» » Жарық күні ғаламның

Жарық күні ғаламның

Білім саласында 40 жылдан аса уақыт еңбек етіппін. Көкейге түйген де, көңілге күй боп сіңген дүниелер де баршылық. Соның біріне тоқтасам деймін.
Ертеректе (1985-1986 оқу жылында) Н.Гоголь атындағы педагогикалық институт жанында (қазіргі Қорқыт ата) мектеп басшыларының екі айлық білім жетілдіру курсында Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ақын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қали Шыңғысов және ұзақ жылдар бойы А.Жанпейісов атындағы №105 мектептің директоры болып абыройлы, мәртебелі еңбек еткен Райхан Жұмаділдаева апаймен бірге болған едім.
Ол уақытта Қызылордада Ы.Жақаев атындағы сауықтыру демалыс орталығы жұмыс істейтін. Осы орталыққа жолдама алып, Қали ағаймен бір бөлмеге орналастық. Қалекең отырған жері ойын-күлкі, жаны жайсаң, ерекше адам еді. Домбырамен Нартайдың, Рүстембек жыраудың мақамдарына салып, ән айтқанда тыңдаушыларын таңғалдыратын. Сауықтыру демалыс орны басшысының өтінішімен демалушылармен арнайы кездесу кешін өткізгені есімде.
Бірде лекция тыңдауға аудитория алдында тұрғанымызда институт проректоры, экономика ғылымының докторы, профессор Бақберген Досмамбетов Қалекең мен Райхан апаймен амандық-саулық сұрасып, ішке енді.
Лекция басталмас бұрын Бақберген ағай: «Қадірлі тыңдармандар, мектеп басшылары, кешіріңіздер, Қармақшы ауданынан менің ұстаздарым келген екен, азырақ уақыттарыңызды алайын» деді.
– Қалеке, Райхан апай, орындарыңыздан тұруларыңызды өтінемін. Аудандағы қарашаңырақ №26 қазақ орта мектебінде тәрбие, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген, ақын, сатира сардары, жазушы, жыршы-термеші, ұлағатты ұстаз – Қали Шыңғысов ағай алдарыңызда тұр. Егер менің тілім түсінікті болып, сіздерге шебер, көркем жеткізе алсам, осы ұстазымның еңбегі. Ал математика пәнінен Москва университетінің есебін шығарып, студенті болып білім алсам, Райхан апай – ол сіздің еңбегіңіз. Сіздерге зор денсаулық, отбасы бақытын тілеймін, – деп екі ұстазына бас иіп, құрмет жасады.
Тыңдарман көпшілік Бақберген ағайдың қарапайымдылығына, кішіпейілділігіне, ұстаздарына деген құрметіне риза болып, қол соғып жатты.
Екі ұстазымыздың да жүздері ерекше нұрланып тұр екен. Ұстаз бақыты, ұстаз мақтанышы деген осы шығар.
Қали ағай мен Райхан апай білім саласының майталмандары еді. Ағарту саласын дамытудағы өнегелі ісін лайықты жалғастырған ізбасар шәкірттері де көп болды. Ұстаздарымызды әрқашан да үлгі тұттық.
Мен аудан орталығындағы Ү.Томанов атындағы №183 орта мектебінде және О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектепте мектеп басшысы болып жұмыс атқардым. Зейнет демалысына шыққаныма да 10 жылға тақапты.
Қаншама түлек алдымыздан өтті. Шәкірттерге білім беріп, тәрбиелеп, ат жалын тартып, азамат болғанын сезіну, жемісті еңбегін көру, бәрінен де зор қуаныш екен. Түлектердің арасында білімді ұстаздар да әр салада еңбек еткендері қаншама. Мысалы, Әлия Оспанова Білім министрлігінде жұмыс атқарды, марқұм Әуезхан Қодар мәдениеттанушы, екі тілде жазатын ақын, аудармашы, Ырзақұл Нұртаев аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары болып абыройлы қызмет атқарды. Бауыржан Елеусінов облыстық мұғалімдердің «Өрлеу» білімін жетілдіру институтының директоры болса, Байқоңыр қаласындағы №272 мектеп директоры Мейрамкүл Оспанова, «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева, аудандағы «Зерде» оқу орталығын ашқан химия пәнінің озат мұғалімі Манат Көбекова, көп жыл бойы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген Гүлмира Жақпанова, Алматы Қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы, доцент, филология ғылымының кандидаты Фарида Қожахметова, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Айжан Абдуллаева, ойлы, мағыналы мақалаларымен көрініп жүрген №121 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақмарал Еленова, облыстық медицина орталығының хирургия бөлімінің бөлім меңгерушісі Әсет Жалмағанбетов, О.Шораяқұлы атындағы №30 мектептің тарих пәнінің мұғалімі, көп жыл мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс атқарған Майра Тұрғанова және информатика пәнінің мұғалімі, мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы Ләззат Серкешбаева, мектеп түлегі, «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалив, тағы да басқа көптеген шәкірттерімізді мақтан етеміз. Ұстаз үшін шәкіртінің өмірден өз орнын тауып, жоғарыдан көрінгенінен артық бақыт болмас.
Сала ардагері ретінде де ауданның білім көрсеткішіне марқайып отыратынымыз тағы бар. Өткен оқу жылында ауданымыздың мектеп оқушылары Ұлттық бірыңғай тест қорытындысы бойынша облыста I орынға ие болды. Қандай жетістік десеңші! Бұл оқушылардың, ұстаздардың, мектеп басшыларының және білім бөлімі қызметкерлерінің қажырлы еңбегі мен маңдай терінің арқасы деп білеміз. Алдағы қазан айында ұстаздар мерекесі тойланады. Ұстаздың орнын төрден сайлаған халқымыз үшін бұл маңызды мереке. Барша сала қызметкерлерін мерекемен құттықтай отырып, биылғы оқу жылын да табысты аяқтауларына тілегімді жеткіземін!
Уахитбек СҰҢҒАТОВ,
ардагер-ұстаз
25 қыркүйек 2024 ж. 160 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 261

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 360

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930