба рухына дұға жасалып, ас берілді. Жылқы десе делебесі қозатын қазақ үшін ат бәйгесі мен ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өткізілді. Иә, ауылдың 60 жылдық мерейтойы – кешегісі мен бүгініне ой тоқтатып, болашаққа деген сеніммен қарауға мұрындық болғаны сөзсіз.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
15 қазан 2024 ж. 121 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 018

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031