» » Бақыт мекені

Бақыт мекені

Отбасы – біздің мемлекетіміздің негізгі буыны.Тәрбие – отбасынан басталады, болашақ ұрпақтың еліне, Отанына дегенсүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалымен қалыптасады. «Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді» демекші, білім бесігі мектептен, ал тәрбие бесігі отбасынан бастау алады.

Елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын өткізіліп келе жатқаны баршаға мәлім. Байқаудың мақсаты – отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқор болуын дәріптеу және кеңінен насихаттау.

Жақында Төретам кентінде кітапхана меңгерушісі Айгүл Жеңісқызының ұйымдастыруымен «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық байқауының облыстық кезеңіндегі «Ынтымақты отбасы» номинациясының жеңімпаздары Әбдіқалиевтер отбасының қатысуымен «Мықты отбасы – мықты мемлекет кепілі» атты кездесу кеші өтті. Оған Байқоңыр қалалық «Отбасын қолдау» орталығының маманы Берік Өтепбекұлы, ақсақалдар алқасының мүшесі Шакибек Сүйімбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қоғамдық келісім» Байқоңыр қаласы бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшы маманы Ақерке Құттыбайқызы, Төретам кенті әйелдер кеңесінің төрайымы Ахметкүл Аралбаева және көпбалалы аналар қатысты.

Өнегелі отбасы – бұл, тәлім-тәрбиесі қалыптасқан қағидасы бар, береке-бірлігімен, асыл қасиеттері арқылы өзгеге өнеге болар шағын мемлекет. Отан отбасынан басталатынын ескерсек, алдымен Отанды құрайтын отбасы мықты болуы шарт.
Халыққа ағалық ақылымен, пайым-парасатымен сыйлы болған өнегелі әулеттің киесі теміржол саласының құрметті ардагері, ауылшаруашылығы саласында да өз еңбегін сарп еткен, әулеттің киесі Самалбек Әбдіқалиев пен өнегелі әулеттің иесі, жары Рауа Садықова анамызбен бірге отау құрғандарына 55 жылдан асқан шаңырақта бүгінде 7 бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. 30 немере, 25 шөбере сүйіп отырған берекелі отбасы.

Төретам кентіндегі Әбдіқалиевтер әулеті сәні мен салтанаты жарасқан, өнегесі ұйысқан берекелі шаңырақ. Әулеттің берік қазығы Самалбек ақсақал мен Рауа апамыз бүгінде елге сыйлы ғұмыр кешіп отырған жандар. Өмірден көрген-түйгенін 7 баласы мен немере-шөберелеріне үйретіп, ұрпағына ұлағат етуде.

Самалбек аға 1949 жылы Ақжар ауылында туып-өскен. 10 жыл бір партада отырып білім алған сыныптасы Рауа анамызбен мектеп бітірген жылы отау құрады. Ақжар кеңшарында ауылшаруашылығының дамуына өз үлесін қосып, тракторшы болып 17 жыл қызмет жасады.
Отбасын қамтамасыз ету мақсатында 1986 жылы Төретамға қоныс аударып, осы жылдан бастап әскери теміржолда теміржолшы болып зейнет жасына дейін еңбек еткен. Жас кезінде домбыра тартып, жыр айтып, ауыл мәдениетінің дамуына үлесін қосып, жеке концерттер мен мерекелік іс-шараларға белсене араласқан. Рауа анамыз Ақжар ауылында халықтың игілігі үшін еңбек етіп, тігін цехында 11 жыл жұмыс істесе, көшіп келген соң 17 жыл ол да әскери теміржолда  зейнет жасына дейін еңбек еткен. Он саусағынан өнер тамған іскер анамыз әлі күнге дейін сүйікті ісін дөңгелетіп, жалғастыруда.

Кездесу барысында өнегелі отбасының қазыналары Самалбек аға мен Рауа анамызға өнегелі өмір жолдарына байланысты сұрақтар қойылды. Кеш қонақтары «Отбасым – бақыт мекенім» атты кітап көрмесімен танысып,  Төретам клуб үйінің әнші-жыршыларының ән шашуымен сусындады.

Қымбат БЕРДЕШ,
Төретам кенті
10 қыркүйек 2024 ж. 132 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 273

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930