Білім саласының өзекті мәселелері талқыланды
Аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлының қатысуымен «Әділетті Қазақстан. Озық ойлы ұлт. Адал азамат» тақырыбында білім беру қызметкерлерінің жаңа оқу жылы қарсаңындағы кеңейтілген мәжіліс өтті.
Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары педагогтарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Мемлекет басшысының бастамасы аясында білім саласына ерекше көңіл бөлінуде. Заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2025 жылы Жосалы кентінде және ІІІ Интернационал ауылында мектеп ғимараттарының құрылысы басталады. №284 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты спорт залының құрылысы жүргізілуде. «Білімді қолдау Ұлттық қоры» арқылы Тұрмағамбет ауылындағы №29 орта мектептің 250 орынға арналған құрылысы үшін бюджеттік өтінім жолданып, 2025 жылдың есебіне жаңадан салынатын құрылыстар тізіміне енгізілген. Жағымды тұстардың қатарында өткен оқу жылының нәтижесі бойынша ауданымыз 85.9% пайызбен ҰБТ-ден облыста бірінші орынды иеленді. Әрине ол Сіздердің бірлескен жұмыстарыңыз нәтижесі. Жаңа оқу жылын құттықтай келе, алдағы оқу жылында да жетістік тұғырынан көрінулеріңізге тілекшімін., – деді С. Смағұлов.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылының қарсаңында білім беру ұйымдарының дайындықтарын, оның ішінде мектептегі жаңа бағдарламалар, қауіпсіздік жүйелерінің жабдықталуы, тамақтанудың дұрыс ұйымдастырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық профилактикасын жүйелі түрде жүргізу туралы жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Одан кейін кеңесте білім саласының өзекті мәселелері қаралып, үздік ұстаздар марапат мінберінен көрінді.