» » Бүйректегі тасты уататын аппарат

Бүйректегі тасты уататын аппарат

Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханасында орналасқан Литотриптер «Compact Sigma» аппараты жуырда күрделі жөндеуден өткізіліп, қайтадан толық қуатында іске қосылды. Аталған медициналық құрылғының көмегімен дәрігерлер бүйректегі, зәр шығару жүйесіндегі кіші тастарды операциясыз үгітіп, ыдыратады.
Айта кету керек, аппаратты іске қосуға қала әкімдігі тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Соның нәтижесінде, медициналық техниканы жөндеуге «Қайырымды қала» қорынан қаржы бөлініп, құрылғының қосалқы бөлшектері шетелден сатып әкелінді. Сонымен Литотриптер «Compact Sigma» аппараты қайта жұмысына кіріскелі, дәрігер мамандар Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындарына қайтадан осы құрылғымен медициналық қызмет көрсете бастады.
Бұл жерде қолданылатын ем-шараның негізгі тәсілі мынадай: дыбыстық немесе соққылық толқындарды қолдану арқылы тастар майда-майда жарықшақтарға бө­лініп кетеді де, кейін ол ағзадан несеп арқылы шығарылады. Яғни емдеу шарасы дистанциялық соққылық-толқындық әдіс арқылы жүргізіледі.
Статистикалық мәліметке көз жүгірт­сек, бүйрек, зәр шығару жүйесіндегі таспен жы­лына шамамен 880-920 науқас дәрігерге жүгінеді. Қалалық №1 клиникалық ауруханасында босанған әйелдер мен мү­гедектігі бар науқастарға да осы құрыл­ғы­мен емдік шара көрсету қарастырылған.
Аталған клиникалық аурухананың урология бөлімшесінде аға ординатор болып жұмыс істейтін дәрігер Жомарт Әбжапаровтың айтуынша, бұл аппарат ауруханада екі жылдан бері істемей тұр­ған. Одан бері дәрігерлер қаншама жерге шығып, құрылғыны жөндеп беруге өтініш жасаған. Бірақ берілген уәде аяқсыз қалып, бұл мәселе керекті деңгейінде шешілмей қалып қоя берді. №1 клиникалық ауруханаға Қайрат Қалибеков бас дәрігер болып келгелі қалалық әкімдік­пен, оның ішінде денсаулық сақтау басқар­ма­сымен бірге осы мәселені шешуге білек сы­бана кірісіп, ақыры бір нәтижесін шы­ғарды.
«Аталған құрылғы іске қосылғанда бірінші кезекте пациенттер рахметін айтты. Клиникалық аурухана мегаполиске қарағанымен, қосымша Түркістан облысының да науқастарын қабылдай береді. Біз республиканың оңтүстік аймағы, ең ыстық өлкесінде тұратындықтан, мұнда басқа өңірлерге қарағанда бүйрек тасы ауруымен ауыратын адам саны әлдеқайда көп болып келеді. Себебі ыстық климатта өмір сүретін адамдардың бүйрегінде тас пайда болу қаупі қашанда жоғары бо­лады. Сондықтан да осы клиникаға бүй­регіндегі таспен қиналып келетін нау­қастар саны жылда көп тіркеледі. Бұл аппарат емдеу тәсілінен бөлек, мемлекетке экономикалық жағынан да өте пайдалы. Өйткені бүйрекпен ауыратын адамды ауруханаға жатқызу керек. Ол науқасқа қарауға мемле­кет қа­зынасынан белгілі бір сомада ақша бөлінеді. Ал аппараттың көмегімен ешқан­дай ауруханаға жатудың қажеті жоқ. Бірнеше минуттың ішінде емдік шара жүргізіп, ауруынан айықтыруға болады. Қалайша дейсіздер ғой. Электр-магниттік толқынмен тасқа соққы жасалып, ол сол соққыдан өздігінен тербеліп, бүтін тұрған тас біртіндеп ұсақ бөлшектерге ыдырай бастайды. Үгітілген тас кейін несеп арқылы сыртқа шығып кетеді. Мәселен, акустикасы жоқ ғимаратта дыбыстық толқын қабырғаларға барып соғылатыны секілді, бұл жерде де электр-магниттік толқындар әсерінен таста діріл пайда болып, ол жоғарыда айтқанымдай, майда-майда бөлшектерге ұсақтала бас­тайды. Ал өздеріңіз білетіндей, электр-магниттік толқынға ешқандай кедергі жоқ. Оның толқыны барлық денеден өтіп кете береді. Соның ішінде адам ағзасы да бар. Тастың үлкендігі мен тығыздығына қарай бұл емдік шара әрі кетсе 5-10 минутты алады. Содан соң науқас тұрып, үйіне кете берсе болады. Жаздың ыстық мезгілінде күн сайын 10 адамға дейін пациент келетін. Қазір күн салқындағалы бұл көрсеткіш бес адамға азайды. Соның өзінде бүйректегі таспен күніне 5 адамды қабылдау, үлкен көрсеткіш боп саналады. Ал күз мезгілінде аурулардың азаюының себебі, басында айтқанымдай, күн салқында тастың бүйректегі қозғалуы бәсеңдеп, науқастар да шағымдана бермейді», деді дәрігер.
Маманның айтуынша, бүйректегі тас ауруы қазір жасарып келе жатыр екен. Дегенмен түсіп жатқан науқастардың дені 25 пен 50 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер. Сонымен бірге маман бүйрекке тас түзілудің алты түрлі себебі бар екенін атады. Соның ішіндегі ең дұрыс болжамға жақынырағы – адам ағзасындағы зат алмасу үдерісінің бұзылуы. Ал зат алмасу үдерісінің қалпынан жаңылуына ішетін суымыз, жейтін тамағымыз бен қоршаған орта көбірек әсер етеді. Содан соң ыстық климатта өмір сүретін адамдардың бүйрек тас ауруына жиі шалдығуының себебі, күн ыстықта адам қаны қоюланып, ондағы тұз минералдар тез отырады. Сөйтіп бүйрекке барып, бірінің үстіне бірі жинала береді. Адам осылай бүйрек тас ауруына шалдығады. Кім білсін, бұрында да адамдар бүйрек тасы кеселімен ауырған болуы мүмкін. Бірақ ешкім барып тиянақты тексерілмегендіктен, ол статистикаға ілінбей қалып жататын. Ал қазір медицина дамыған заманда бүйректе тас барын анықтау көрсеткіші де өсе түсті. Сонымен бірге кері статистика да, өкінішке қарай, артып отыр.
«Бүйрек тасы ауруына немқұрайды қарауға болмайды. Ол адам өміріне кей кезде өте қауіпті болуы мүмкін. Егер науқас бүйрегінде тас бар екенін біліп, емделмей жүре берсе ертеңгі күні ол тас үлкейіп кетіп, тіпті бүйрегін істен шығарып жіберуі ғажап емес. Ондай кезде емдеудің жалғыз тәсілі операция жасап бүйректі алып тастаудан басқа ешқандай амал қалмайды. Қалалық №1 клиникалық ауруханасы 2014 жылдан бері бүйрек ауыстырумен айналысады. Осы орган трансплантациясының 35-40 пайы­з жағдайында бүйректі алмастырудың бірден-бір себебі дер кезінде қаралмай, асқындырып алған бүйрек тас ауруының кінәсі. Сондықтан адамдар бүйректерін тексертіп, үнемі дәрігерге қаралып тұру керек. Егер науқас алдында бір рет болсын осы кеселмен ауырған болса, онда оның қайтадан қайталану қаупі 80 пайызға дейін артады. Яғни бір мәрте бүйрегінен тас алдырған адамда ертеңгі күні қайтадан тас түзілуі мүмкін. Сондықтан ультрадыбыстық зерттеу, рентген немесе компьютерлік томографияға түсіп, жыл сайын тексеріліп тұрған абзал. Көп жағдайда адамдар халық емшілеріне барып емделіп жатады. Жалпы, медицина халық емшілігін жоққа шығармайды. Бірақ емшілер науқасқа пайдадан гөрі зиян келтіріп қоймауын байқауы керек. Халық емшілері бұрын тәжірибеден өткен өздерінің тәсілдерімен адамдарды емдейтін шығар. Бірақ ескі дәстүрге сүйенген бақсы-балгерлер бүйректегі тастың химиялық құрамын, оның өлшемі мен орналасқан жерін білмейді. Сол себепті тас орнынан қозғалып, несеп жолына түскен кезде адамға денсаулығына өте үлкен қауіп қатер туғызуы ықтимал. Сондықтан азаматтар дәстүрлі медицинаға жүгін­гендері дұрыс. Дей тұрғанмен, егер пациент бүйрегінде қорқатындай қауіп жоқ екенін білсе, онда профилактикалық яки алдын алу мақсатында түрлі табиғи шөптер мен тұнбаларды басқа да халық емішілігін қолданса болады», деді дәрігер Ж.Әбжапаров.
Осы ретте маман бүйректегі тас ауруын болдырмаудың ең тиімді жолы саламатты өмір салтын ұстану екенін айтады. Егер адам дене шынықтырумен шұғылданса, тамақ жеу тәртібін дұрыстаса, тек таза су тұтынса, алкогольді ішімдіктер мен темекі, есірткіге жоламаса, сондай-ақ түрлі инфекцияға шалдықпауға тырысса, күн сайын бойын сергек ұстап жүрсе, ауыр жұмыстармен өзін зорықтырмаса онда бүйрек тас ауырына шалдығуға ешқандай себеп қалмайды. Күн салқын мезгілде көбінесе тұмаумен ауырып қалатынымыз бар. Бірақ көп ретте тұмауды елең қылмай, жұмыс пен үйдің арасында шапқылап жүріп өткізіп жібереміз. Былай қарағанда болмашы ғана тұмау кеселі асқынып кетсе организмде одан да үлкен аурулар туғызуы ықтимал. Мәселен бүйректің созылмалы ауруы пиелонефритті айтсақ болады. Меди­цина ғылымындағы теорияда бүйрек тас ауруы­ның пайда болуының бір себебі осы пиелонефрит кеселі болуы мүмкін деген де болжам бар. Осы орайда дәрігер та­мақтағы баспа немесе қарапайым ғана тұ­мауға шалдыққан кезде адам керекті ем-домын уақытылы қабылдап, мүмкін бол­са үйде жатып емделген жөн деп кеңес береді.
Литотриптер «Compact Sigma» аппараты 2011 жылы Германия елінен әкелінген екен. Содан бері іркіліссіз жұмыс істеп келген құрылғы осыдан екі жыл бұрын істен шығып қалған. Осы аралықта №1 кли­никалық аурухана науқастарды бүй­ректегі тастарын ыдыратуға Алматы мен Астана қалаларына жолдамамен жібе­ретін болған. Алайда жолдың алыс­тығы, қосымша кететін қаражат болған­дықтан, науқастардың көпшілігі алысқа барғысы келмеген. Сол кезде клиника дәрігерлері лазерьлік аппаратпен бүй­рек­тегі тасты ыдыратуға көшкен. Дә­рігер­дің түсіндіруінше, лазерьлік аппарат та бүйрек тас ауырына қолданғанға жақсы. Алайда оның өзіндік бағыты мен қолдануға арналған ауру түрлері болады. Электр-магниттік толқын қондырғысы бір жағдайда жақсы көмектессе, лазерьлік құрылғы ол жерге жарамауы мүмкін. Де­генмен клиника дәрігерлері екі жыл бойы жоқтан бар жасап, уақытша амалдай тұруға тура келді. Мәселен электр-магниттік толқынды аппарат бүйректегі 2 сантиметр көлеміндегі тасты үгітіп, майдалауға жарайды. Дегенмен тығыздығы мен орналасуына қарай тастардың ішінде ешқандай аппаратқа көнбейтін түрлері де болады екен. Ондай жағдайда дәстүрлі хирургиялық тәсілмен ашық түрде операция жасалады.
 
ШЫМКЕНТ 
egemen.kz
12 қазан 2024 ж. 88 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Ақсұлу
29 желтоқсан 2024 ж. 157
СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

20 қараша 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031